Фото:oninfo.kz алынды
Биыл елімізде 40 мың жаңа отбасы құрылған. Ең көп некеге отырғандар Алматы, Астана және Шымкент қалаларында тіркелген. Қоғамда отбасы институты жұмыс істегеніне қарамастан, ажырасу және некесіз бала туу көрсеткіші азаймай тұр. Мысалы жыл басынан бері 9 мың отбасы ажырасқан. 2024 жылғы мәліметке сай, еліміз 105 елдің ішінде ажырасу бойынша Мальдив аралдарынан кейінгі 2-орынға шықты. Ажырасудың негізгі себептері туыстарының араласуы, моральдық шектеулердің жоқтығы, ажырасу процесінің жеңіл болуы. Ерлер мен әйелдердің гендерлік рөлдерге деген көзқарастарының өзгеруі де маңызды фактор болып табылады.
Халық санының өсуіне туу көрсеткіші әсер етеді. Қазақ халқы үшін отбасын құру және ұрпақ жалғастырудың мәні зор. Отбасы әр азамат үшін бірінші құндылыққа айналуы керек. Психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағановтың айтуынша, саясат тек теориямен шектелмейді. Ең алдымен білікті әлеуметтанушыларды даярлаудан бастау керек. Олар елдегі ажырасу себептерін анықтап, оның салдарымен күресуі керек. Сондай-ақ отбасын құрған, 50 жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп келе жатқан ата-әжелерімізден үлгі алу керек. Отбасы ұғымын баланың бойына бесіктен дәріптеу керек.
Бұл пікірмен баспагер Шыңғыс Мұқанов та келіседі. Айтуынша мектеп баланы өмір сүруге үйрету керек.
«Мектепте өмір сүруді үйретпейді. Тек білім берумен шектеледі. Білім белгілі бір маман иесі болуға жол ашады, ал күнделікті өмірде ол пайда әкелмейді. Мысалы отбасын құруды үйретеді ме? Жоқ. Ал отбасы болу өмірдегі ең маңызды жұмыстардың бірі. Бізде отбасы құндылықтарды насихаттайтын ақпарат жоқ. Басымызды тауға да, тасқа да соғып жүріп үйренеміз. Ал кейбіреулері тіпті үйрене алмай, соңында ажырасып жатыр», - дейді ол.
Гендерлік теңдік пен өзара құрмет балалар үшін де маңызды. Балалар ата-аналарының арасындағы теңдікті көріп өссе, болашақта өз отбасында сондай үлгі қалыптастыруға тырысады. Олар отбасындағы әділеттілік пен жауапкершіліктің тең бөлінуін қабылдайды, бұл болашақта олардың да гендерлік қатынастарды дұрыс түсінуіне әсер етеді.
Сондықтан өскелең ұрпақтың сапасына көңіл бөлу мемлекеттің міндеті. Бұл туралы Президент былтырғы және биылғы Жолдауларында бірнеше рет айтты. Себебі демография - ұлт тағдыры. Ал адам капиталын дамыту елдің тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуының басты шарты ретінде қарастырылады.
Осы ретте балалардың құқықтарын қорғау мемлекет деңгейінде ерекше назарға алынып, бұл бағытта кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі заңнамасы БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясына негізделген. Қазақстан 1994 жылы осы Конвенцияны ратификациялап, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі міндеттемелерді қабылдады. “Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы” Заң балалардың өмір сүруге, денсаулықты сақтауға, білім алуға, жеке пікір білдіруге және отбасылық қамқорлыққа құқығын реттейді.
Мысалы елімізде балаларға сапалы білім беру және медициналық қызмет көрсету саласы қарқынды дамып келеді. Мектеп жасындағы балалардың барлығына бірдей тегін білім беріледі. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету шаралары жүзеге асырылуда. Бұл шаралар жәрдемақылар төлеу, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі, білім беру және медициналық қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау жүйесі жетілдірілуде. Жетім балаларға арналған балалар үйлері мен патронаттық тәрбие беру жүйесі бар. Сонымен қатар, балаларды асырап алу, қамқоршылыққа алу және патронаттық тәрбиені дамытуға бағытталған бағдарламалар іске асырылуда.
Президенттің тапсырмасымен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды. Жоба аясында ұлттық қор табысының 50 пайызы жыл сайын балалардың есепшотына түсіп отырады. Ал «Келешек» бірыңғай жинақтаушы жүйесі ата-аналарға ерікті түрде балаларының болашағына ақша жинауға мүмкіндік береді. Бұл қолдау тетіктері өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жасалған маңызды қадам.
Елімізде сондай-ақ бала құқықтары ерекше қорғалуда. Осы мақсатта арнайы бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты енгізілді. Мекеменің негізгі қызметі балалардың құқықтарын қорғау, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға көмек көрсету, білім алу, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғаныс құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.
2023 жылы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қолдауымен 1000-нан астам бала әртүрлі заңсыздықтардан қорғалды. 50-ден астам баланың құқықтары қалпына келтірілді, олардың ішінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған, заңсыз еңбекке тартылған балалар да бар. 100-ге жуық бала білім алуға немесе әлеуметтік көмекке қол жеткізу мүмкіндігін алды. Интернет қауіпсіздігіне қатысты науқандар барысында мыңдаған ата-ана мен балаға ақпараттық кеңес берілді.
Қазақстанның демографиялық саясаты халық санының табиғи өсуін ынталандыруға бағытталған. Мысалы осы жылдың қаңтар-маусым айының көрсеткіші бойынша, елімізде 155 мың бала дүниеге келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Демек, елдің әлеуметтік және экономикалық статусы артқан сайын, бала туу көрсеткіші де өседі деген сөз.
Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер қоғамның маңызды бөлігі екенін әрдайым еске салып отырады. Президенттің айтуынша, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, олардың мүмкіндіктерін арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сол себепті еліміз өзіне жүктеген міндетті үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің білім алуы мен экономикалық белсенділігін арттыру, әйелдердің саясат пен шешім қабылдау процестеріне араласуын қамтамасыз ету, балалардың құқықтарын қорғау және олардың кемел болашағына жағдай жасау еліміздің ұстанған саясатының маңызды бөлігі болып қала береді.