Жаңа айдар: «АМАЛ ТАБИҒАТТЫ ДА, РУХЫМЫЗДЫ ДА ЖАҢҒЫРТАДЫ»
ҚАРАПАЙЫМ ҚАҒИДАЛАР
(қазақ ұлттық мәдениетінің негізінде жасақталынған «Адай Ата – Отпан тау» тарихи-мәдени орталығының қысқаша құрылымдық баяннамасы мен тұжырымдамасы)
Халықтық шежіренің құрылымдық жүйесін ұлттық әдеп-ғұрып, салт-дәстүр, жол-жоралғы, наным-сенімдермен санамызға шегелеп, қоғамда әрбір адамның (қазақтың) орын-орнымен, сыйлы да, сенімді және қауымдық жауапкершіліктің аясында ғұмыр кешуіне жол көрсеткен ұлы бабаларымыздың түсірер жарығы, төгер сәулесі, түсіне білсек, молынан болмақ (қазақ салт-дәстүрінің құдіреті сонда: тіпті орнымен әзілдесіп, күліп-ойнап бір-бірінің көңіліне сыпайы ғана шаттық пен қуаныштың сәулесін сыйлау үшін нағашы мен жиенге, жезде мен балдызға, құрбы мен құрдасқа, жеңге мен қайныға ұлттық әдептің шеңберінде мүмкіндік берілген).
Адамның – адам көңілін аулап, қас-қабағына қарауды бесігінен берік ұстанып, ашылған құшақ, төгілген тілекпен өмір сүруді тіршіліктің салтына айналдырған. Жылы сөз, ақ бата, арлы әрекет, ибалы мезірет, имандылық пен әділ шешім, шыншыл уәде, селкеусіз сертті әрбір қазақ табиғатынан Кісіліктің туы етіп ұстаған. Аллаға сеніп, әруақтарды құрмет тұтып, аз ғана өмірдің мәні мен мағынасын көбірек сыйласудан іздеген. Осы асыл қасиеттердің барлығы бірте-бірте көмескіленіп: әр қазақ, әр аймақ және баршамыз жеке-жеке жетімдік пен жалғыздықтың, жабырқау мен налудың, торығу мен зарығудың, қатыгездік пен қайырымсыздықтың, секемшілдік пен сенімсіздіктің, ермелік пен енжарлықтың үмітсіздік пен үрейдің (т.с.с.) боданына айналып бара жатырған сияқтымыз. Біздің жан-жүрегімізді: Әр қазақтың бойында – бар қазақтың ары бар екеніне, бар қазақтың бойында – әр қазақтың қаны бар екеніне сендіріп, еңсемізді көтеріп, тұтастық пен туыстыққа, жалындаған ар мен намысқа, асқақ арман мен үкілі үмітке бастайтын – шыншыл шара, шырылдаған әкелік махаббат, аналық алақан керек. Қазақта: «Кемедегінің жаны бір» деген сөз бар. Мемлекет – алып кеме. Кеменің жыртығын жамап, тесігін бітеп алмай, бұрыш-бұрышына бір-бірімізден жасырып дүние-мүлік жинау – тезірек суға кетіп өлудің таптырмайтын бірден-бір жолы.
«Қарашаңырақ», «қарақазаннан дәм тату», «көрісу» сияқты ұлттық салт-дәстүр мен қағидаларды себеп қылып, билік: бұқара халықтың ортасына келіп, әрбір жүрек пен көңілде болатын тұлғалық сұранысқа қанағаттың ләззатын сыйлауы керек. Сонда, әрбір қазақ, ұлттық саясаттың және бауырластық пен қандастықтың, бұлжымас ұстанымдардың жаршысына айналады. Бұқараға көрісе келіп, көлбей жатып, бұқара халықтың санасы мен тұрмысында қалыптасқан өнеге-өрнекті тәрбиелік құрал және идеологиялық тұрғыдан ұлттық мақсат пен мүддеге айналдырып, сырласып, мұңдасып, елдің тағдырын өзіне аманаттап кетудің әсері мүлде бөлек. Қазақы шежіре мен ұлттық салт-дәстүрде соның барлығы бар, пайдамызға жарата білудің ұтыры мен барша қазаққа ортақ даусыз нүктесін, даңғыл жолын табу керек. Негізгі мақсат сол. Даусыз нүкте – қарашаңырақ, қарашаңыраққа келіп көрісу, қарақазаннан дәм тату сияқты қалыптасқан халықтық қағидалар.
