«Көп айқас болған екен Шалкөдеде,
Естиміз ел аузынан, шежіреден.
Талай ер ат үстінде ел күзетіп,
Ұйықтамай ет жүрегі елжіреген».
Шарғын ақын
Тәуелсіз Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағы «Жетісу» деп аталады. Осы өлкедегі атақты жайлаулардың бірі – Шалкөде. Қазіргі әкімшілік бөлінісі бойынша Райымбек ауданына қарайды. Тарихи мәліметтерде аталған жерге және оған іргелес жатқан аймақтарға қатысты болған тарихи оқиғаларға тоқтап көрейік. Алдымен Шалкөде жайлауы туралы деректердің көнесі болып Тілеуқабыл Өтейбойдақтың «Шипагерлік баян» атты еңбегінде кездеседі. Соған қарағанда, «шалкөде» сөзінің шығу тарихы әріден бастау алады дегенді білдіреді.
Ж.Айдарханұлының «Албандар» атты еңбегінде: «Бұрынғы заманда жүйрік, жақсы жылқылардың шалдауыр, шалқұйрық аталғаны сияқты осы «шал» мен «көде» сөзі қосылып, Шалкөде атанды дегенді алға тартады. Шалкөде сөзінің шығу тарихына байланысты неше түрлі пікір бар. Қорытындылай келгенде, Шалкөде дегеніміз – оның табиғи көрінісіне қарап, суы мол, шалғынды, көделі жер деген мағынада айтылса керек» (Албандар. Ан-Арыс баспасы. 139-бет). Осы айтылған дерекке қосымша тағы бір мәлімет: осы ауданның тумасы Р.Әріповтің «Туған елмен тағдырлас тағдырым» атты кітабында былай делінген: «Жылқыларды заготимпорт арқылы дайындап, Шалкөдеге бағуға әкелетін. 1943 жылдан бастап 3500-дей жылқы әкелінген. Жылқыларды Қытай, Моңғолия сияқты мемлекеттерден айдап әкеліп, соғысқа ат дайындау мақсатында келген екен, оны бағуға, 1942 жылдың қыс айлары болу керек, біздің үйге солдатқа алынған алты қарақалпақ солдаты келіп жатты» (аталған еңбектің 30-беті). Бұл – айтылған оқиғалар шындық. ҚХР Текес ауданына қарасты Шиліөзек қыстағының тұрғыны Бақай болыстың баласы Дәуіт қария соғыс жылдары сол жақтан Сүмбе арқылы Совет еліне жылқы өткізіп тұрғанын, еңбегін бағалап, арнайы құжаты бар бір айғырды сыйға да бергендігін, оны кейін конфискация жасағанда қытайлар алып, толық өтемін де бермегенін Дәуіт қарияның 85 жастағы жұбайы Нұрғайша Иманбекова мен балалары әлі күнге айтып отыр. Қазір Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылында тұрады. Осы айтылған дереккөздерден шығатын қорытынды: Шалкөде жайлауы – ықылым заманнан бері төрт түлік малмен біте қайнасқан қазақ деген халықтың құтты қоныстарының бірі.
Моғолстан мемлекетінің алғашқы ханы Тоғылық-Темір өлген соң, Мауреннахр екеуінің арасындағы текетірес, Темірдің 1371 жылдан басталған жойқын жорықтары Моғолстанның барлық аймақтарына, Жетісудан асып, Дешті Қыпшақтың көптеген бөлігіне үлкен қиындықтар әкелгені тарихтан белгілі. Темір өзінің үстемдігін мойындату жолындағы шайқастардың бірінде «Аттың тауы» («Тарихи-и-Рашидиде» «Аттың басы» деп көрсетілген, Қырғыз жеріндегі емес) деген жерді мекендеп отырған керей тайпасын ойрандағанын және Камарадиннің қолын талқандағаны жөнінде баяндалады. Аталған жер Шалкөде жайлауынан қашық емес, осы екі аралықта бірнеше тарихи орын бар. Реттік жүйемен Шалкөде жайлауынан оңтүстік-шығысқа қарай жылжиық: алдымен Шартасқа кездесеміз. Бұл жерде ертеде салынған будда дінінің храмы бертінге дейін болған. Демек, елді мекен болғанынан хабар беріп тұр. Оған іргелес ежелгі Үйсін елінің негізін қалаушылардың бірі Елжау күнби мен Сижу ханымға арналған ескерткіштер тұрғызылған (шекара түбіндегі Мұңғылкүре ауданында), одан батысқа қарай бет алсақ, Шаты (Нарынқол елді мекеніне тиіп тұр) деген жер атауына кездесеміз. Соңғы уақыттарда қытай тарихшылары аталған жер «Үйсін мемлекетінің орталығы болған» деген пікірді алға тартады. Осы аралықта Шаты мен Шартастың арасындағы Қызыл аңғар, Өртекесте тағы да бір қала болуы әбден мүмкін. Егер археологтар нәтижелі жұмыстар жүргізетін болса, онда ежелгі Үйсін елінің астанасы Шығу осы маңға саяды. Өйткені Ш.Уәлиханов та өзінің дүдәмал болжамын Ыстықкөл сапарында шамамен осы аймаққа бағыттаған. Қазіргі қытай тарихшылары да осы маңнан аспай отыр. Демек, аталған аймақтың Қазақстан жағын зерттеуіміз керек.
