10 жел, 2024 сағат 17:53

Өзбекстандағы қазақтар: "Әр қандас өз күшімен елге барып, еңбек еткісі келеді"


Фото: qandastar.kz алынды

Өзбекстан аумағында қазақтардың қоныстану тарихы ежелгі дәуірлерден бастау алады. Орта Азияның кең даласында қазақтар мен өзбектер ғасырлар бойы көрші тұрып, мәдени, экономикалық әрі рухани қарым-қатынаста болған. Сондықтан да Өзбекстан аумағында қандастарымыздың өмір сүруі – заңдылық.

ULT.KZ тілшісі Өзбекстандағы қандастардың тыныс-тіршілігімен танысып, олардың мәдени өмірі мен тарихи отаны туралы пікірін білді.

"Келін болып, салт-дәстүрді сақтаймыз"

Бүгінгі кейіпкерлеріміз Өзбекстандағы қазақтардың мәдени өмірінде маңызды орын алатын жандар. Олардың өмір салты мен ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптарын сақтауы көпшілікке қызық. Азиза Анарбекова Өзбекстандағы әйелдердің, әсіресе қазақ келіндерінің қоғамдағы орны жайында әңгімелеп берді. Оның айтуынша, қыз-келіншектерге деген құрмет қандас бауырлар арасында ерекше.

«Біздің қазақи қалпымыздың бұзылмай, осы күнге дейін салт-дәстүрлерді сақтауымыз – ата-енеміз бен әке-шешеміздің арқасы. Сол үшін үлкендерді құрметтеуіміз, қадірлеуіміз керек. Өзбекстанда тұратын қазақтар арасында қыздардың тәрбиесі, келіндердің өзін қалай ұстауы бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрыптарға байланысты. Сырт көзге бұл тәртіп қатал көрінуі мүмкін. Бірақ дәстүрлер мен қағидаларды ұстану – біздің міндетіміз», – дейді ол.

Азиза таңғы 6-да тұрып, аула сыпырып, сиыр сауып, ата-енесіне таңғы ас дайындайды. Одан кейін бала тәрбиесі, үй шаруасы мен үлкендерді күту жұмысына кіріседі. Ол мұндай тіршілікті көптеген қандастардың ұстанатынын және еш қиындық көрмейтінін айтады. Сондай-ақ, келіндердің үлкендерге сәлем салу дәстүрін сақтайтынын жеткізді.

«Үлкендерге сәлем беру – оларды құрметтейтініміздің белгісі. Сәлем салмаған келін ата-енесі мен еріне сөз келтіреді. Ерінің ұзақ, бақытты өмір сүруін қалаған келін сәлем салуға міндетті. Бізге бұл дәстүрді бала күнімізден аналарымыз үйретсе, келін болып түскенде енеміз жалғастыруға баулиды», – деді Азиза.

Азиза тарихи отанына көшу арманы жайында да сөз қозғады.

«Біз Қазақстанға көшуді армандаймыз. Бірақ интернеттен түрлі видеоларды көрген соң ойланып қаламыз. Мұнда қазақтарға құрметпен қарайды. Ал Қазақстанда келіндер еркінірек өмір сүреді деп естиміз. Барлық өңірді білмеймін, бірақ қаланың келіндері орамалсыз, ашық киінгені, оғаш көрінеді екен», – дейді ол.


Фотода: Нариман Нұрмахамбетұлы мен Азиза Анарбекова (жұбайлардың жеке мұрағатынан)

"Өзбектерден еңбекқорлықты үйрендік"

Өзбек халқының еңбекқорлығы мен қиындыққа төзімділігі тарихтан белгілі. Қандастар да өзбектермен бірге жүріп, олардың еңбекқорлығын бойларына сіңірген. Азиза Анарбекованың күйеуі Нариман Нұрмахамбетұлы бұл жайында ойымен бөлісті.

«Біз ауыл шаруашылығымен айналысамыз. Егін егеміз, мал бағамыз, бақша өсіреміз. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан тіршілігіміз – осы. Ата-бабамыз осы саланы кәсіп еткен, біз де жалғастырып келеміз. Қазір желтоқсан айы, осы кезде шалғам егуді бастаймыз. Бізде жер жылдың он айында бос тұрмайды. Ташкент облысындағы қандастардың 70-80 пайызы осы кәсіппен айналысады», – дейді Нариман.

Нариман шаштараз кәсібін де меңгерген. Ол бұл істі әуелі әкесінен үйреніп, кейін қаладағы шеберлерден білім алған. Таңғы 5-тен бастап егінмен айналысып, күндіз шаштараз жұмысын атқарады.

«Шаштараз болып, көп адаммен сөйлесемін, білмегенімді үйренемін. Өзбекстандағы ұстазым еңбекқорлықтың не екенін үйретті. Ол қазақтарға ерекше құрметпен қарайтын», – дейді Нариман.


Нариман тарихи отанына көшу туралы ойын да айтты. Ол бір кездері Қазақстанға барып, Астанада шаштараз болып жұмыс істегенін, бірақ кейбір қиындықтардан кейін қайтадан Өзбекстанға оралғанын жеткізді.