Қарашаңырақ – ұлы, негізгі, киелі, байырғы, мұрагер, бас шаңырақ деген ұғымдарды береді. Ұлттық салт-санада қарашаңырақ ұғымы өте әділ шешімін тапқан. Мысалы, бір әкенің үш ұлы бар делік. Күндердің күнінде үлкен екі ұлын үйлендіріп, жеке отау тігіп бөлек шығарады. Ал, кенже ұлы әке-шешенің қолында, қарашаңырақта немесе бас шаңырақта қалады. Негізгі мұрагер кенже ұл болады. Атадан, әкеден қалған қарашаңыраққа мұрагер болғандықтан кенже ұлдың жасы кіші болса да жолы үлкен. Сол шаңырақтан отау тігіп бөлек шыққан ұлдары мен қыздары сәлем беріп, төркіндеп, амал айында көрісіп ата-ананың бар кезінде де, жоқ кезінде бірінші қарашаңыраққа келетін болады. Бұл ата-бабасына және ұшқан ұясына деген құрмет. Ұлттық тұрғыдан қарайтын болсақ, атамекенге, салт-дәстүрге, баба-тарихқа деген құрмет. Ортақ ұлттық қағиданы мойындап, әрбір әрекетімізді бауырластық пен туыстыққа икемдеу. Мысалы, Қазақ Атадан тараған қазақ халқы да үш жүзден тұрады. Үш жүздің ең кішісі – кіші жүз. Ұлттық шежіреде кіші жүздің ең кенжесі – Адайлар. Демек, Адайлар – қазақ халқының қарашаңырағының иесі. Қарашаңырақты иелеу – артықшылық емес, керісінше, асқан жауапкершілік. Мұрагер әкеден қалған заттық бұйымдардың ғана иесі емес, сол әулеттен тараған отаулардың, ұл-қыздардың, жекжат-жұрағаттың бірлік-берекесіне, туыстық қарым-қатынасына, сыйластығына, тұтастығына ұйытқы болуы тиіс. Ата-баба, әке аманатына адал болуға міндетті. Ұлттық деңгейде алсақ та, маңғыстаулықтарға артылатын төл міндеттің маңыздылығы дәл осындай (шартты ұғымдарды тұтас қазақ халқының бірлігі мен берекесіне ұштастырып бүгінгі күннің талап-тілегіне идеологиялық тұрғыдан астастырып пайдаға жарату бағытында сөз болып отыр).
Қазақ даласында Ұлытау, Қазығұрт сияқты тарихи мекендер бар. Дұрыс, ол жерлерде елдің тағдырына қатысты пікірлер айтылып, тарихи шешімдер қабылданып, бабаларымыз бас қосып ту тіккен. Бірақ аталмыш мекендер әртүрлі тарихи оқиғалардың, соғыс жағдайларында уақытша кезеңдік мәнге ие болып ұлттың жадында қалған, жүрегінен орын алған. Ондай тарихи мекендер мен жәдігерлік құндылықтарды құрметтеу, қастерлеу және аман-есен ұрпаққа аманаттау – міндетіміз. Алайда кезеңдік тарихи мекендер ұлтымыздың ұрпақ сабақтастығының негізінде қалыптасқан «Қарашаңырақ» қағидасына қосалқы теңеу, ауыспалы мінбер бола алмайды. Қазақ ұлтын бір атаның баласы ретінде танып, даусыз жол, ортақ нүкте, ұлттық тұтастыққа бастайтын идеологиялық құрылым – қазақ шежіресі, қарашаңырақ қағидасы, амалда көрісу, қарақазанынан дәм тату аясындағы әдет-ғұрыптық сенім.
Ұлттық дәстүрдің әділеттілігі – балалардың жас жағынан үлкендері әке-шешенің табысты, қайратты кезінде өсіп жетіледі. Олардың өмірдің даңғылында тез аяқтануына әке-шешенің ықпалы кенже балаға қарағанда молырақ болады. Тұрмыстың ағымында әлі аяғынан тік тұрып үлгермеген кенже баладан үлкен ұлдарының қол үзіп кетпеуі үшін және рухани-кісілік тұрғысынан қарашаңырақ мұрагеріне борышты, парызды болып, жол-жоралғының, ар-ұят пен имандылықтың, қандастық қағидаға негізделген ереженің шеңберінде қол ұстасып ғұмыр кешулері үшін, қарашаңырақ ұғымын перзенттерінің көкірек сарайларына ғасырлар бойы мөрлеп, бекіткен-ау деп ойлаймын.
