15 мам, 2020 сағат 11:14

Серік Әбікенұлы. Абай жайлы

Алматы облыстық "Жетісу" газетінде белгілі журналист Серік ӘБІКЕНҰЛЫНЫҢ "Абай жайлы" деген тақырыппен жаңаша көзқарастағы мақаласы басылды. Зерттеу еңбегінде автор Ілияс Жансүгірұлының ізімен Абай мен Айса (Иса пайғамбар), Абай мен Будда, Абай мен Сократ, Абай мен Ксенофонт және Абай мен Толстой үндестіктеріне назар аударып, кесек-кесек ой тастайды. "Ұлт порталы" Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай мақаланың толық нұсқасын оқырман назарына ұсынады. 

Абай жайлы

«Қазақтың бас ақыны Абай пәлсапашы, терең, ғағиқаттың ақыны» Ахмет («Қазақ»), «Абай қазақтан шыққан пилосып» Жүсіпбек («Абай» жорналы), «Абай адам баласының қамқоры, данышпан» (Екеу). Міне, ұлтшылдар Абайды көтергеннің жөні осы деп пәлсапа жолында бір ғылыми еңбегі бар, тыңнан тапқан жүйелі пәлсапа пікірі бар адамдай-ақ терең пәлсапашы адам етіп көрсетті. Осы пікірдің дақпыртымен Абайды сынамайтын көптің көңіліне Абай «пәлсапашыл» деген ұғым орнады. (Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ. 1933 ж. 53-бет.)

Бұл пікірдің иесі – Ілияс Жансүгірұлы. Өзі ұстаз тұтқан ақынның толық жинағын Ілекең ерекше қабылдаған еді. Өйткені, 1922 жылғы кітапта біраз кемшілік кеткенін 1923 жылғы 8 мамырда «Тілші» газетінде басылған «Абай кітабы» мақаласында жазған болатын. Сол жазбасында Халел Досмұхамедұлы шығарған таңдамалы жинақтағы жиырма шақты қатені түзетіп, «Толық жинақтап, жемісті қылып шығаруға тырысу» туралы айтқан еді.

Міне, осы мақсатқа 1933 жылы жетті. Алпыс екі шығарма енген жинаққа 60 беттен аса кіріспе жазған Ілекең «Діншіл Абай», «Бекшіл және байшыл Абай» дегендей, 22 бөлімнен талдап, ақын шығармашылығына ой айтады. «Абайдың «пәлсапасы» бөлімінде ұлтшылдарды сынағандай кейіп танытады. Маркс, Энгельс идеяларын ортасында өре отырып осылай алып шығуға мәжбүр болғанын байқаймыз. Себебі, 54-бетте «Бірақ бұдан жалпы Абайдың жазған сөздерінде пәлсапаның материалдары жоқ деген сөз ұғылмасын. Абайдың жазғандарында пәлсапаның материалдары бар», – дейді. Ілияс Жансүгірұлы Абай хакімнің қайдан нәр алатынын «ескі Еран-ғарап, орыс, грек, түріктің санашыл, діндар пәлсапасы, хакімдерінің пікірлері, Айса, Будда, Мұхамбет, Сократ, Толстойлар Абайдың абыздығының көзі» (53-бет), – деп айқындап береді.

Енді осы Ілекең атаған ілімдер Абайда қалай көрініс табатынына келсек.

Сократ, Ксенофонт және Абай

Аристотель хакімге патша келді:
- Мына сүйек қазынаның бәрін жеңді.
Бұл сүйекті басарлық  нәрсе бар ма?
Ақылыңмен ойланып тапшы! – деді.
Хакім жерден топырақ алып барды,
Бір уыстап сүйекке шаша салды.
Ана басы сылқ етіп жерге түсіп,
Сүйек басы жоғары шығып қалды.
 («Ескендір» поэмасынан).

Ескендір патшаға адамның көзі топыраққа ғана тоятынын осылай түсіндірген Аристотель хакімнен бір ғасырдай бұрын өмір сүрген Сократ туралы 27-қара сөзден білеміз. «Сократ хакімнің сөзі» – деп аталады.  Бұл ой Ксенофонттан алынған, оның кітабы 1870 жылдары Киевте, Петерборда шыққан. Ақын бұл еңбекті  Семей кітапханасында оқыды, оған Михаэлис, Долгополовтар ықпал етті деген пікір жиі айтылады.

