Функционалдық стильдердің бір тармағы – көркем әдебиет тілін зерттеуде әңгіме негізінен екі түрлі проблема төңірегінде болады. Олар: 1) жалпы ұлттық әдеби тілдің даму барысындағы көркем әдебиет тілінің орны, 2) жеке жазушылардың сөз мәнері (даралық стилі). Бұларды тағы екі түрлі тұрғыдан қарастыруға тура келеді: бірі – ш е б е р л і к, екіншісі – нормалылық тұрғысы. Ашып айтсақ, біріншісі – көркем әдебиет тілін, яғни «поэтикалық сөзді»50 стилистика объектісі ретінде қарастыру, екіншісі – жалпы ұлттық әдеби тілдің белгілі бір қаттауының, айталық, лексикасының немесе грамматикасының нормалары мен ұлттық көркем тіл нормаларының арақатынасы, қарым-қатынасы және бұл нормалардың көркем текстерде көрінуі тұрғысынан қарастыру.
Бұл екі түрлі зерттеудің объектісі біреу – көркем әдебиет тілі болғанымен, олардың көздейтін түпкі мақсаттары мен талдау әдістерінде үлкен айырмашылық бар. Алдыңғысы лингвистикалық стилистика деп аталатын салаға жатса, соңғысы тіл нормаларының қалыптасып, орнығуы, яғни сөз мәдениеті деген саланың проблемалары болып шығады. Мұның себебі көркем әдебиет тілінің өзі «екі планды» екендігінде: біріншіден, ол «жалпы» тілге жатады, соның үдесінен шығуға тиісті болса, екіншіден, көркем шығарма тілі сол туындының «символдық құрылымына» бағынуы керек 51.
Жалпы стилистика – шеберлік туралы ғылым саласы, оған тілдің көріктеуіш құралдары, солардың көркем әдебиетте қолданылуы жайындағы зерттеулер жатады. Көркем әдебиет өнер туындысы болғандықтан, оның тілі сол өнердің құралы, «материалы» ретінде қаралып, ол да ө нер, демек, шеберлік тұрғысынан сөз болуы қажет.
Жалпы тіл білімінде стилистиканы: 1) тілдің стилистикасы, яғни системалардың жүйесі (стилистика языков); 2) сөздің стилистикасы, яғни тіл элементтерінің жалпы халықтық қолданысын зерттеу (стилистика речи); 2) көркем әдебиет стилистикасы, яғни поэтикалық зерттеу деп бөліп қарастырады52. Бізде, қазақ ғылымында, негізінен, алдыңғы екеуі зерттеу объектісіне көбірек айналып, соңғы сала кенжелеп келе жатқанын айту керек. Дегенмен мүлде жоқ деуге болмайды. Е. Жанпейісов, X. Нұрмаханов, М.Серғалиев, X. Кәрімов, Б. Шалабаев сияқты зерттеуші ғалымдар бірқатар жазушылардың сөз шеберлігін, көркемдік тәсілдерін талдап танытады. Демек, көркем шығармалар тілін стилистика объектісі етіп зерттеуде жазушының эстетикалық талаптарды өтеу шеберлігі, яғни қалам иесінің қолтаңбасы, сөз өрнегі (мәнері) талданады.
Жазушы шығармасында айтпақ идеясын, бермек образдарын және көрсетпек суреттерін тіл арқылы білдіреді. Көркем шығармада н е н і ң суреттелгені ғана емес, қ а л а й суреттелгенінің мәні зор. Сол «қ а л а й »-ды көрсету – стилистиканың міндеті. Қайталап айтсақ, стилистика сөз эстетикасын, сөздің контекстегі рөлін зерттейді. Демек, лингвостилистика ұлттық көркем тіл мәдениеті дамуының негіздерін көрсететін ғылым саласы болады. Стилистиканың лингвистикалық міндеті с т и л ь д і к әсердің өзін емес, сол әсерді туғызатын тілдік механизмдізерттеу болып табылады.