Қазан – киелі ұғым. Қазан көтеру – үй болу. Үй болу – ұрпақ сүю. Ұрпақ сүю – сансыз рахмани жауапкершілікті мойныңа алып, адал да тынымсыз еңбек ету, тыныштық пен бейбітшілікті, бірлік-берекені көксеу және сақтау, іздену мен шыңдалу. Күндіз-түні ақыл мен парасатқа, білім мен білікке жүгіну. Ащы шындық, тәтті үмітпен өмір сүру. Қарақазанға халалдан ас түсіп, қара баланың қарнына барам дегенше ата-ана қаншама ой-қиял мен іс-әрекеттің сүзгісінен өтеді. Жеке отаудың қарақазаны осыншалықты мән мен маңызға ие болғанда, ұлттық салт-дәстүр, дәстүрлі халықтық қағидалар деңгейіндегі – қарашаңырақтың қарақазанының мәні мен маңызын, алар орынын, киесі мен қадыр-қасиетін ақылға салып шамалай беріңіз. Қазақта: «Қазанды теппе», «Қазанды төңкерме», «Қазаныңды берме», «Қазанға түкірме», «Қазан үстінде қарғама», «Қазаны бөлектің қайғысы бөлек», т.с.с. көптеген ырым-жоралғылар мен ескертулер және таным-түсініктер бар. Сонымен қоса: «Бір күн дәмдеске қырық жыл сәлем», «Бір қазаннан дәм татқан – бір туғаннан несі кем?», «Қазаны біргенің амалы бірге», т.с.с. татулық пен бірлікке, құт-береке, тоқшылыққа, жасампаздық пен жан тазалығына үндейтін ұлттық пәлсапалар жетіп артылады. Қазақтың қарашаңырағы – Маңғыстау. Елдің қарақазаны да сол бірлік пен берекенің, құт пен құлпырған жасампаздықтың рухани және заттық бейнесі мен тұғыры. Қазан Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мазарында да бар. Бірақ ол исламдық тұтастыққа үндейтін рухани мұрамыз. Ал Отпан таудағы қарашаңырақтың қарақазаны – ұлттық, тектік рухани мұрамыз. Амал мерекесінде Отпан тауға жиналып, қазақтың үш жүзінен шақырылған ақсақалдары мен азаматтары сол ортақ қарашаңырақтың қарақазанынан дәм татса, жылма-жыл жаңғыртып үрдіске айналдырса, ұлтымызға ұлағатты бірлік, құт пен бақ, береке мен ырыс келеді. Қарақазаннан дәм тату және оны салтанатты түрде дәріптеу, тәлім-тәрбиелік мәнін арттыру амалдарының ережелері жасалынатын болады.
Дәм тату – бір шаңырақтың, бір әулеттің, бір рулы елдің не болмаса тұтас ұлттың, халықтың рухани киесіне ортақтасып, сеніміне кіріп, ақ-адал, уыз ниетін бөлісіп, туыстық пен бауырластықтың аманатын арқалап, ар-ұжданыңның алдында Аллаға ант бергендей әрекет пен қазақы ұғым. Қазақтың: «Бір күн дәмдеске – қырық жыл сәлем» дейтіні содан болар. «Дәм аттаған оңбас» деп жататыны да бар. Қазақтың үйге келген қонаққа: «Наннан ауыз ти, ағарғаннан ауыз ти» деп қиыла қарағаны – «Барымды бөлісіп, бауыр болғым келеді» дегені ғой. Осы ақ-адал дәстүрді ұлттың ішкі бірлігіне пайдалансақ жаман ба?! Ырыс-несібені Құдай береді, сол бұйрықты ырыс-несібесін көлденең көк аттымен бөлісуге дайын тұратын қазақтай ақ көңіл періште тектес халық жер бетінде бар ма екен?! Қазақты Құдай осыншалық рухани тазалығы үшін де сақтап келе жатырған болар!
Көрісу – жүздесу. Жүздесу – танысу, білісу, достасу, сырласу, мұңдасу, түсінісу, сену, қанағаттану. Ойлап қараңыз: түсінісу, сену, қанағаттану – адамдарды барлық жақсылыққа бастайтын рухтың тәңірлік нәрі емес пе?! Маңғыстау халқы амал (наурыз) айының он үшінен он төртіне қараған жұлдызында, өз әулетінің қарашаңырағынан бастап, ел ақсақалдарына, жасы үлкендерге, ағайын-туыс, жекжат-жұрағаттарға жол-жоралғысымен көрісіп шығады.
Мысалы, мал баққан халыққа жыл маусымының ауысуы, төрт түліктің жайылымы өте маңызды. Амалдың он төртінде ай толады, жыл жаңарады. Жаңа жыл, жаңа маусым басталады. Қыстың қыраулы көзінен малды аман алып шығу үшін, салыстырмалы түрде жылы өлкеге қыстап отырған қазақ, келер қыстың қамын ойлап, бүр жара бастаған көгілжімді төрт түлік таптап тастамау үшін бір сәт те іркілмей малдың бабы мен жайына қарай, жаз – жайлау, күз – күздеуге көше бастаудың қамына мігірсіз кіріседі. Қыстан қалжырап шыққан қазақ жаздан жақсылық пен молшылық тілеп, ұзақ сапардың алдында ағайын-туыс, жекжат-жұрағатпен көрісіп, бір-біріне аман-есендік тілеп, қимастық, пәк сезім, сарғайған сағыныш, үкілі үмітпен қош айтысып аттанады. Ұлтымызға біткен адамға деген ерекше құрмет пен бауырмалдықтың астарында да осындай себептер жатқан болар. Жыл айналып келіп, бір-бірін аман-есен көру аса маңызды болған. Сондықтан, дидарласып көрісу салтқа айналған болуы керек. Әжелеріміз: «Ескі ай, есіркей гөр, жаңа ай, жарылқай гөр!» – деп туған айға сәлем етіп жататын еді. Тыныштықты бағалап, тылсым дүниемен тілдесіп, бас иіп баршаға жақсылық тілеу үшін қаншама рухани тазалық керек?!