Солай делік. Маңыздысы, Сократ пен Аристодемнің диалогын Ксенофонт қалай, Абай қалай берді. Бақыт Ғабдуллин «Абай және Сократ» деген мақаласында (https://abaialemi.kz/kz/post/view?id=972) екі тұлғаның тағдыры, мінездегі ұқсастық жайлы толымды айтыпты. Ал біз диалогтағы бір тұсты іліп алсақ дейміз. Сократ: «Жә, олай болса, адамды жаратушы хауаси хамса заһри бергенде, тахқиқ ойлап, олардың пайдасының барлығы түгел оған мұқтаж боларлығын біліп бергендігі әшкере тұр ғой. Әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтып ләззат алар едік? Ол көз өзі нәзіктігінен керегіне қарай ашып, жауып тұруы үшін қабақ беріпті. Желден, ұшқыннан қаға берсін болуы үшін кірпік беріпті. Маңдай теріні көзден қағып тұруға керек болғандығынан, басқа тағы керегі бар қылып қас беріпті. Құлақ болмаса, не қаңғыр, не дүңгір, дауыс, жақсы үн, күй, ән – ешбірінен ләззаттанып хабар ала алмас едік. Мұрын иіс білмесе, дүниеде не тәтті, не қатты не дәмдінің қайсысынан ләззат алар едік? Бұлардың бәрі біздің пайдамыз емес пе?» (Так не кажется ли тебе, что тот, кто изначала творил людей, для пользы придал им органы, посредством которых они все чувствуют, – глаза, чтобы видеть, что можно видеть, уши, чтобы слышать, что можно слышать? «Ксенофонт «Воспоминание о Сократе» книга I, глава 4).

Осы үзіндідегі «хауаси хамса заһри» сөзі Абай ойын көркем ете түседі. Хауас – түйсік, хамса – тұмар, заһри – мол ілім (арқау), сонда Абайда «түйсігіңе мол ілімді тұмар еткенде» деген ұғым шығып, құлақ, көз, мұрын, кірпік, қастан, әуелгі бұйырған адам санасын жоғары қояды. Көзің ашық болған мен көкірегің соқыр, құлағың естігенмен көңілің сенбес кертартпа болуың әбден мүмкін. Абай шығармашылығының кредосы осы көзі ашық, көкірегі  ояу – толық адам. 
Сократ: Ақымақ адамдар ішіп-жеу үшін өмір сүреді, көкірек көзі ашықтар өмір сүру үшін ішіп-жейді, – дейді.

Абай:  Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақүй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демекілік (7-сөз).

Сократ: Қызық, кез келген адам қанша қойы бар екенін тосылмай айтып бере алады, ал қанша дос-жараны барын лезде еске түсіре алмайды, олардың еш құны жоқ.

Абай: Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. (5-сөз).

Сократтың: Әлемді қозғағысы келген адам әуелі өзі қозғалуы керек, – деген тағы бір сөзі бар. Абайдың да көксегені сол, қазақ әлемі қозғалуы, ілгерілеуі үшін, ұлт оянуы, алға ұмтылуы керек.

«Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.

Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды». (4-сөз).

Сократтан бастау алған, адам баласының ой-өрісін ілгерілеткен диалектика Абайда осылай өрбиді. 

Айса, Будда, Абай

Альберт Эйнштейн: Дін, өнер және ғылым – бір ағаштың бұтақтары, – деген екен. Бұл Абайдан көп кейін айтылған сөз. Хакім дінге асқан парасатпен қарайды. Оның еңбектері адамзатқа түскен барлық діннің, адамзат тарихындағы ойшылдар пәлсапасының  жиынтығы іспетті. Мәселен, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде:

Махаббатпен жаратқан адамзаты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. 
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, 
Және хақ жолы осы деп әділетті
, – дейді. Үш сүю арқылы иман гүлін ашпақ болғаны көп жазылды. Осындағы «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» барлық дінде кездеседі. Мысалы:

«Бір-біріңді бауырдай, шын жүрекпен  сүйіңдер...» (Інжіл, Римдіктерге жолдау 12:10 – Рим 12:10:)

Інжілдің екінші кітабы «Жаңа өсиет» төрт канондық Евангелиядан тұрады, соның төртіншісі  Иоанн Богослов деген  діндардың кітабы.  Ол  адамның Құдайға, Құдайдың адамға, адамның адамға деген махаббатын насихаттаған. Көз жұмар алдында сол әулие адамзатқа: «Бауырларым, бір-біріңді сүйіңдер!» деп жалғыз ауыз өсиет айтыпты.

Халқына өзекті он өсиет қалдырған Будданың тоғызыншы өсиеті: жүрегіңде зұлымдық болмасын, адамдарға өшікпе, бәрін сүй. Неге «Адамзаттың бәрін сүй?» Өйткені, «махаббатпен жаратқан адамзатты», түбіміз бір,  ««Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық...» (Хужурат сүресі, 13-аят).

Ал бауыр кім? «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, Адамның баласы – бауырың» 37-сөз. Мына он сегіз мың ғаламды Жаратушы бір, тек Ол туралы түсінік әралуанданған. Сондықтан Құдай өзі жаратқан – адамды жек көруі, оны аяусыз жазалауы мүмкін емес. Бізде Алла мен адам арасын Тарас Бульба, немесе Қаһарлы Иван мен ұлдарының ортасындағы  қарым-қатынастай сипаттау басым болып барады. Қаһарлы әкенің өз ұлын қату жазалағаны, тіпті өлтіре салғаны аян. Құдайға бас көтермей құлшылық еткен ғана пейішке барады деген уағызды жиі естиміз. Соны айтып тұрған адамның құл мен құлшылық сөзінің төркінін түсінбейтінін біле тұра мұсылманшылыққа салып  бас шұлғи береміз. Құл – орта ғасырдағы қазақтың ұғымында қызметші, жалшы ғана.