Стилистика мен сөз мәдениеті мүдделері тоғысып жатады, өйткені тіл элементтерінің көркем сөзде дұрыс не бұрыс қолданылуын (яғни сөз мәдениетінің бұзылып не сақталып тұрғандығын) анықтау үшін әуелі сол элементтің қай орында, қандай мақсатта жұмсалып тұрғандығын, яғни стильдік жүгінің бар-жоғын білу керек. Сөздің стильдік бояуы ол сөздің негізгі мағынасына үстелген қабат болғандықтан, сол қабаттың сыр-сынын тауып алу қажет болады. Зерттеушілер стилистика мен сөз мәдениеті проблемаларын бір-бірімен байланыстыра қарастыру – бүгінгі күннің көкейкесті шаруасына айналып отырғандығын көрсетеді. Сөйтіп, стилистиканың мақсаты – тіл элементтерінің жұмсалуын бағалау болғандықтан, олардың орынсыз, қате қолданылуын тауып-талдау тіл мәдениеті міндеттерімен ұштасады.
Функционалдық стильдің бір тармағы – көркем шығарма тілін лингвостилистика тұрғысынан зерттеуде мыналарды нысанаға алады:
а) «автор образы» дегеннің көрінісі;
ә) баяндаудың түрлері;
б) кейіпкерлердің сөзін беру (кейіпкерлерді сөйлету) принциптері;
в) кейіпкерлер тілі мен автордың өз тілінің көрінісі.
Бұл – негізінен, көркем проза стилистикасына қатысты проблемалар. Ал драматургия мен поэзия салаларында лингвистикалық стилистика бұдан өзгеше мәселелерді қояды.
Орыс лингвистикасында д р а м а т у р г и я тілі жан-жақты, жақсы зерттелгендігін байқаймыз. Бұл салада мынадай мәселелерге көңіл аударылған:
а) кейіпкерлер образын тіл арқылы көрсету;
ә) кейіпкерлер тілі арқылы ауызекі сөйлеу тілінің типтенуі (типизация);
б) драмада сөз мағынасын стильдік мақсатта пайдалану.
Поэзияға келсек, мұндағы лингвостилистикалық ізденістер мүлде ерекше болмақ. Ең алдымен, поэзияның өзі «тұнып тұрған» образдылық (бейнелілік) болса, сол образдылықты жасайтын құралдар мен тәсілдерді зерттеу міндеті тұрады (образдылықты танып-таныту – әрине, көркем проза мен драматургия стилистикасының да «шаруасы»). Лингвистикалық стилистика көркем сөздің ерекшеліктерін зерттейтін болғандықтан, оған ырғақ, эвфония, поэтикалық синтаксис, сөз арқылы берілетін бейне (словесный образ) сияқты тарамдарды қамтитын лингвистикалық поэтика кіреді. Поэзия тілін лингвостилистика тұрғысынан зерттегенде, ең алдымен, ондағы образ жасампаздық (образотворчество) мәселесі көзделеді. Ал образ жасампаздық тіл элементтерін (құралдарын) жазушының өз қаламында жарата білуі арқылы пайда болады. Сөз-образдардың түрлерін, оның ұлттық бояуын (колоритін) тану да – поэзия стилистикасының міндеті. Қазақ тіл білімінде бұлардың барлығы да – әлі жүйелі түрде зерттелмей келе жатқан салалар. Ең алдымен, қазақ стилистикасында лингвистикалық негізде «автор образы» дегенді монографиялық планда арнайы танып-білу мүлде сөз болмаған зерттеу объектісі екенін айту керек.
«Автор образы» – тіл жағынан алғанда, көркем шығарманың мағыналық стильдік діңгегі53 («автор образы» деген мен «шығарма авторы» бір емес екендігін ескерту артық болар). «Автор образын» анықтау дегеніміз – сол шығарманы стилистика тұрғысынан талдау деген сөз. «Автор образын» шығарманың баяндау стилінен, диалогтар мен монологтерді беру үлгісінен, экспрессивтік-стильдік элементтерінен көріп, тануға болады. Қысқасы, «автор образы» – лингвостилистикалық проблема.
Көркем шығарма құрылымы жағынан баяндау (автор сөзі) және диалогтер(кейіпкерлер сөзі) болып бөлінеді. Сондықтан көркем шығармада баяндаудың авторлық нормаларын айқындап алу қажеттілігі туады. Көркем прозада баяндаудың төрт түрлі болатыны айтылып келеді:
Баяндау автордың өз атынан жүргізіледі. Көркем прозаның көптеген туындылары, әсіресе роман, повесть сияқты ірі үлгілері баяндаудың осы түрімен жазылады. Мысалы, М.Әуезовтің «Абай» эпопеясы, Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлкесі», Ғ.Мұстафиннің «Шығанағы», Т.Ахтановтың «Бораны», Ә.Кекілбаевтың «Үркері» т.б.