ШАЛКӨДЕДЕ ШОҚАННЫҢ ІЗІ БАР
Енді Шалкөде жайлауынан қайталап солтүстік-шығысқа қарай жылжиық. Алдымен Үйсін тауының Айғайтас атты қарауыл шоқысының етегіндегі әлі күнге дейін өзінің құпиясын бұғып жатқан алты жердегі үлкенді-кішілі қорымдар, (ерте темір ғасырына жатады) қатар төбелер 500-ден астам, одан әрі тау үстіндегі «Әлембайлаған» атты тарихи қорым бар. Осы аталған «Айғайтас» пен «Әлембайлаған» арасында «Аршалысай» атты жер-су атауы бар. Оны қозғаған себебіміз – М.Х.Дулати «Зафарнамедағы» дерекке сүйене отырып, 1375 жылы Темір тағы бір шайқасты бастамақ болып келе жатқанда Камарадин әскерін Көктөбе деген жерге жайғастырып, кейін үш өзен ағып шығатын шатқалға келіп, соның үшінші сайына әскерлерін жасырып, Темірді күткендігі, ол жердің Аршалысай деп аталатыны баяндалады. Соғыс басталмай жатып Камарадиннің әскері шегініп, ары қарай Іле өзенін жағалап төмендеп кеткендігі, Темірдің барып елін тонап қайтқандығы жөнінде дерек келтіреді. Бұдан шығатын қорытынды: Камарадин Іле бойымен төмен кетсе, Темір Алмалыққа қарай бет алған. Одан Шалкөде жайлауына қарай бет алып, Аршалысайда болғаны мәлім. Іле өзеніне қарай бағытын бұрғаны қазіргі Кербұлақ, Көксу, Ұйғыр, Жаркент аудандары және Қорғас пен Құлжа аймақтары екені белгілі болып тұр.Тағы бір тарихи орын – Үйсіннің аспан қорасы да осында. Міне, осы аталған жер-су атауларының ортасында Шалкөде жайлауы жатыр.
Ескеретін бір дерек, «үйсін» сөзінің бірнеше рет қайталануы және аталған мемлекетті құрушы тайпалар мұрагерлерінің күні бүгінге дейін осы аймақта тұрып жатуы заманында құрылған орданың түп қазығы осында дегенді білдіріп тұр. Аталған жер-су атауларының бәрі Хан Тәңірі шыңының айналасында.
Жоңғар қалмақтарынан атақонысты азат еткен кезінде Райымбек батыр бастаған қазақ жауынгерлері осы өлкені басып өтіп, Шартас, Сүмбе елді мекенінің шығысындағы Аттың тауының батыс жағындағы аумаққа шекаралық тас белгі қойған екен. Кейін 1882 жылы Ресей мен Қытай империялары шекараны бөлген кезде ол тасты қазіргі мемлекеттік шекараның аумағына әкеліп тастаған. Ал қалмақтарды бұл аймақтардан ығыстырып шығарған соң, аралықтағы жер 40-50 жылдай бос жатқан. Ол кездегі халық қазіргідей тығыз қоныстанбаған. Қазақтар жағы батыстан шығысқа қарай жылжи-жылжи, елді қоныстандыру науқаны басталғанда қырғыздар пысықтық жасап қоныстанып үлгерген. Бұған қазақтар жағы наразы болған. Өйткені жау қолынан азат еткен – қазақ қосындары. Одан соң бұл жерден қырғыздарды да шығарып, кейін ғана Шалкөде жайлауына қоныстанған. Кейінгі қоныстанудың басы 1768 жылдан бастау алады. Көрші қырғыздармен болған соғыстарды Мұсылманбай, Итбала, Саурық, Бөден батырлар бастаған.