Келіндердің сәлем етуі, құдалық, қалың мал, беташар, шымылдық ұстау т.с.с. көптеген сән мен салтанатқа, адамды және оның өмірдегі маңызды сәттеріне аса үлкен сый-құрметпен қарауға негізделген ұлттық салт-дәстүрлер көбіне-көп Маңғыстауда ғана сақталып келгені жасырын емес (Құдайға шүкір, қазір қазақ даласында салт-дәстүрлеріміздің кең қолданысқа түсе бастағаны қуантады. Мысалы, жыршылар беташар айтқанда ағайын-туыс, жекжат-жұрағатты рет-ретімен келінге таныстыра отырып, тізе бүктіріп сәлем еткізеді. Сөйтіп, мәңгілік киелі босағасынан келінді оң аяғымен аттатады. Әрине, келін ерінің ата-анасына, әулетке, рулы елге сәлем етіп, тізе бүгу арқылы құрмет көрсетеді. Бірақ тереңірек ойланып қарасаңыз, бұл негізінен, бірінші кезекте жанама мағыналық, ишара тұрғысынан еріне, күйеуіне тізе бүгуі. «Ерім – Пірім» деген ұғымға бағынуы. Дәлел – ері, күйеуі қайтыс болған әйел тізе бүгіп, сәлем етуді тоқтатады. Демек, келін босағадан аттамай жатып, ерін піріндей сыйлап, тізе бүгіп, өзінің сол отаудағы орнын айқындайды. Бұл – сыйластық пен реттілік бұлжымас татулық пен бірлікке әкеледі. Отбасында болсын, қоғамдық қарым-қатынаста болсын әркім өз орын-орнымен өмір сүрсе, бақ пен береке деген сол емес пе? Ана – отбасының киесі. Ер – елінің қорғаны).
Алайда біз атап өткен салт-дәстүрлер легі, тек қана, Маңғыстау қазақтарына тән деуден аулақпыз. Тарихи аласапырандардың тұсында қазақ халқының ұлттық санасы орасан дертке шалдығып, күйзеліске ұшырады. Ұлт сән-салтанаттан, жадынан біршама адасты. Ол қасірет Маңғыстау халқының да басынан өтті. Дегенмен, Маңғыстау халқы Исламдық бағыттағы тілі мен тегі туыс бауырлас ұлттар мен шекаралас болды. Өзгелермен жұрнақтасып жүріп қазақы салт-дәстүрді сақтап қалуға, өзге аймақтағы қазақтардан гөрі мүмкіндігі көбірек болды. Шындығында, салт-дәстүр барша қазаққа ортақ. Көрісу салты да баршамызға ортақ деген пікірді айту үшін, келіндеріміздің сәлем етуін мысалға алып отырмын. Себебі келіндердің сәлем ету дәстүрі бұл күнде барша қазаққа түсініктірек және жекелеген аймақтарда салтымызға қайта ене бастап жүр (тарихи зобалаңның салдарынан бір-бірімізді тосырқап, жатсынып өгейсінетін берекетсіздікке ұрындық. Сондықтан ортақ салтымызға да үрке қарап, әркелкі түсінікте жүрміз).
Наурыз – парсылардың сөзі. Парсылар қазаққа қарағанда отырықшы халық. Мал баққан халық секілді қарбаласпай жарық пен қараңғының теңелер сәтін жаңа жыл ретінде таңдап алған секілді. Қаланың халқы дидарласып көрісуге аса бір мұқтаж да емес. Сондықтан мерекелік жағына көбірек ден қойып, қалалы жерде көп болатын аш-жалаңаштарға көже беріп, ас-тағамға, қызыл-жасыл салтанатқа мән берілген сияқты. Әрине, тәрбиелік мәні бар тұстары да көп. Жоққа шығарып жадағайландырудан аулақпын. Дегенмен, қала халқының тұрақты мерекелік шарасымен, көшпенді қазақ халқының бір-біріне аман-есендік тілеп көрісе тұрып, қоштасқан сән-салтанатының арасында біздің қазаққа ғана тән жан сұлулығы мен бауырластықтың, пәк сезімнің өшпес өнегесі мен жан тербетер сағынышқа толы бір құпия сазы бар (әрине, көрісіп келген соң, қонақтау, сый-сыралғы көрсету рәсімдері өз алдына).