Баяндау әңгімелеуші кейіпкерлердің атынан (бірақ стильдік бояусыз) жүргізіледі. Қазақ көркем сөзінде бұл әдіс те көп қолданылады. Әсіресе авторлық баяндаудың бұл түрі қысқа әңгіме, повестерде кеңінен пайдаланылады. Мысалы, М.Ысқақбаевтың «Арпабектің сары атаны» деген әңгімесі, Ш.Мұртазаевтың «Табылған теңіз» повесі кейіпкер атынан баяндалғанымен, бұлардың тексінде автор жергілікті сөз, қарапайым сөз, ауызекі сөйлеу тілі элементтері дегендерді әдейі қолданбайды. Стильдік элементтер мұндай шығармаларда диалогтерде ғана жұмсалады.
Әңгімелеуші кейіпкер аталмайды, бірақ баяндау стилі сол кейіпкердің көзқарасымен (бағалауымен, тануымен т.т.) беріледі. Мысалы, Ә.Кекілбаевтың «Құс қанаты» повесі ауылда туып-өскен, оқымаған «шұбалаң жаулық қара кемпірдің» көзімен (сөзімен) баяндалады. Сондықтан мұнда ауызекі сөйлеу тіліне тән қарапайым элементтерде: бозымбай (боз өкпе), ұшпақ (жұмақ), бұтқа толу (бәлдену), тортиып жүру (ренжу), жырқылдау т.б. сияқты қарапайым сөздер де, бойлы-сойлы (жақсы, текті), дызықтау (асығу), бөтеке (бүйрек), шатпа (төрт қанат киіз үй) т.б. тәрізді жергілікті сөздер де, шүйке бас, сидаңдаған қу сирақ, енесі пақыр, атасы жарықтық сияқты т.т. стильдік бояуы бар өзге сөздер де автор тілінен орын алған.
Сол сияқты Ә.Нұрпейісовтің «Сең» романындағы авторлық баяндаулардың жалпы бояуы (тоны) да көп нәрсені түзетпек болған, тартылып қалған Аралдың тағдырына араласпақ ниеті бар, өзі адал, сондықтан «жуан қаралар» мен беймаза Бәпиза жұбайына, тойымсыз енесіне – қысқасы, айналасына сын көзімен қарайтын бас кейіпкер – берекесіз тірлік кешкен «ит мінезді» Жәдігер Әміржановтың танымы, бағалауы, көруі арқылы берілген.
4) Әңгімелеуші аталады да шығарма сол кейіпкердің аузымен баяндалады. Баяндаудың стильдік бояуы әңгімелеуші кейіпкердің сөз саптауына бағындырылады. Мысалы, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» атты әңгімесі І жақтан сөйлеген автор сөзімен басталғанымен, ондағы әрі қарай баяндалатын барша оқиға жолаушылап келе жатқан адамдардың бірі – 30-40 жастардағы қарапайым ауыл адамының аузымен, соның сөйлеу үрдісімен беріледі. Сондықтан мұнда сөйлемдер қысқа-қысқа. Әңгімеде немене еді, тәйірі соның өлеңі... ой, Алда-ай, қызық заман екен-ау... әйдай («Есімбектің үлкен үйі лық толған адам, қымыз ішіп, әйдай, қызды-қызды болып жатыр екен»), дүниені сөткен адам... Зәйкүл – сөзшең қатын... Айнабай – қызыл көзді пәле... деген сияқты ауызекі тілдің сөз мәнері еркін қолданылған.
Міне, баяндаудың осындай төрт түріне байланыстыра сөз тандау, сөйлем құрастыру заңдылықтарын (нормаларын) танып-білу қажеттігі туады, бұл – қазақ тіл ғылымында әзірге там-тұмдап қолға алына бастаған сала. Бұл ретте соңғы жылдарда жарық көрген X. Кәрімовтің «Қанатты тіл» (1995) монографиясы, Б. Шалабаевтың «Көркем проза тілі» (1994), М. Серғалиевтің «Көркем әдебиет тілі» (1995) атты монографияларын атаймыз.