Мысалы аманатқа барған, тұтқынға түскен көп сұлтан Борис Годуновтың құлы болған екен, «...сансыз хан оғлы султан ларын есирб етіб, өзіне қул қылдурды» (4. Жамиғат-Тауарих). Осы «құлдардың» біразы Қасым ордасында әмірші болғаны аян. Яғни, қазақтың «құлы» классикалық түсініктегі кұлағын кесіп құнтитып, мұрнын кесіп шұнтитып қойған бейшара емес, қызметші, вассал. Аттың майын, баққанының төлін ақыға алатын, өзіндік хақысы, жоқшысы бар жалшы ғана ұстап келген қазаққа бұл ұғым жат болғандығы сонша өзгелердегі «құл» түсінігін қалай да аша түсу үшін оған апарып арабтың «кутун» сөзін қосыпты, сөйтіп құл-құтан болған. Сонда: Құдайға құлшылық ет! – дегенде «Жаратқанның жақсылығына қызмет ет, мейірімді бол, ғылым ізде, білімді бол, адамға қиянат жасама, жүрегіңді таза ұста, құдайшылықпен өмір сүр, т.б.» мол ұғым шығады.

Қазақтың «құлақкесті құл» дегені бар ғой дерсіз, бұл да біздікі емес: «Егер құл сатып алсаң...ол саған алты жыл жұмыс істесін, ал жетінші жылы тегін азаттық бер. Өзіңнің де Мысырда құл болғаныңды, Құдайыңның көмегімен ғана еркіндік алғаныңды есіңде сақтауың үшін осыны саған бұйырамын. Ол жалғыз келген болса сол жалқы күйі бостандық алсын... Қожайыны оған әйел беріп, одан ұл-қыз сүйген болса да бала-шағасы мырзасында қалып, жалғыз өзі кетсін. Ал егер құл: «Мен қожайынымды, әйел-баламды  жақсы көремін, азаттыққа бармаймын», – десе қожайыны оны Құдайына қаратып, табалдырыққа тұрғызған күй құлағын бізбен тессін, сонда ол мәңгілікке құл болып қала береді...» (Мұсаның екінші кітабы. Екінші заңдылық. Өсиеттер.)

Байқасаңыздар құлақкестінің төркіні – құлақтесті. Абайдай ғұламалардың түсінігіндегі дін – парасат биігі, мәңгілік кілті, жаратылыс мәні. Абай, Шәкәрім секілді алыптарды толғанысқа итермелеген сол мәнді ұғуға деген құштарлық. Аристотель, Сократ, Ксенофонтты да, әлем тарихына есімі жазылған өзге ғұламаларды да сол күш жетелеген. Абайдың қарасөздерін Сүлейменнің «Еккелесиаста», «Сүлеймен аңыздары» секілді дүниелерін көп пайдаланған Толстой, Шопэнгаур, Ницшелермен ғана салыстырмай авторы, қай заманда жазылғаны белгісіз «Билауқар мен Бұдасаф жайлы баянмен» астастырса да болар. Түпнұсқада араб-парсы тілінде жазылған, бертін келе христиан дініндегілер өздеріне бұрып әкеткен баянда Билауқар тақуаның Бұдасафқа адамшылық дәнін сепкені жайлы айтылады. Осы өте көне жазбада жамандықтан жеріну, адамгершіліктен аттамау, ішкі тазалық жайлы көп мысал бар. Бертінде талай қаламгерге азық болған жеті аңыз да осы баяннан. Соның бірі киімі жыртық сопыларға қол бергені үшін нөкерлерінің сөзіне қалған ақылды патша жайлы.

«...Осыдан кейін патша төрт қайық жасатады. Екеуінің сыртын алтынмен аптап, күміспен күптеп, ішіне мәйіт салып, жауып, алтын шегемен шегендеп тастауды тапсырады. Ал тағы екеуінің ішін алтын-күміске толтырып, жауып, сыртын қара май, шайырмен сылата салады. Төртеуін жағаға байлатып, өзін сынаған нөкерлерін түгел шақыртып, олардың алтындалған және майланған қайықтар туралы пікірін біледі. Нөкерлер жалт-жұлт еткен қайыққа таңдай қағысып, хас шебердің қолынан шығыпты деседі, қара май мен шайыр жағылғанына қарап арзанға балайды.  Осыны біліп едім, – дейді патша, – көзге сеніп, сырттан бағалайсыңдар. Тым шолақ ойлайсыңдар, жүрек көзі ояу болса ішіне үңіліп, бағалар едіңдер. Осыдан кейін патша алтындалған қайықтардың  қақпағын ашуды бұйырады. Айналаны мүңкіген иіс алады, ішіндегісінен шошынған нөкерлер жағасын ұстайды. Жылтыр киіміне малданып, танауын көтеріп жүргендердің іші осылай іріп-шіріп жатады, – дейді патша. Содан соң қарамай жағылған сұрықсыз  қайықтарды аштырады.  Інжу-жақұт көз арбап, айналаны хош иіс алып кетеді. Бұл қайықтар кімге ұқсайды білесіңдер ме? – дейді патша. – Әлгі алба-жұлба киімді адамдар осындай, сендер сол сықпытына қарап тон піштіңдер, қайыршыға бас ұрды деп  мені өсектедіңдер. Мен болсам олардың қасиетін сездім, үстімдегі үлде мен бүлдені былғаймын деп қорықпастан соларға қолымның ұшын тигізуді мәртебе тұттым...» (Билауқар мен Бұдасаф жайлы баян»,  аударған – С.Ә)

...Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.

Адамзатты адасқақтан құтқару үшін, жаратылыстың шын мәнін ұқтыру үшін  басын бәйгіге тіккен билауқарлар көп болған, солардың бірі Абай хакім. Билауқардың шәкірті – бір қауым елге пір болған сопы – Будда. Бізде де Абай ойын жалғыздықтан құтқарар, іліміне таған болар, қазағына пана болар пайғамбардай парасатты шәкірттер бар еді, қызыл саясат қырып жіберді. Одан сол саясаттың өзі Абай жолына кесе көлденең жатып алды. М.Әуезов, Қ.Мұхамедханов секілді азғантай шоғырдың арқасында ғана хакім ілімінің шырағы сөнбеді.

Толстой һәм Абай

Орыс данасы Л.Толстойдың «Круг чтения» деген еңбегінде күнәһар мен жаннат жайлы тәмсіл бар. Күнәһар жаннаттық болуды көксейді. Қақпаны ашпай тұрған  Дәуітті, Петр апостолды сөзден тосылтып, соңғы сәтте қақпаның арғы жағынан Иоанн богословтың үнін естиді:

«Күнәһар болса «Даусыңды естіп тұрмын, жүзіңді көрмедім. Ең құрығанда атыңды айтшы?» – деп дігірледі.  «Мен – Иоанн әулиемін, Иса пайғамбардың ең сүйікті шәкіртімін» – деді дауыс. Күнәһар қуанып кетті. «Ал енді жаннатқа қалайда кіремін,  Петр мен Дәуіттің менен артықшылығы жоқ, адамның әлсіздігі мен Құдайдың рахымы шексіз  екенін екеуі жақсы біледі. Сен болсаң мейір мен махаббаттан жаралғансың. Құдай деген махаббат, сүйе білмеген  Оны да тани алмайды деп кітап жазған сен емес пе едің, Иоанн? Қартайған шағыңда да  «Бір-біріңді сүйіңдер, бауырлар», – деп уағыз айтудан талмағансың. Енді қалай адамзаттың бір баласын кеудесінен итермексің? Не айтқан сөзіңнен бас тарт, не мені бауырыңа басып, жанаттың есігін аш, кіргіз».

Жаннаттың есігі шалқасынан ашылып,  Иоанн әулие зар қаққан күнәһарды құшағына алды, пейіштің төріне оздырды.» (Ауд. – С.Ә)

Беріде Абайды біресе кришнаит, біресе Толстой екеуін қосақтап әсіремұсылман етіп жүрген «ғалымдарды» байқадық. Бұл олардың дін аясы кең, тұтас адамзат тарихы мен философиясын електен өткізген тұлға екенін жете ұқпағаннан, Мұхтар Әуезовтің Абайдың дінін – «ақылды, сыншыл, ойдың дініне» жатқызғанын елемегеннен болса керек. Абай тарихта өткен ұлылармен үндес болған жалғыз қазақ, сонысымен дара. Мәселен, орыс халқы Толстойдың данышпандығын ерекше бағалап, шығармашылығын саты-сатысымен насихаттайды. Оның «Бейбітшілік пен соғыс», «Анна Каренина» секілді шығармалары бір төбе, ал он сегіз мың ғаламның жаратылысын көкірек көзінен өткізе бастағанда жазған «Ібіліс», «Сергий әкей», «Воскресение», «Исповедь» секілді беріректе жазған туындылары бір төбе.  Мән іздеу.  Абайдың қара сөзге ден қояры да осы шама. Екі данышпанның да терең еңбектерінің тамыры шығыстан нәр алып жатыр. Толстой парсы аңыздарынан тере тартып, Сүлеймен туралы әфсаналарды, шығыс философиясын шығармаларына арқау етті. Дәл сол еңбектері қаламгерді ұлы ойшыл есебінде танытты. Тек Лев Николаевич те, Абай Құнанбайұлы да ойы озықты оңдырмайтын заманның перзенттері болды.