«Астананың суығы мені әбден әлсіретті. Ауырып қалғанда, шетел азаматы ретінде ем алуда қиындық көрдім. Дегенмен ең ауыр тигені – кей адамдардың сөзі. Бір клиентім: “Сендердің ата-бабаларың ашаршылық кезінде көшіп, қашып кеткен” деді. Бұл сөз жаныма қатты батты. Біз ата-бабамыздың тарихи жеріндеміз, ешқайда қашқан жоқпыз. Бұған дәлел бар. Біздің руымыз туралы “Қырық садақ” деген тарихи кітап шыққан. Сол жерде Ташкент қазақтары туралы, олардың қоныстануы туралы толық жазылған», – дейді Нариман.



Фотода: Нариман Нұрмахамбетұлы Астанада шаштараз болып істеп жүрген кезінен (Н. Нұрмахамбетұлының жеке мұрағатынан)

"Бізге тек құжат рәсімдеу жағын жеңілдетсе"

Соған қарамастан, Нариман болашақта Қазақстанға қоныс аударуды жоспарлап отырғанын, қазір баспанаға ақша жинап жүргенін айтты.

«Қазір Қазақстанда қандастарға қаржылай қолдау көп деген көзқарас қалыптасқан. Бұл кейбір азаматтардың қызғанышын тудырады. Қазір қандастарға қыруыр қаржы жұмсалмайды. Олар айқындалған, жұмыс тапшы өңірлерге көшсе ғана қолдау бар. Бірақ шын мәнінде, әр қандас өз күшімен елге барып, еңбек еткісі келеді. Бізге тек құжат рәсімдеу жағын жеңілдетсе, жақсы болар еді», – дейді ол.

Бүгінгі таңда Өзбекстанда шамамен 1 миллионнан астам қазақ тұрады. Бұл өзбек жеріндегі ең ірі этникалық азшылықтың бірі саналады. Қазақтар негізінен Ташкент, Науаи, Бұхара, Сырдария және Қарақалпақстан аймақтарында шоғырланған.

"Жастардың көпшілігі Қазақстанға барса, енді біреулері Еуропаға да бет алуда"

Рустем Төленов — “Нұрлы жол” газеті мен “Дидар” телебағдарламасының жүргізушісі, журналист. Оның айтуынша, қазіргі таңда қазақ ұлтының мәдени және рухани өміріне байланысты барлық жағдай жасалған. Өзбекстан қазақтары ұлттық мәдениеті мен тілін сақтауға ерекше тырысады.


фотода: Рустем Төленов Өзбекстан телеарнасының тілшісімен наурыз көже ішіп тұр (Р. Төленовтың жеке мұрағатынан)

“Өзбекстанда қазақ мектептері, мәдени орталықтар мен театрлар жұмыс істейді. Ташкент пен Қарақалпақстанда қазақ тілінде оқытатын мектептер саны салыстырмалы түрде көп. Сонымен қатар, қазақ диаспорасы Наурыз мейрамы, ұлттық ойындар мен домбырамен ән айту сияқты дәстүрлерді жалғастырып келеді”, — деді Рустем Төленов.

Оның айтуынша, мемлекеттік саясат тұрғысынан Өзбекстандағы қазақтардың этникалық және мәдени ерекшеліктеріне қолдау көрсетіліп отыр. Қазақ тіліне арналған басылымдар жарық көріп, қазақ мәдениетіне қатысты түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, жастар үшін де бірқатар мүмкіндіктер жасалған.

фотода: Рустем Төленов Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұловпен бірге (Р. Төленовтың жеке мұрағатынан)

“Қазіргі таңда жастарға, әсіресе қазақ жастарына түрлі мүмкіндіктер бар. Жоғары оқу орындарында қазақ кафедралары жұмыс істеп тұр. Мәдени іс-шаралар жиі өткізіледі. Үкімет тарапынан қазақ диаспорасына қолдау көп. Мұны екі ел арасындағы терең достықтың белгісі деп білеміз. Дегенмен қазіргі таңда ел жастары шетел асып, жұмыс бабымен кетіп жатыр. Олардың көпшілігі Қазақстанға барса, енді біреулері Еуропаға да бет алуда”, — дейді Рустем Төленов.


Оның айтуынша, Өзбекстаннан тарихи отанына көшуді қалайтындар көп болғанымен, үрей мен қорқыныш сезімі де бар.

“Тарихи отанға көшкісі келетіндер алдымен жұмыс мәселесі, қаржылық қиындықтар, тұрғын үй тапшылығы мен құжат рәсімдеуден қорқады. Оларға заң жүзінде көмек көрсететін органдар болғанымен, жол сілтейтін мекемелерде білікті мамандар қажет сияқты. Өйткені көшіп кеткендердің көбісі осы мәселеде қиналғандарын айтып жатады”, — деді ол.




Фотода: Өзбекстандағы қазақтар (Р. Төленовтың жеке мұрағатынан)

Экономикалық және әлеуметтік жағдай

Өзбекстандағы қазақтардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Көпшілігі ауыл шаруашылығымен, сауда-саттықпен, өндіріс және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Дегенмен, әлеуметтік-экономикалық қиындықтар да жоқ емес. Жергілікті қазақ жастарының білім алудағы кедергілері мен жұмыссыздық мәселелері өзекті болып отыр.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық қарым-қатынас Өзбекстан қазақтары үшін ерекше маңызға ие. Қазақ диаспорасы ұлттық мәдениетін сақтай отырып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлес қосуда. Өзбекстандағы қазақтар ұлттық болмысын сақтай отырып, тарихи отаны Қазақстанмен мәдени және рухани байланыстарды нығайту жолында еңбек етіп келеді. Бұл екі ел арасындағы достық пен бауырластықтың жарқын көрінісі.


Бекболат МҰХТАР