Сондай-ақ «қазақ көркем сөзінде диалогтер арқылы образ жасау деген бар ма, бізде «қала тілі», «ауыл тілі» (орыс тіліндегідей «городская речь», «крестьянская речь» т.т.) дегендер бар ма, бар болса – олардың көркем әдебиеттегі көрінісі қандай, жоқ болса – диалогтерді беруде өзге ерекшеліктер байқала ма?» деген мәселелер де күн тәртібінде тұр. Осы орайда бұрынғы (бұдан 50-60 жылдар бұрынғы) және қазіргі (соңғы 20-30 жыл ішіндегі) қазақ прозасында автор сөзі мен кейіпкер сөзінде айырмашылық бар ма, жоқ па; автордың тіліндегі белсенділігі (жазушының өзіндік көрінісі) деген байқала ма; кейіпкер тіліне автордың килігіп кетуі, яғни өз тілін кейіпкердің аузына салуы немесе керісінше, авторлық баяндаудың кейіпкер тілімен берілуі деген сияқты стилистиканың тың мәселелері алдымыздан және шығады.
Сөйтіп, лингвостилистика көркем текске эстетикалық сипаттама беруді көздейді, яғни көркем шығармадағы сөздің ерекше қызметін: стильдік жүгін, құбылысын айқындайды.
Ал көркем шығарма тілі мен жалпы ұлттық әдеби тіл нормаларының арақатынасын қарастыратын екінші аспектіге келсек, бұл ретте, ең алдымен, ұлттық көркем сөз нормалары дегеннің өзін анықтап алу қажет. Содан соң көркем әдебиет тіліндегі осы нормаларға сай келетін немесе сай түспейтін сәттерді, яғни нормадан уәжді (мотивті), уәжсіз (мотивсіз) ауытқуларды тауып көрсету мақсаты қойылады. Көркем туынды тілін жалпы әдеби тіл нормасы тұрғысынан зерттеу алдыңғы лингвостилистикалық ізденістермен ұштасып жатқанымен, бұл – өз алдына бөлек ғылыми ізденіс болмақ.
Көркем әдебиет тілі – кең планды проблема. Оған стильдік ізденістер тұрғысынан келіп, өнер ескерткіші ретіндегі көркем шығарманың тілдік болмыстың талдау мен сол ескерткішті тұрғызушының, яғни жазушының шеберлігін танып білу де жатады.
Сонымен қатар «қалам иесі қазақ әдеби тілінің бүгінгі жалпы ұлттық нормаларына құлақ асып отыр ма, жоқ па, ол нормалардан ауытқулар бар ма, бар болса, себептері қандай?» деген мәселелер де көтеріліп, аталған проблема нормативтік-статикалық аспектіде де сөз болуға тиіс. Қай тұрғыдан қаралса да, белгілі бір кезеңдегі көркем әдебиет тілінің параметрі сол дәуірдегі әдеби тілдің даму бағытымен әрі принциптерімен өлшенеді.
Көркем туынды тілінің негізі де, қоры да, көзі де – жалпыұлттық тіл, жалпы әдеби тіл екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан бүгінгі танда көтерілетін сөз мәдениеті (мейлі қай жанрдың сөз өрнегі әңгімеленсе де), сайып келгенде тілдік нормаға барып тіреледі. «Қазақ көркем әдебиетінің тілі сол нормалар үдесінен шығып отыр ма, жоқ па?» деген проблема – өз алдына ғылыми зерттеу объектісі болуға тиіс. Көркем әдебиет стилі қазақ әдеби тілінің қалыптасып, дамуы барысында басты рөл атқарып келгені мәлім. Бұл күнде де қоғамдық-публицистикалық; ғылыми стильдермен қатар, әдеби тілдің жетіле түсу процесінде белгілі дәрежеде елеулі орын алып отырған көркем әдебиеттің тілін тек лингвостилистикалық аспектіде ғана емес, әдеби тіл нормаларын сұрыптау, тұрақтандыру, сөз мәдениетін көтеру тұрғысынан да зерттеу қажеттігі туады. Соңғы мақсатта жүргізілетін ғылыми ізденістер қазақ тілінің ұлттық көркем әдеби нормаларын айқындау, оның ерекшеліктерін таныту, әдеби стандарт пен нормадан ауытқу құбылыстарының сырын ашып, табиғатын, дұрыс-бұрысын көрсету сияқты тың ғылыми-теориялық мазмұнды жұмыстарды ұсынуға мәжбүр етеді.