Қазағы «мыңмен жалғыз алыстым» деген ақынның басын жарды, төпелей арыз жазып биліктен бездірді. Орысы  Толстойды  дінбұзар атады, шіркеу маңына жолатпады, қудалады. Ол уақыттағы Толстойдың беделін білу үшін замандасы, театр сыншысы, жазушы Александр Сувориннің мына сөзін мысал етсек болар:

«Бізде екі патша бар: ІІ Николай мен Лев Толстой. Екеуінің қайсысы мықты деп ойлайсыз? ІІ Николай Толстойға ештеңе істей алмайды. Ал Толстой Николайдың тәжі мен тағын, теңселтіп жібереді. Оған шіркеудің  Синод мәжілісі қарғыс жаудырып жатыр. Толстой бұл қарсылыққа жазу арқылы жауап қатуда. Ал жазбалар басылым арқылы шетелге тарап жатыр. Осыдан кейін Толстойға тиісіп көріңізші. Бүкіл әлем айқай салса, біздің билік қайтер екен?»

Замандастары пір тұтқан қаламгерді шіркеу әлі кешірген жоқ, 2010 жылы Ресейдің кітап палатасы «жазушының көз жұмғанына 100 жыл болды, қаламгерді кешіріңіздер» деп хат жолдады.  Жауап өте сыпайы еді, архимандрит Тихон: «Толстой деген керемет жазушы, бірақ Қасиетті Синодтың 1901 жылғы 20 ақпандағы шешімін өзгерте алмаймыз, граф Толстой шіркеуден өзі бас тартқан, оның антихристиандық ойларын қабылдай алмаймыз» – депті. Бір Ресей емес, тұтас әлемге танылған  жазушыға айналған, адамзат сүйген пендесін Құдай сүймеуі мүмкін бе? «Сол кезеңде Ресейде соғыс басталды. Орыстар бауырларын христиандық махаббатпен қыра бастады. Бұл туралы ойланбауға болмайтын еді. Кез келген діннің ұстанымына қарсы – кісі өлтірудің ең ауыр зұлымдық екенін білмеу мүмкін емес еді. Шіркеулер болса біздің қанды қарудың сұрапылдығын мадақтады,  дінбасылар бұлай кісі қыруға дін рұқсат береді деді. Тек соғыс кезі емес, осы майданнан кейінгі үш дүрбелең тұсында да адасқан бозбалалардың қаны төгілгенін құптаған шіркеу қызметкерлерін, сопы, мақсымдарды көзбен көрдім. Христиан дініндегілердің істеген сұмдығын көріп аза бойым қаза болды» немесе «Бала күнімнен көкейіме түйгенге сенуді доғардым, дегенмен бір нәрсеге деген сенім қалды. Оның не екенін,  оған қалай, неге сенгенімді өзім де түсіндіре алмадым. «Құдайға сендім» дейін десем, Құдайдың барын «жоққа» шығарған емеспін;  бірақ оның қандай Құдай екенін айта алмаймын; мен Иса мен оның ілімін «жоқ еткен» де емеспін, әйтседе «оның ілімінің мәні неде» екенін тағы түсіндіріп бере алмаймын» (Л.Н. Толстой «Арылу», аударған С.Ә), – дегендей пікірлердің қай дінге қайшылығы бар? Діндарларға жақпаған жазушысын орыс халқы көзі тірісінде патшаға теңеп, қайтқаннан кейін әлемге үлгі ете алды. Оның жаратылыс жайлы ойлары үлкен философиялық қазыққа айналды. Өз халқын тезге салуға келгенде Абай хакімнің ойы да, сөзі де ащы. Мысалы 9-сөзіндегі: Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі. Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық қайрат, жалын сөніп те қалған екен. Сол себептен бір жүрген қуыс кеудемін, – дегендегі қазақтың жалқаулық, ынсапсыздығы туралы ойлары жаныңды қарып түседі. Сол Абайды халқы тек беріде, Алаш қайраткерлері жалпақ қазаққа танытуға бар күш-жігерін жұмсаған кезде ғана зерделей бастады.  Алаштанушы Тұрсын Жұртбай Абайдың ғұмырнамасын  алғаш хатқа түсірген Әлихан Бөкейханұлы дейді.

«Абайдың өз шығармалары мен Пушкиннен, Лермонтовтан, Крыловтан жасаған аудармаларын ұлы Тұрағұл жинап, таяу арада императорлық Россияның Географиялық қоғамының Семей бөлімшесі басып шығарды.

Өлеңдерінен көрініп тұрғандай Абай асқақ поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ. Оның жылдың төрт мезгіліне арналған (көктем, жаз, күз, қыс) тамаша жырлары оны Европаның атақты ақындарының қатарына қосар еді», «Семипалатинский листок» 1905 жыл. Ә.Бөкейхан «Абай (Ибраъим) Құнанбайұлы».

Абай поэзиясын шендестіруге болар, ал ақыл-ой жағынан жаһанда қазақ баласына маңайлар алар қаламгер аз секілді. Оның шығармашылығында Толстоймен үндесетін тұс баршылық. Абай хакім болмысты, жаратылысты, адамзатты тану үшін, таныту үшін қарасөзін жазса, Толстойдың мәңгілікті електен өткізетін публицистикалық шығармасы «Исповеді» (Арылу) бар. Дін ғұламаларынан таппаған қарапайым түсінікті қаламгер жер жыртып, орақ орып жүрген шаруадан табады. Өз ортасынан қашып,  еңбек адамының  өмірін бақылайды. Солардың мән туралы түсінігін қабыл алады.