Ш.Уәлиханов Құлжа қаласына барған сапары кезінде Шалкөде жайлауына арнайы ат басын бұрған. Сондағы асу әлі күнге дейін «Шоқан асқан» деп аталады. Осы жерде ескеретін бір жағдай: әйгілі ғалым барған жерлерінде көрген-білгенін хатқа түсіріп отырған. Бірақ Шоқанның еңбектерінде бұл өлкеде болған оқиғалар күңгірттеу (жоғалған не болмаса ...жоғалтқан), демек, әлі бізге белгісіз, не болмаса Шоқанның еңбегін зерттеушілердің ағаттығы деп түсінуіміз керек.
Арғы тарихтан бізге белгілі оқиғалардың ең ірісі – 1863 жылы 22 шілдеде дәл осы Шалкөде жайлауындағы Айғайтастың етегінде өткен шайқас. Ресей мен Қытай империяларының көздеген мақсаты Орталық Азияға өз билігін жүргізу және түбі бір түркі халықтарын тарих сахнасынан жою болды. Орыс деректеріне сүйенсек, Тун Жи Чи бастаған қытай өкіметі сол кездегі орыс елшісі Глинкаға өтініш білдіріп, Таулы Алтай, Бахты және шекарадағы біраз қарауылдарын алып кетуін сұрайды. Тіпті болмаса, Шәуешекте қайтадан келіссөз жүргізуге дайын екендерін айтады. Бұған жауап ретінде орыстың елшісі Батыс Сібір генерал-губернаторы Дюгамель тапсырмасы бойынша жұмыс істегенін және де Пекин шарты бойынша ешқандай шекара бұзушылықтың жоқ екендігін алға тартады. Бұған разы болмаған қытайлар Тарбағатайда тұрған хебей-амбан арқылы қазақтарды айдап салып, орыстарды шекарадан аластатпақ болады. Қазақ сұлтандары орыстармен қарым-қатынасын бұзғысы келмейді. Өйткені бұл кезеңде орыстар қазақ жерін отарлау саясатын аяқтауға жақындап қалған. Осы уақытта Жетісуда мамыр-маусым айларында орыс пен қытай арасындағы шиеленістің шыңырау шегіне жеткені соншалық – 31 мамыр күні Бураходзирде қақтығыс болады. Орыстардың куәландыруынша, кінәлі қытайлар болып шығады. Семейдегі отрядтың басшысы Пановтың Дюгамельге хабарлауынша, капитан Голубев отрядымен құрамында жер бедерін өлшейтін (геодезист) мамандары бар, Айдарлы-Құм аумағында екі жақтың арасында қақтығыс болады. Оқиға бірте-бірте асқынғаны сонша – бұған албан, суан тайпасының төресі Тезек Нұралиевтің де адамдары қатысады. 1863 жылы 8 шілдеде орыстың Құлжадағы елшісі В.Колотовкин Батыс Сібір генерал-губернаторы Дюгамельге жазған хатында қытайлардың көрсетіп жатқан қысымдарын айтып, «арымызды аяққа басты, керек десеңіз, тамаққа дейін сатпай қойды» дейді. Ақыры сол жердегі қазақтардың көмегімен қазынадағы қорды, құжаттарды және мөрді алып, 21 шілдеде Колотовкин сенімді серіктерімен бері қарай қашады, арттарынан қуғыншылар түседі. Іле өзенінен өтіп, Көксуға жетуіне тек қараңғы түн мен қатты соққан дауыл ғана себепкер болады. Ертесіне орыстар Бураходзир өзенінің арғы бетіндегі қытайдың шекаралық постыларына оқ жаудырады. Қосымша күшке Семейде тұрған Лерхе отряды да келеді. Екі жақ жылжып отырып Шалкөдеге жетеді. Екі империя арасындағы шиеленіс ең жоғарғы шегіне жеткені сонша – бұл қырғын бір айға созылады.