Бата – Алланың тарапынан нұрланып, сәулеленіп рухани күш-қуатқа ие болған шын алғыс пен тілек. Жеке тұлғаның және көпшіліктің жалқы мен жалпыға бағышталған көңіл ілтипаты. Бата алу – Алла тарапынан рахмани және рухани күш-қуат алумен қатар, нысаналы бағытыңның шындығы мен ақиқатына қоғамдық негізде көз жеткізіп, кепілдікке ие болу. Қазақта: «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас», «Батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Батасыз іс – баянсыз» деген мақал-мәтелдерді мысалға алсақ та жеткілікті (Баталы құл – бұл жерде Құдайдың құлы деген мағынада айтылып тұр). «Баталы сөз – аталы сөз» деген де қазақы ұғым бар. Ата-тек, түп-түбір, негізгі деген мән-мағыналарды береді. Демек баталы сөздің түп-түбірінде, тегінде: Тәңірлік негіз бар, өзгермейтін күш-қуат бар деген мағынадан туған үрдісті үкім шығар. Сондықтан бата бергенде де, бата алғанда да шын ықылас-ниеттілік таныту – қайталанбас сәулелі сәт, нұрлы шуақ, бақ-береке екенін сезіну керек.
Ат мінгізіп, шапан жабу деген де бір керемет дәстүр бар. Ат – ердің қанаты, шапан – ердің қамсауы, абыройы. Ат мінгізіп, шапан жапқанда да барынша дәріптеп, бағалап, тиісті рәсімдер орындалуы керек. Бере салу, ала салу, жаба салу, міне салу сияқты жадағайлықпен жалпақшешейлік құнын кетіреді. Жалпы ұлттық салт-дәстүр мен өнерді көздің қарасындай сыйлау және сыйлату парыз бен қарызымыз. Ұлттық өнерге келетін болсақ, өнердің тарихын өнерпаздардан бөліп қарауға болмайды. Мысалы, мысық сүтті өлердей жақсы көреді, бірақ оның қайдан, неден шығатынына бас ауыртпайды. Өнерін пайдаланып, өнерпаздардың тағдырына бас ауыртқысы келмейтін ықпалдылар да сол мысық сияқты. Қоғам осы немқұрайлықтан сақтануы тиіс. Ұлттың ұлттығын танытатын салт-дәстүрі мен өнері.
Халықаралық жағдайлардың құбылмалы тұрақсыздығымен әлемдік саяси күштердің (алпауыттардың) шикізат және мұнай сияқты өндірістік қуат көздеріне деген мұқтаждығы күннен-күнге өрескел өзімшілдіктің, бүлгіншіліктің бүркемелі әрекетіне айналып бара жатырғаны жасырын емес. Күллі қазақ даласы секілді, Маңғыстау өлкесі де шикізат қорына, әсіресе, мұнай кендеріне өте бай. Тарихи таным тұрғысынан өндірістік өлкені негіздей түсу үшін Отпан тауға Адай Ата кесенесі салынды. Сыртқы саяси күштердің алдында Тәуелсіздіктің тұғырын бекемдей түсу үшін қажет болған қадам. Амал-әрекеттерді бұқара халықтың санасында қалыптасқан салт-дәстүрлерден алуды мақсат тұттық. Ұлттық мәдени шараны ұйымдастыруға, жасауға бұқараның өзінің бастамашыл күш-қуатын пайдалану – көздеулі нысана. Ұлттың ішкі тұтастығы мен бірлігін кез-келген сыртқы саяси ойындардың қақпанына түспейтіндей дәрежеде қалыптастыру, қуаттандыру, жетілдіру, жігерлендіру амалдарын бұқара халық өз бойынан өзі іздеп табуға итермелеудің, әдістемелік көрнекілігін жасау. Үкімет тарапынан Отпан таудағы мәдени шаралардың барынша сән-салтанатпен өтуіне мән бергені дұрыс... Еңсесін көтерген Халық – Ерлік пен Бірлікті ту қылып ұстайды.
1. Салт-дәстүр негізінде қалыптасқан ұлттық, қоғамдық жүйені бүгінгінің талап-тілегіне ыңғайлап, қазақтың ішкі тұтастығы мен бірлігіне дәнекер – ұйытқы қылып, төл халықты әр аймақта оқшаулану мен әркелкіліктен сақтау.
2. Ұлттық мүддемізді қорғай отырып, ресми биліктің әлемдік саясат сахнасын да өз халқының үнсіз түсіністігі мен ішкі үйлесіміне, Бірлігі мен Тұтастығына табан тіреуін қамтамасыз ету.