«Менің айналамда еңбеккер адам, қарапайым орыс халқы еді, соған мойын бұрдым, мәніне үңілдім. Сөзбен жеткізіп көрейін, ол мән мынандай еді.  Әр адам дүниеге Құдайдың еркімен келеді. Құдайдың құдіреті сонда, әр адам өз жанына арашашы да, тажал да бола алады. Адамның басты міндеті – жанына арашашы болу; олай ету үшін құдайшылықпен өмір сүру керек, құдайшылықпен өмір сүру үшін нәпсіні тиып, еңбек ету, тәубеге келу, төзімді болу, мейірімді болу керек. Бұл мәнді халық тақуалардан тақуаларға жеткен  діни ілімдерден, атадан балаға өтетін аңыз-әңгіме, мақал-мәтел, ертегілерден тапқан.  Бұл мән маған түсінікті, жаныма жақын еді. Бірақ, осы халықтық діннің өзінде мен және өзім ортасында жүрген шаруаларға түсініксіздеу, кері итеретін: құпия, шіркеу қызметі, мүрде мен иконаларға сыйыну дегендей дүниелер бар еді. Бұлардың аражігін мен де білмеймін, халық та ажырата алмайды».

Осылайша ұлы Толстой том-том кітап арнаған үздіксіз ойдың нүктесін қақ-соқпен шаруасы жоқ, өз бетінше жүрген, лепіріп ақыл айтып қажамайтын   еңбекқор адамнан табады, яғни, өзгеде ісі жоқ момын жаннан. Момындық шарты: «талап, ақыл, терең ой, қанағат, рақым...» Мектеп оқушылары судырата оқитын осы «Ғылым таппай мақтанбаның» соңында:

Мұны жазған білген құл –
Ғұламаһи Дауани,
Солай депті ол шыншыл.
Сөзін оқы және ойла,
Тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл – гүл,
 – деген шумақ бар. Ғұлама Дауани атанып кеткен Жалал-ад-дин Мұхаммед ибн Асхад ад-Дауани (1427-1502) парсы елінің Абайдан төрт ғасыр бұрын өмір сүрген, жазғаны ежелден қалыптасып келе жатқан «Мораль философиясының» өзегіне сіңген перзенті. Абай қазаққа ұлылардан келе жатқан осы адамгершілік жолын ұсынды. Жер емсең жердің тілін, мал бақсаң жан-жануардың тілін білесің, оның өзі – ғылым. Өмір академиясының ащы сабағынан ой түйе отырып нанымыңды қалыптастырсаң «Еңбегің кетпес далаға»... Өз ісін білердің, өзіндік ой түйгеннің өзгеде шаруасы жоқ, бөгденің ақылына зәру емес. Шығыс даналығынан нәр алған Толстой мен Абай түсінігінің тағы  бір түйісер тұсы осы секілді. Толстойдың момынын таныдық, енді ол туралы Абай не дейді?

Дінде де, адамзат жаралғаннан бергі қалыптасқан ой-сана ілімінде де бар момын деген ерекше ұғым жайлы:

Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол.
Шын илан да, таза ойла бір иманды,
Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.
Алла ішіңді айтқызбай біледі ойла,
Пендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа мүмин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма!

Көріп отырмыз, хакім үшін діндарлықтың сыртқы формасы маңызды емес, мұнафиқ (дін жамылған кәпір - С.Ә.) та намаз оқиды, ал ішіңді Алла бәрібір біліп қояды, мүмін бол, адамдықтың атын жойма, – дейді. Меніңше мүмін мен момын бір. Қазақ сіңіргенін ұғымына  бастапқыдан да терең мән бере алатын дана халық. Ұлттық тәрбиенің өзегіне айналған «обал» сөзін ертеректе «Қазақтың «обалында»: Қазақта ешбір дін жетесіне жеткізіп түсіндіре алмайтын, ешбір тіл нақ сипаттап аудара алмайтын «обал» деген ұғым бары рас. Ол сөз бізге Ислам діні арқылы келген екен. Мысалы, «Хашр» сүресінің 15-аятында «Олар істеген істерінің обалын тартады» деген сөз бар. Күнә. Бір аудармада «жазасын» делініп жүр. Бұған қарасақ «обал» «күнә, жаза»  деген болып шығады.