Оның үстіне көркем әдебиеттің жанды процесінде оның қазақ әдеби тілінің қазіргі кезеңдегі дамуына жақсы әсер етіп отырған жағымды жақтарымен катар, тілдік-эстетикалық талғам шарттарына сай келмейтін жағымсыз сәттерін көрсетіп, оларды түзейтін ғылыми негізді ұсыныстар жасау қажеттігі даусыз. Бұл – бүгінгі күнгі теориялық та, қолданбалы да тіл біліміне қойылып отырған басты талап. Демек, көркем әдебиет тілін синхронды-нормативтік тұрғыдан зерттеу – бүгінгі қазақ тіл білімінің өзекті проблемаларының бірі болмақ. Әрине, алдымен диахронды-нормативтік ізденістерге барудың жөні бар. Ал бүгінгі таңдағы талап – тіл мәдениетін көтеру тұрғысынан қарасақ, синхронды-нормативтік зерттеулерге баса көңіл аудару қажет болады. Атап айтқанда:
жалпыхалықтық ұлттық әдеби тіл нормалары мен көркем тіл нормаларының айырым белгілері, ұштасатын-ажыратылатын тұстары, даму принциптері мен бағыттары қандай?
Қазіргі қазақ көркем әдебиеті тілінде ұлттық әдеби тіл нормасынан ауытқушылықтар бар ма, ол ауытқушылықтардың жөнімен-жөнсіз (уәжді-уәжсіз) түрлері қандай және ауытқушылық көркем әдебиеттің кай жанрында, тілдің қай қаттауында көбірек сезіледі?
«Жазушы тіл құралдарын творчестволықпен жұмсай білген бе, жоқ болса, оның қазіргі сөз мәдениетімізге тигізетін әсері, зияны қандай, қай дәрежеде?» деген проблемалар қойылады.
Көркем әдебиет тілін стильдік ерекшеліктер мен сөз мәдениеті тұрғысынан зерттеуде де объектілерді проза, поэзия, драматургия түрлеріне бөліп, айырып талдау, тану керек. Оның үстіне қатты ескеретін нәрсе – нормалылық дегенді тілдің қай қаттауына (қабатына) қарай іздеу керектігі. Айталық, лексика қабатына қатысты нормалылықты зерттеу объектілері жағынан ғана емес, сөздің семантикалық мағынасымен қатар, эстетикалық жүгін есепке алып отыру жағынан да ерекшеленеді. Және бұл ерекшелік проза тілі мен поэзия немесе драматургия тілінде тағы бөлініп кетеді. Синтаксистегі нормалылықты іздеу – ең алдымен, көркем текстің стильдік-эстетикалық нысанасымен көзделеді. Синтаксистегі түзулік (нормалылық) структуралық (жалпы тілдік) нормаға сайма-сай түспейді. Көркем әдебиет тілінде структуралық нормадан ауытқу көркемдік талабынан шығып тұрса, ол – көркем тілдегі нормалылық болғаны. Бұндай «нормадан тыс нормалылық» поэзия жанрында мүлде айрықша болып келеді.
Стилистикада лексиканы талдап-тану басты орын алады, тегі, ол синтаксистен қалыспайды. Сондықтан көркем әдебиеттің (басқаларының да) тіл мәдениетін зерттеуде де лексика-фразеологиялық қабат алдымен қолға алынуға бейім. Қазақ көркем әдебиетінің проза саласындағы лексикалық нормаларды танып-білуде, біздіңше, бүгінгі таңда мынадай сәттерге (объектілерге) назар аудару қажет:
диалектизмдердің (жергілікті элементтердің) жұмсалуы, яғни орыс тіл білімінде диалектизация деп аталатын құбылыстың қазіргі қазақ көркем әдебиеті тіліндегі көрінісі, күй-қалпы, өріс алу бағыты;
жалпыхалықтық тілге тән бейнелі (образды) сөздерді жұмсау тәсілі, фразеологизмдердің сөгілуі;
қарапайым, көне, сирек сөздердің жұмсалуы;
синонимдерді тандау; идеографиялық және стильдік синонимдердің қолданысы;
лексикалық жаңа қолданыстардың орын алуы (қажетсіз тұста жаңадан сөз жасау немесе қажеті бар жерде ұсынылған жаңа қолданыстың сәтті-сәтсіз болуы);
штамп сөздер мен тіркестерді қолдану; сөздердің тіркесу аясын кеңіту арқылы сөз мағыналарын жаңғырту;
лексикалық варианттардың қолданысы, яғни морфологиялық, орфограммалық, семантикалық, генезистік т.б. жарыспалы элементтердің дұрыс-бұрыс жұмсалуы;
белгілі бір сөз тудырушы элементтердің және синтаксистік тәсілдердің көркем әдебиет тілінде активтенуі;
көркем әдебиет тілі арқылы лексиканың стильдік жіктерге (поэтизм, қарапайым сөздер, канцеляризм т.т.) ажыратыла түсуі.