3. Төл мерекенің аясында Елбасының және билік өкілдері мен зиялы қауымның, ақсақалдар мен азаматтардың бұқаралық негізде жылына бір рет бейресми бас қосып, бір Атаның ұрпағы ретінде сырласып, қауымдасуына жол ашу. Ұлттың жүрегі мен сезіміне және қандастық ар-намысы мен санасына жадыланып жазылатындай сырт көзден тыс үнсіз түсіністіктің дағдысына айналдыру (Амал мерекесінің аясында ұлттық мүддемізді сараптап отыратын бейресми, халықтық негіздегі Ұлттық Ұйымдық Кеңестің орталығына айналар еді). Бұл жүйені аяққа тұрғызып алған соң Түркі халықтарынан да бауырларымызды шақырып, өкілдер қабылдауға болар еді. Маңғыстаудағы тарихи ескерткіштерді көріп, саяхат жасауларына да мүмкіндік туар еді. Саяхаттық жүйені қалыптастыру тарихи тамырластығымызды қайта жандандыру мен қатар, «Отпан» этно-мәдени орталығының қаржылық қажеттілігін де шешіп отыруға көмектесер еді. Жаһандану жағдайында бізге керек ең ір бұқаралық мәдени шараның бірі осы болмақ.
4. «Адай Ата – Отпан тау» тарихи-танымдық, этно-мәдени орталықта салынған сәулеттік құрылымдардың аясында жастар мен жасөспірімдерге бағышталған ұлттық мақтаныш пен Отаншылдыққа бастайтын іс-шаралардың, пайдалы кеңестердің ғылыми-әдістемелік біртұтас жүйесін жасап, ортақ намысын оятып, ұлттық мүддеге жұмылдыру.
5. Маңғыстаудағы Амал мерекесінде аса маңызды орын алатын: «Қарашаңырақ және қарашаңыраққа келіп көрісу, қарақазаннан дәм тату, Бірлік отын жағу, бата беру, шапан жабу, әдеп (әдет), иманға үндеу» сияқты байырғы танымдық қағидаларды жалпы ұлттық төл мерекеге, рухани өзек пен желіге, қазаққа ортақ қандастық пен бауырластықтың жанды жұлынына айналдыру (қазақ даласына дәріптеу).
6. Отпан тауда Амал мерекесінде мемлекеттігіміз бен ұлттығымызға өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген бірегей тұлғалар мен қайраткерлерге, ғылым-білім иелеріне, салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, дәстүрлі дін мен имандылық бағытындағы ақпарат көздері мен жекелеген таным иелеріне, инабаттылықтың жаршысы болып жүрген әйел-қыздарға бұқара халық пен үш жүздің ақсақалдарының атынан шапан жабу, бата берудің аса терең мән-мағынаға негізделген, барынша сән-салтанатқа икемделген жол-жоралғы шарттарын жасау. Бұл да рухани тұрғыдан ұлттың тұтастығына қызмет жасайтын қарапайым амал-әрекеттің бірі (мадақтауға, бата беруге, шапан жабуға ылайық үміткерлер әр аймақтан және әртүрлі салалық негізде болуы керек. Саны өте аз мөлшерде іріктеліп алынуы керек. Ретсіз көбейсе мәні кетеді).
7. Бірлік отын жағудың ұлтқа рух беретіндей амал-шарттарын бекітіп, алаушаны аманаттаудың ережесін жасақтау.
8. Ұлтымыздың төл мерекесі Амал мейрамына қатысқан Үш Жүздің ақсақалдары мен бұқара халықтың атынан барша қазақстандықтарды бірлік пен берекеге шақырған Үндеу хатты жылма-жыл жариялап отыру. Бұл өз кезегінде қазақстандықтарға – қазақ халқының жетекшілік және жасампаздық бет-бейнесін көрсетіп тұрады (айтулы мерекенің, тек қана, ұлттық салт-дәстүр негізінде өтуін қадағалау. Өзге мәдениетті араластыра бастасақ, күндердің-күнінде өңі өзгеріп, көздеген мақсатынан адасып тынады).
Ақсақалдардың абыройын көтеріп, ақыл мен тәжірибеге, білім мен білікке, ұлттық ар-намыс пен мүддеге, отбасылық сыйласықтан бастап, Отандық деңгейге дейінгі қарым-қатынас жүйесіне ұлттық рухани құндылық пен тұрмыстық бояу беру – басты мақсаттың бірі... Заң әділ, қоғам шыншыл, билік ұлтжанды болмаса бұқара жетімдік көреді. Жетімді жемтігіне айналдырып, жетегіне алып қорлық пен зорлықтың аранына жығу өзгелердің күнделікті әлімжеттік әдетіне айналады. Біреулер: «Ақсақал жоқ!» – дейді. Заң мен шындықтың жүзі қара болса, Елдің жүзі, Ердің сақалы ешуақытта ақ болмайды.