Дұрыс делік. Тек арабтан сіңсе де қазақтың «обалының» мағынасы әлдеқайда терең. Қазақта бұл сөз ар-ұят, иман кодексі! «Обал болады, обал болды, обалына қалма» деген ұғымның бәрінің мәні де, түбі де тұңғиық, – деп жазып едім («Жолбарыс жымы», 224-бет). Мүмін мен момын олай ажырай қоймаған секілді. Момын деп қазақ ешкімді түземейтін, даттамайтын, жүрегінде зұлымдық тіні жоқ адамды айтады. Жаратылысы бұзылмаған! Әу баста, шебер Алла топырақтан жаратқандағы бейкүнә қалыпты, ешкімге өштеспеген, ешкіммен кектеспеген жұмақтық Адам атаның ұрпақтары. Сопыларда ол жаратылыс періштеден пәк болған деген ұғым бар. Шығыста Адам атаны жарату туралы мынадай аңыз сақталған: Адамды жаратып жатқан кезде Алла тағала топырақтан тәнін, тастан сүйегін,  бұлттан ойын, күннен көзін, оттан жылуын, теңізден қанын, жарықтан нұрын, желден демін алыпты дейді. Күннен көзін алуға кеткенде Ібіліс сап ете қалып, көрсоқыр адамды нәжіспен былғап кетіпті. Қайта оралған Жаратушы бұған қатты ашуланыпты. Содан адам үстіндегі былғанышты сүртіп алып, содан итті жаратыпты.  Жаратушы Адамның демін алып келмек болып аттанғанда Ібіліс қайта келеді. Сол кезде ит оны адамға жолатпай қойыпты. Сонда Ібіліс демсіз адамды алыстан таяқпен түртпектеп тәнін тескілеп кетіпті дейді. Бойдағы осалдық Ібіліс түрткен жетпіс жерден дариды екен. Пенделердің бірі сол осал тұсты иманымен қорғап, момындық болмысын сақтайды, екіншілері осал соғады. Мысырда өмір сүрген діндар, дін ғұламасы Такиддин Әбіл-Фатх Мұхаммад ибн Али әл-Куси (1228-1302): «Кез келген момын – мұсылман, бірақ кез келген мұсылман момын емес!» – деген.

Демек, момындық тақуалықтан да маңызды, нағыз иманды пенде сол болып тұр. Осы сөзді Абай қалай түрлендірді? Ақынның 38-қара сөзінде хакімдікті ұқтыра келіп «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым», – дейді. Ғалым болмай кәміл мұсылмандық жоқ, кәміл мұсылмандық болмай хакімдікке жете алмайсың.

«Бұл заманның молдалары хакім атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бәлки, бұзық фиғыл, әл-инсан ғәдду ләма жәһилгә хисап. Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғарап-парсыдан тіл үйренсе, бірлі-жарым болымсыз сөз бахас үйренсе, соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады «һай-һой!» менен, мақтанменен қауымды адастырып бітіреді. Бұлардың көбі әншейін жәһил түгіл, жәһиләләр кібік талап болса, қайда хақ сөздер келсе, қазір нысапқа қайтсын һәм ғибраттансын. Рас сөзге ор қазып, тор жасамақ не деген нысап, құр өзімшілдік һәм әр өзімшілдік – адам баласын бұзатын фиғыл. Растың бір аты – хақ, хақтың бір аты – Алла, бұған қарсы қаруласқанша, мұны ұғып, ғадаләтпен тәптештеуге керек». 38-сөз.

Бұдан ұғарымыз, дінге соқыр сеніммен келуге болмайды, ол ғалымдықты, тіпті, хакімдікті меңгеріп барып мойынсынатын дүние. Оған дейінгі жолыңда өзгеге молда болуың «бұлары білімсіздік» болады. Н.Оңдасыновтың «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігінде» ғалым сөзінің: ғалим, әлім, ғалым 1) білетін, тәжірибелі; 2) оқымысты, ғылыми қызметкер, – деген түсінік берілген. Жалпылама айтсақ ғалым – дүниенің бір сырын жақсы білетін, зерттеген, түйген адам, әлім, ілім сонымен мәндес, ал хакім – білген, түйгенінен ой өрбітіп, адамзат игілігіне жаратудың ізгі жолын ұсына алатын, мән ұқтыра алатын ғұлама жан.

Ғалым сөзі бүгінгі ұғымға ХІХ ғасырда ғана ие болыпты. Оған дейін дін тақуаларының арасындағы білімдарларын солай атаған. Ал Милен, Аристотель, Платон, Цицерондар – табиғат философтары. Ежелгі Грек философиясының анықтамасында: Грек философиясының пайда болуына және дамуына сол кездегі грек қоғамының саяси, экономикалық, географиялық ерекшеліктері және грек халқының ұлттық ерекшеліктері әсер етті, – делінген. Халқы үшін көп ілімді зерттеп өзегін ашқан әл-Фараби бабамыз да солардың қатарында. Меніңше Абай да! Мағжан Жұмабаев:

Шын Хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес, 
– дейді. Арада ғасыр өтсе де Абай сөзінің дәмін сезе алмай жүрміз, мың жылдан кейінгі қазақ толық түйсінер ме екен? Сократты хакімге балаған қазақ перзентінің бізге қалдырған еңбегі дін, жаратылыс, ой-сана ғылымындағыны теріп қана қоймай, соны түйсінер сана, құйып алар құлаққа арнап зерделей жазған.