Бұл объектілердің бірқатарының зерттелуі сөз орындылығына (функционалдығына) қатысты болса, бірсыпырасы әдеби тілдегі варианттылық проблемасына тікелей байланысты, яғни әдеби нормаға қатысты ең үлкен мәселенің бірі – тіл элементтерін (айталық, сөздерді) өз орнында, өз қызметінде дұрыс жұмсау жайында болса, екіншісі – варианттылық, жарыспалылық туралы болмақ. Бұл екеуі – жалпы тіл мәдениеті проблемасының өзегі, ең мәнді жақтары54.
Осы объектілерді зерттеу үстінде қазақ көркем әдебиеті лексикасының ұлттық нормалары айқындалады; қазақ әдеби тілін проза тілі арқылы нормалану процесі танылады; бұл процесте орын алатын сөз таңдау принциптері айқындалады; жалпы әдеби нормадан ауытқу құбылыстары танытылады.
Сонымен қатар көркем шығарманың лексикасын әдеби норма аспектісінен зерттеуде әңгіме екі үлкен мәселе айналасында болады: бірі – сөзді дұрыс қолдану, екіншісі – сөзді әсем қолдану жайттары. Алғашқысында сөздін нейтралдық мәні, коммуникативтік қызметі, соңғыда сөздің көркемдік мағынасы, стильдік қызметі нысанаға алынады.
Біріншіден, бұл жерде әңгіме жалпы әдеби тіл нормаларын бұзбай қолдануды ғана шарт деп санау – мүлде қисынсыз меже. Көркем әдебиет – көркем дүние, өнер туындысы, ол – жалаң информация құралы емес, сол информацияны әсерлі, әсем түрде жеткізу, суреттеу құралы. Демек, көркем текстегі сөздердің д ұ р ы с, орынды, норма сақтап жұмсалуы әсем жұмсалуға бағындырыла қаралуға тиіс. Көркем шығарма тілінің публицистика, ғылыми стиль сияқты өзге стильдер тілінен басты ерекшелігінің бірі – осында. Егер көркем туынды жалпы грамматика мен лексиканың бірде-бір нормасынан (ережесінен) бір адым ауытқымай, «түп-түзу», «дұп-дұрыс» жазылса, ондай шығарма оқушы сезіміне әсер етпес еді, ол «көркем» деген анықтаманы ақтай алмас еді. Міне, зерттеу әдісінде ескерілетін шарттардың бірі – осы.
Өйткені сөз дұрыстығы (мәдениеті) немесе тілді дұрыс қолдану (правильность речи) дегеннің өзін біржақты түсінуге болмайды. Жалпы сөз дұрыстығы дегеніміз – тілдің құрылымдық, яғни сол тілдің табиғатына тән заңдылықтарының сақталуы. Олар тілдің құрылымын баяндайтын грамматика оқулықтарында, оқу құралдарында, сөздіктерде т.б. танытылады. Бұл заңдылықтар мектепте сол тілді алғашқы үйрету барысында айтылады. Бұл – тілдің ережелерін, ішкі табиғи зандылықтарын бұзбай, жалпы түзу қолдану мәселесі, ал тілді әсем және орынды қолдану зандылықтары және бар. Демек, жалпы тіл нормасы дегенмен қатар, лингвостилистикалық нормалар да болады дегенді, яғни қолданбалы стилистиканың объектісі – жалпысөз (тіл) мәдениеті, лингвистикалық стилистиканың объектісі – көркем сөз мәдениеті екенін айырып зерттеу – қазақ тіл білімі үшін тың проблема.