Отпан таудағы аталмыш мереке мен мәдени шараларды жылда қайталаудың не қажеті бар деушілер де кездеседі. Өз басыңның қызығымен өлшесең, әрине, өмірде көп нәрселерді қайталаудың қажеті жоқ та болар. Ал ұлттық және ұрпақ сабақтастығымен өлшегенде барлық амал-әрекеттерді уақыттың, заманның рухани әлде тұрмыстық ыңғайына қарап, түп-тамырынан алшақ кетпей жетілдіре, жаңғырта отырып қайталау, жастардың бойына, жан дүниесіне сіңіру, дағдыға айналдыру аса қажеттілік.
Бірінші: Отпан тау – Қаратаудың ең биік шыңдарының бірі. Сол биік шыңды халықтың сыртқы жаудан қорғанатын тұғырына айналдырып, бабаларымыз жау келген жағдайда Ұран от жаққан. Бірақ бұл – мәселенің бір жағы. Оның үстіне кейбіреулер: «Бейбіт заманда Ұран оттың қажеті қанша?» – деген сөзді алға тартып, жоққа шығарғысы келеді. Бейбітшіліктің ақ құсы – қорғанысы мықты, күндіз-түні сергек және аса сақ отыратын күші толық, күтімі мол, Хақтан бастау алып, халықтан қолдау тауып, білімі мен берекетін ту қылып көтерген, ашылса алақан, жұмылса жұдырық бола білетін ел-жұрттың ғана бау-бақшасына қонып, алаңсыз тұрақ табатынын ұмытпау керек. Бейбітшіліке шақыру – аяушылыққа шақыру емес, тең тұрып сөйлесе алатындай дәрежеге жетіп, теріс пиғылдарға жол бермеу.
Екінші: Ұран – ойлануға, белгілі бір іс-әрекетке, дер кезінде мән беруге, аса маңызды шаралар мен шаруаларды айшықтап көрсетуге шақыру, көпшілікті қоғамдағы ең бір өзекті мәселеге қарай жұмылдыру, үндеу. Мысалы, имандылыққа, білімге, бірлікке, еңбекке, ерлікке, елдікке, отаншылдыққа шақыру. Елбасы Үндеулері, жақсылық пен жасампаздыққа бастау, жұмылдыру, бейімдеу, бағыттау, қанаттандыру, қамқорлау, алдын ала сезіндіру, бекіту, бекемдеу, тұрақтандыру және баянды ету. Армандау мен үміт ету, жалқы мен жалпыны, ой мен істі, ұрпақ сабақтастығын дәнекерлеудің негізінде ұран салу, бастама көтеру, белсенділікке итермелеу... т.с.с. ұғымдар жатқан жоқ па?! Демек Ұран салудың барлығын бірдей жаугершілік пен жамандықтың шылауына байлап беруге болмайды.
Үшінші: От – жарық, сәуле, жылу, қозғалыс және өнеркәсіп пен өндірістік мәдениеттің күш-қуаты. От – Күннің жарығы, Айдың сәулесі. Күн – тіршіліктің көзі. Шырақ жағып, май түтету, от жағып аластау да бабалардан қалған дәстүр. Қазақта: «Жалынды жастық», «Сәулелі ғұмыр», «Отты жүрек», «Қазаныңнан ырыс, ошағыңнан от кетпесін», «Көзінде от бар екен», «Жанартаудай лапылдап, жасындай жарқылдап» деген сияқты мақал-мәтелдер, сөз тіркестері көп емес пе?! Демек «От» деген сөзден де теріс айналудың қажеті қанша? Міне, осы айтылғандарды ойға түйіп, Отпан тауда жыл басы Амал мерекесінде Бірлік отын жақсақ, жарқын болашақ, сәулелі ғұмыр, жасампаз еңбек, жалынды намыс және белсенген бірлік пен берекетке, ұлттық тұтастыққа шақыру деген сөз болып шықпай ма? Мерекенің сәні, мерейлі тірлігіміздің мәні және шалқыған көңіліміз бен ұлттық күш-қуат жігеріміздің лапылдаған көрінісі болмай ма? Езіліп, еңкейе бергенде не ұтамыз?!