ІЛЕ СҰЛТАНЫНЫҢ САТҚЫНДЫҒЫ
Әрине, орыстардың басты мақсаты Орталық Азияда өз үстемдігін қайткен күнде де нық орнату, ал қытайлар болса жоңғарларды жойғаннан кейін қазақ даласын «өз меншігіміз» деп есептеп жүргенін алға тартумен болады. 1871 жылға дейін екі ел арасындағы саяси текетірес сәл де болса бір деңгейде тұрғанымен, осы жылдың көктеміне қарай қайта ушығады. Бұған түрткі болған Верный уезіндегі албан тайпасының беделді басшыларының бірі Тазабек Пұсырманов еді. (Қарқара көтерілісі көсемдерінің бірі – Әубәкірдің атасы). Тазабек орыс армиясының шенді офицері (пропорщик) болған, басында орыстарға адалдығымен қызмет еткенімен, артынан орыс отаршылдарының зұлымдығын байқап, Колпаковскийден бөлініп, өзінің жақын ағайын-туыстарын ертіп, сәуір айының 19-ында Қытайды бетке алады. Барған жері – Шалкөде жайлауының төріндегі Айғайтастың солтүстік жағындағы Кетмен асуы. Кейбір зерттеушілер Нарынқолдың шығыс жағындағы Шаты асуында болған дейді, оған келмейді, өйткені ол кезде бұл аймақты Тянь-Шань отряды күзетіп тұрған. Ал Шалкөдеде мұндай тірек пункті болған емес (тек 1932 жылдардан кейін 3-4 жерде болды), Тазабек пен Саурық (Саурық – Қарқара көтерілісінің көсемі Ұзақтың әкесі) осы маршрутты дұрыс пайдалана білген. Қазіргі жазылып жүрген тарихи құжаттарда «1000 жанұяны ертіп кетті» деп көрсетілген. Бірақ бұл артықтау көрсеткіш болуы мүмкін, әлі де болса терең зерттеуді талап ететін тарихтың күңгірттеу тұстары.
Тазабек өзінің сенімді адамдары арқылы Іле сұлтанымен бірігіп, орыс және қытай отаршылдарымен айқасу үшін Құлжадан келетін Алеханның әскері мен Шалкөде төріндегі Айғайтас пен Кетменге асатын асуды таңдаған. Колпаковский Тазабектің артынан Герасимовтың отрядын жібереді. Бұл уақыттарда Тазабек пен Алехан Құлжа қаласында қалай соғысу керектігі жайында келіссөз жүргізіп жатқан-ды. Бұл жағдайдан хабар алған Колпаковский Алеханнан бір аптаның ішінде Тазабекті қайтаруын талап етеді. Бірақ жауап болмайды. Колпаковский қаһарына мінеді.
Бұл уақытта Түркістан генерал-губернаторы Кауфман болатын. Шалкөдедегі жағдайдан хабардар губернатор экспедициялық зерттеулер жүргізіп барып, күзге қарай қолға алуды ұйғарады. Бұл шешіммен келіспеген Колпаковский соғысты кешіктірмеу керек екенін дәлелдеп бағады. Тазабектің Іле сұлтаны Алеханмен, одан әрі Якуббекпен біріксе, Орталық Азияны отарлау саясаты ұзаққа созылуы мүмкін, басқа бағытта өрбуі де ғажап емес. Ол дегеніңіз – Іле аймағындағы діні бір түркілердің қайта бірігуі дегенді білдіреді. Осының бәрін саралап, ой елегінен өткізген әккі генерал Колпаковский шұғыл шешімді өзі-ақ қабылдайды. Қолбасшыларының бірі Балицкийдің ротасын мұздай қаруландырып, Іле сұлтандығының аумағына кіргізеді. Ондағы мақсаты – қарсылас жақтың күш-қуатын байқап шығу. Кіргеннен бастап жол-жөнекей қарсыласқандарына оқ жаудырып қырып-жойып, Қорғасқа жетіп, одан әрі Ақкентке, одан Бураходзирге келеді. Сұлтандықтың негізгі күші Қорғастың аумағында болғанын білген соң, хабар алған Колпаковский соғыс тактикасын қайта өзгертіп, негізгі күшті Кетмен асуындағы подполковник Ждан-Пушкиннің, подполковник Елинскийдің отрядына Шонжыда тұрған отрядты қосымша күш ретінде жібереді.