Лингвостилистикада қарастырылатын фраза құру (построение фразы) және текст түзімі (текстообразование) деген зерттеу объектілері де бізде, қазақ тіл білімінде, өз алдына арнайы зерттеуді күтіп тұр. Фраза құру мәселесі екі тұрғыдан қарастырылуға тиіс: бірі – фраза құрайтын сөздерді тандау, екіншісі – фразаның құрылысы (тұрақты конструкцияларды бұзу, плеонастық құрылымдар түзу т.т.). Бұлардың ішінде жеке мәселелер ғана, мысалы, тұрақты тіркестердің, мақал-мәтелдердің трансформациясы немесе текст түзудің кейбір мәселелері жалпы суреттеу (фактінің констатациясы) ретінде кандидаттық диссертация дәрежесінде зерттеле бастады, бірақ бұл тақырыптардың әңгімеленуі таза лингвостилистикалық тұрғыдан көп қарастырылған емес.
Екіншіден, көркем проза тілінің лексикалық нормасын айқындауда оны әдебиет жанрларының даму бағыттарымен тығыз байланыстыра қарау әдісін қолдануға тура келеді. Айталық, бүгінгі қазақ көркем прозасында әр алуан тіл элементтерінің стильдік тезге түсу (стилизация) процесі етек алу бағыты көзге түседі.
Стильдік тезге түсу дегеніміз – шығарманың тақырыбына, жанрына, эстетикалық мақсатына және «автор образы» дегенге, яғни автордың айтпақ идеясына, көзқарасына, позициясына тілінің үндес келуі. Мысалы, тарихи шығарма авторы жеке атауларды таңдауда болсын, кейіпкерлерді сөйлетуде болсын т.т. суреттеп отырған дәуір шындығына мейлінше жақын, сәйкес келуді көздесе, ол – тарихи стилизация болмақ.
Стилизацияның түрі сан алуан. Қазіргі қазақ көркем әдебиетінде интеллектуализация, интимизация, фольклоризация сипаттары бар шығармаларды іздестіріп, талдау керек. Осылардың қай-қай түрі де сөз таңдау өрісін кеңітеді; шығарма тексінің композициялық-синтаксистік құрылымын, монологтер мен диалогтерді берудің жаңа тәсілдерін іздестіреді, лексиканың тақырыптық топтарын байытады т.т.
Мұндай «...изацияланған» шығармаларда жанр талабын өтейтін нормадан тыс лексикалық элементтер мен грамматикалық тұлға-тәсілдердің орын алуы – заңды. Сондықтан олардың баршасын нормасыздық, яғни нормадан ауытқу, сөз мәдениетінің бұзылуы деп тануға болмайды.
Үшіншіден, көркем сөздің лексикалық нормасына тарихи даму (өзгеру) тұрғысынан қарау – зерттеудің басты амалдарының бірі болмақ. Сөз жоқ, қазақ көркем прозасы нормасының және мәдениетінің бүгінгі күй-қалпы мен сипаты өткен ғасырдағы және үстіміздегі ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы түрімен бірдей емес. Айталық, соңғы 30-40 жылдың ішінде проза жанрында тілдің сөздік байлығын мейлінше кең қамту бағыты пайда болды. Ол үшін жұмсалу аясы шектеулі диалектизмдерді де, мағынасы күңгірттенген көне сөздерді де, бұл күнде жиі жұмсалмайтын мән-мағынасы бейтаныстау сирек сөздерді де, жаңадан еніп жатқан қолданыстарды да кәдеге асыру әрекеті бар екенін айтуға болады.
Жергілікті ерекшеліктерді зерттеуші диалектолог ғалымдар қазақтың көрнекті жазушыларының шығармаларында, автор сөзінің өзінде бірсыпыра кәсіби сөздер мен диалектизмдердің орын алғандығын айтады. Мысалы, Ә.Нұрпейісовтің, Ә.Сәрсенбаевтың прозалық шығармаларында Арал, Каспий балықшыларының тіліне тән бірқатар кәсіби атаулардың мағыналары сілтемеде көрсетіліп, орынды қолданылғандығын Шора Сарыбаев атайды. Зерттеуші сонымен қатар Әбдіжәміл Нұрпейісовтің тілінде тек кейіпкерлер емес, авторлық баяндауларында да жергілікті сөздердің біршама кездесетіндігін көрсетеді.