Маңғыстау өлкесінің ескі Қаратау бойындағы ең биік шоқыларының бірі, халық аузында Отпан тау туралы әңгіме желісі өте ескіден бастау алады және әртүрлі бағытта баяндалып, киелі мекен ретінде аңыздарға арқау болады. От-Ман атауының өзі тым ежелгі тарихтың куәсі екендігінің айғағы. Отпан таудың биік шоқысында Бірлік оты жағылып, халықты сыртқы жаудың бейқұт шабуылынан қорғануға шақырудың амалдары жасалынған. Ел қорғаған ерлердің табан еті мен маңдай терінің ізі қалып, жүректеріндегі Ар мен Намыстың, Елдіктің Рухы сіңген жер. Бабаларымыздың Ұлы Даланы ұрпаққа аманаттап аман-есен тапсыру үшін, түн ұйқысын төрт бөліп ұлтымызға тән береке-бірлік пен бейбітшіліктің туын құлатпай көкбөрідей жортуылдап, арыстандай айбат шегіп, жолбарыстай жағаласып, қырандай қырағылық танытып, ұран салып өткен жері.
Аты аталған сәулеттік мұраларға ұлттық таным мен имандылық және салт-дәстүріміз негізінде өрнектер мен сызбалар енгізілді. Құлпытастар мен қойтастардағы нақыштардың үлгілерін басшылыққа алдық. Ұлтты рухани тұтастық пен бірлікке және ортақ ар-намысқа шақыратын мән-мағыналарды ою-өрнек, сызбалар арқылы ұрпаққа аманаттауды басшылыққа алдық. Сәулеттік мұралар жөнінде мерзімдік ақпараттарда, «Адай Ата» кітабының үш томдығында қажеттілікке қарай баяндап, жазып отырған болатынмын. Сондықтан оның бәрін қайта таратып, ежіктеп отыруды жөн санамадым. Әркімнің көңіл көкжиегінің рухани кемел-кеңістігіне қарай өздерінше ой түйіп, ұйғарым жасауына мүмкіндік қалдырғанымыз дұрыс болар. Басты мақсат – Аллаға құлшылық жасай отырып, әулиелер мен ата-бабалар рухын және ұлттық тарихты ұрпаққа өнегелі өріс қылып, өз тамырымыздан көктеп, жетілу.
Маңғыстау – түсініп, тарихи-таным тұрғысынан ойланып, пайымдаған жанға қазақтың қарашаңырағы, бірлігі мен берекесінің алтын бесігі, салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпының және имандылықтың ошағы, рухани астанасы.
Жұмыртқаның сары уызы балапан болып, жетіліп, жарық дүниеге шыққанша оның сыртқы қабығы қандай қажет болса, қазақ халқы да іштен түлеп, қайта ұлт болып, кемеліне толып жетілгенше «Демократия» атты әлемдік қауымдастықтың саяси сауытын дәл солай пайдалану – біз үшін де аса қажет және керек екені түсінікті.
Мен таным-түйсігім мен қарапайым ақыл-ойымның шеңберінде ғана қысқаша ой-өрбітіп, перзенттік жан даусымды жеткізуге тырыстым. Кемшіл тұсына кешірім сұрап, өршіл тұсына өкінбейтіндігімді де айтқым келеді.
Ноқталы қайыс, шідерлі шалыс, бұйдалы жетек Маңғыстаудың оқшау күй кешіп, көзтүрткілік пен сөзтүрткіліктен ғасырлар бойы шаршағаны баршамызға аян. Қолда барды жоғалтпай ғылым мен білімді игеріп, өсіп-өніп, елдің тыныштығын сақтай отырып, тәжірибесі барлардан тәлім алып, кеңесіп-кемелденіп, іштен түлеп, алыс-жақынмен араласа жүріп жетілгені дұрыс секілді. Алпауыт әлем ашығып тұрғанда наны бар адамның назарға түсе бергені жақсылықтың нышаны емес. Бәлелі жерді баспай, ақыл мен айланы, білім мен білікті, қанағат пен төзімді жолдас қылып, «екі қолға – бір күрек» еңбек етіп, қоғамның тамырын, заманның әмірін жүрекпен сараптап, тілекпен парақтап әр нәрсені уақытымен пайымдап, бабалар аманатын балаларымызға табыстау үшін ғұмыр кешуіміз керек. Адам түгіл ағаш та қыраулы қыс келгенде тамырын аман сақтау үшін, тағдырын желдің өтіне беріп, көп иіліп, көктемін күтеді. Іште де, сыртта да жау көп, сақтану керек! Тәй-тәй басқан тәуелсіз Отанымыздың бақытты шағы, базарлы дәурені жақын болғай! Бәрі де сол үшін... Бір Алладан тілеп, Алланың сүйген құлдары Әулиелердің демеуіне сеніп, рухымызды біріктіріп, ұлттық болмысымызды жаңартып, толысып, тұтастыққа жетсек қазақтан көп, қазақтан күшті халық болмайды.
Сабыр АДАЙ, ақын.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері. Махамбет атындағы сыйлықтың және «Құрмет» орденінің иегері.
«Адай Ата-Отпан тау» тарихи танымдық этно-мәдени орталығын салу идеясының авторы.
«Мұңал Ата – қарашаңырақ» кітабынан (2015 жыл)