28 мамырда, кейбір деректерде 29-ы күні, таңның атысымен әйгілі Шалкөде асуындағы Кетмен шайқасы басталып та кетеді. 31 мамырда Іле өзенінің оң жағалауындағы тараншылар келіп қосылады. Қазақ-ұйғыры болып шамамен 3000-нан астам адам соңында оқ-дәрі бітіп, қол соғысына көшеді. Екі жақ та шығынға ұшырайды. Орыстардан өлгені – 35 солдат (олар үшін бұл үлкен көрсеткіш). Михайловскийдің отряды шегініп, Дардашы (дұрысы – Дардамбы) өзеніне қарай кетеді. Шалкөдедегі шайқас осылай өрбиді. Елинский аздаған отрядымен асуда қалады. Өйткені Айғайтас арқылы қосымша күш келуіне тосқауыл болуы керек. 5 маусымда Михайловский Іледен өтіп, Бураходзирге келеді. Соғыс ары қарай жалғасады. Елинский отрядының жартысын Мұзарттағы Тянь-Шань отрядына қосымша күш ретінде жібереді де, қалған күшті қайта жасақтап, 6,5 рота жаяу, 8 рота кавалериясын, 10 артиллериялық орудиясын бастап, Колпаковский 16 маусым 1871 жылы Іле өзенінің оң жақ қапталымен жүріп отырып Қорғасқа кіреді. Жолдағы кездескен қарсылықтарды шыбын құрлы көрмеген генерал тоқтамастан алға қарай жүре береді. Сондағы шығыны бір солдат өлген, жараланғаны 12 және капитан В.Каульбарс бар. Іле сұлтаны үлкен күшке төтеп бере алмайтынын біліп соғысты тоқтатуға дайын екендігін, келіссөз жүргізетіндігін жеткізеді. Бұл шартты Колпаковский тыңдамайды. Себебі Алеханның уақытты соза тұрып, Жетішардың басшысы Якуббектен көмек алмақ болғанын біліп қойған. 19 маусым күні генерал жергілікті екі адамы арқылы «Чинчахоцзи мен Сүйдіннің тұрғындары бұдан ары қарсыласпасын» деген бұйрығын жеткізеді. Ақыры Баяндайға жеткенде қарсылық толығымен тоқтайды. Алеханның ең сенімді деген адамдары Колпаковскийдің алдынан шығады. Осы уақытта 19-ынан 20-сына қараған түні мынандай бір жағдай орын алады. Алехан қытай елшісін қамауға алып, артынан елшіліктің екі адамын өлтіреді. Бұған қарсы болған сол жердегі қытайлар дабыл қағады. Ұйғырлар көтерілген қытайларды түгелімен бауыздайды. Оның ішінде қытай елшісі Ван-Тин-Чжан да бар. Сол бір оқиғадан кейін күні бүгінге дейін қытай мен ұйғыр арасындағы сызат жазылмай келеді.
Бұл уақытта Тазабектің сарбаздары дайын тұрады. Бірақ уәделескен уақытта Алеханның әскері соғысқа шықпай қалады. Керісінше, Алехан Тазабекті опасыздықпен қолға түсіріп, Колпаковскийге табыс етеді. 1871 жылы 22 маусымда орыс әскері Құлжа қаласына қарсылықсыз кіреді. Алехан генералдың алдында тізе бүгеді. 27 шілдеде Алеханды Верныйға алып келіп, император Александрдың атынан оның өмірінің соңына дейін пенсия тағайындап, жылына бір рет туған жеріне барып келуіне рұқсат береді. Бұл туралы жазушы Әскер Тойғанбаевтың «Қайран елім» атты үлкен зерттеу еңбегі бар. Бұдан білетініміз – Ресей империясы ғасырлар бойы алдына қойған мақсатына жетіп тынды. Орталық Азияда өзінің отарлаушы гегомон екенін дәлелдеді.
Бірақ жергілікті халық бұдан кейін де қарсылығын тоқтатқан емес, бостандықты армандаған көк түркілердің ұрпағы еліміздің барлық аймағында қарсылық көрсетіп жатты. Батыста И.Тайманов пен М.Өтемісұлы, Жетісудың батысында К.Қасымовтың қарсылық соғысы, Тойшыбек Қасаболатұлы көтерілістері, Шалкөде жайлауындағы қырғындар, одан соң Қарқара жайлауындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс өрбіді. Қазақ жеріндегі осы көтерілістердің көпшілігінің жеңіліспен аяқталуы қазақ халқының ұзақ жылдар бойы бодандық қамытын киюіне себепкер болды.