«Белгілі, құдай тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, ешбір нәрсеге хикметсіз тәклиф қылмады. Бәрінің хикметі бар, бәрінің себебі бар, біздің ғауам былай тұрсын, ғылымға махаббаты барларға себеп, парыздарды білмекке ижтиһад ләзім, сіздер әрбір ғамал қылсаңыз ізгілік деп қыласыз, ізгілікке бола қасд етіп, ниет етесіз. Ниет оның парызынан хисап, пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлламнің хадис шарифі «иннама-л-ағмал, бин-ниет» деген. Енді ниет еттіңіз таһарат алмаққа, намаз оқымаққа, ораза тұтпаққа, бұл тағаттарды ниетіңіз заһирынан қалыпсыз ғибадатқа жетпегендігі кемшілік емес пе? Сіздің батиныңыз таза болмағы әуелі иман болып, бұл заһир ғибадатыңыз иманды болған соң ғана, парыз болған, сіздің заһирыңыздағы ғибадат – батиныңыздағы иманның көлеңкесі  һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйырылған». 38-сөз.

Табансыздығыңнан, ниетің жетпегендіктен түсе салған жолың – жетім, хакім соны меңзеп, білімсіз оқылған намаз, тұтқан ораза кемшілік те болуы мүмкін екенін айтып тұрғандай. Ғибадат – иманның көлеңкесі. Иман нанымнан бұрын жаратылған, адам баласына санадай тән. Жарайды, мұны теологтардың төрелігіне қалдырайық.

Абай, Лев Толстой, Шәкәрім секілді алыптарды толғанысқа итермелеген - ілімнің мәнін ұғуға деген құштарлық. 

Сөз соңы

Өмірінің соңында көз жұмғаннан кейін де талай тезге түскен ақынның аянышты тағдырын Таласбек Әсемқұлов ағамыз бір кезде тәнін құрт кемірген Аюб пайғамбардың тартқан қияметімен салыстыра жазып еді. Түрлі саясаттың иіріміне түсіп, кіресілі-шығасылы есі қалған халқына шырақ болған Абайды Ысрайыл ата ұрпағына қырық жыл құм кездіріп, санасын тазартқан  Мұсаға да, елінің көркеуделігі үшін күйініштен кеткен Харонға да, басын кессе де бетінен қайтпаған Яхяға да, т.б. ұқсатуға болар. Абайды пайғамбарға теңеуден бөлек, әулие деу де бар. Көкбай ақынның:

Абайдай ұл тумағы болар ғайып,
Насихат, үлгі шашқан жұртқа жайып.
Ахуалын сөйлеп кетті замананың,
«Әулие – хакім» деуге ол лайық, – 
дегені осының бір дәлелі.

38-сөзде пайғамбарлық, әулиелік, хакімдіктің жауабы берілген: «Белгілі жәуанмәртлік үш хаслат бірлән болар деген, сиддиқ, кәрәм, ғақыл – бұл үшеуінен сиддиқ ғадаләт болар, кәрәм шафағат болар. Ғақыл мағалұм дүр, ғылымның бір аты екендігі. Бұлар әр адамның бойында алла табарака уатағала тәхмин бар қылып жаратқан. Бірақ оған рәуаж беріп гүлдендірмек, бәлки, адам өз халінше кәмәлатқа жеткізбек жәһәтінде болмақ. Бұлар – ез иждиһадің бірлән ниет халис бірлән ізденсең ғана берілетін нәрселер, болмаса жоқ. Бұл айтылмыш үш хасләттің иелерінің алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хакімдер, ең ақыры – кәміл мұсылмандар. Бұл үш түрлі фиғыл құданың соңында болмақ, өзін құл біліп, бұл фиғылдарға ғашық болып тұтпақты пайғамбарлар үйретті әулиелерге, әулиелер оқыды, ғашық болды. Бірақ, ухрауи пайдасын ғана күзетті. Ғашықтары сол халге жетті, дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытты. Бәлки, хисапқа алмады. Хакімдер дүниеде тиетін пайдасын сөйледі, ғибрәт көзімен қарағанда, екеуі де бірінен-бірі көп жырақ кетпейді...» «Ухрауи»-о дүниелік» пайдасын ғана ойлап, жұмақты аңсап, дүниені тәркі етті деу Абайға аса келе қоймас, – десек те, хакімді оқыған әр адам өзінше ой түйер.

«Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз?» 1-сөз.

Оқыған сайын ел бағу, сөз бағудан бас тартқан хакімнің ой дәптерін неге осылай бастағаны түсінікті бола түсетіндей, ақыры түйгенін жаза беруге бел буады. Керегін ашқан адам тауып алар. Нені, қандай ойды табуымыз керек? – деп ойланбаған қазақ қалмаған шығар. Сол ойды тапқан мәнді ұғары анық.

«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың. Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» 37-сөз.

Бір ғасырдан аса уақыт өтті, көпке ақыл кірер уақыт келді.

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ,

журналист