Сондай-ақ Дүкенбай Досжановтың шығармаларында өзге өлке тұрғындарына түсініксіз, жалпы қазақ әдеби тіл нормасында жоқ сөздердің жиі қолданылатындығын көркем әдебиет тілін қадағалап келген Ғабит Мүсірепов атап көрсеткенін білеміз (1984 жылы өткен «Бүгінгі қазақ прозасының тілі» атты конференцияда жасаған баяндамасында). Тіл маманы – Байынқол Қалиев те Д.Досжановтың 1966 жылы шыққан «Жусан мен гүлдер» атты кітабынан55 бастап, 1980 жылға «Табалдырығыңа табын» деген сияқты көлемді-көлемді 9 кітабынан 400-ге тарта әдеби нормаға кірмейтін сөзді жинап алып, оларды топ-топқа бөліп әңгіме етеді. Зерттеуші Д.Досжанов тілінің байлығын, көркемдігін, оның тілге келгенде іздемпаздығын ерекше атай отырып, диалектизмдерді шамадан тыс көп және уәжсіз қолданғандығын кемшілігі деп табады. Жазушы қолданған әдімулық («жақсылық»), әтел («оңтайлы, әзір»), бәйшең («бейпіл»), енепат («алапат, жойқын»), көлпар («күпілдек), мәп («олжа») сияқты есім сөздер мен қылтқу, леглу, салмақсоқтану, уажымдау сияқты етістіктер тіпті диалектология сөздіктерінде тіркелмеген жергілікті не сөйлеу тілі элементтері болып табылады дейді56. Зерттеуші олардың диалектологиялық сөздіктерге кірмегендерін контексімен алып көрсетіп, беретін мағыналарын (жақша ішінде тырнақшамен көрсетілгендер) шамалайды. Мүмкін, бұл 400 сөздің ішінде бірен-сараны диалектизм болмай, көне сөз немесе жасанды тұлға болуы, бірақ қайткенде де жазушымен жерлес, өңірлес емес оқырман Дүкенбай шығармаларының кей тұстарын қиналып оқитындықтары, бейтаныс сөздерге бола сөйлем мағынасын тап басып, тани алмайтындықтары айтылған.
Сөйтіп, жазушы Д.Досжанов тілінде уәжді-уәжсіз диалектендіру (диалектизация) құбылысы бары байқалады екен, қаламгердің 8-9 шығармасында әдеби нормадан тыс тұрған 400-дей сөздің қолданылуы – біздің байқауымызша, жазушының салақтықтан, әдеби тіл нормасын білместіктен емес, саналы түрде өзі қалап барған әрекеті сияқты. Бұл әрекет ішінара өзге жазушыларда да байқалатынын біз де атаған болатынбыз57.
Әрине, әдеби тілде баламасы жоқ немесе сын есім, үстеулерге үстеме реңк беретін синоним қатарларын түзетін диалектизмдерді уәжімен (орнымен, қажеттіліктен шығарып) қолдану – көркем әдебиетке сыйымды, дұрыс амал. Ал аса қажеттілік жоқ жерде де жазушы жергілікті элементтерді әдейі қолданса, оның да мақсат-себептерін іздестіруге тура келеді. Бұны да – жеке бірді-екілі жазушының «қиқарлығы» деп емес, көркем тіл тәжірибесінде жол ала бастайтын ағымдардың өмірге келуі деп қарау керек болар.
Ғылым тілінде әр алуан «-изация»-лармен келетін бұндай ағымдардың бірі – диалектизация (қазақша мұны «жергіліктену» дейміз бе, «диалектілік стиль тезіне түсу» дейміз бе, «диалектілену» дейміз бе – әйтеуір бұл құбылысты атайтын термин табу керек). Диалектілік элементтерді әдейі шамадан тыс қолдану болса, бұл әрекеттің қазақ көркем сөзінде де көріне бастағанын айту қажет.
Сөйтіп, бүгінгі қазақ көркем әдебиеті, оның ішінде проза жанрының тілін тануда оның пайда болып, әрі қарайғы даму барысында әр алуан бағыттардың, амалдардың болғанын және бар екеніне назар аудару керек. Ол үшін ұлттық көркем әдеби нормаларын айқындап алуды бірінші кезекке шығарамыз.
Қазақ тілінің ұлттық көркем әдеби нормалары
Ең алдымен, «норма дегеніміз не?», «оның белгілері қайсы?», яғни «оған қойылатын талаптар қандай?» дегенді анықтап алу қажет. Норма категориясын да бұл жерде екіге айырып анықтау керек болады: бірі – жалпы тілдік норма, екіншісі – көркем әдеби тіл нормас ы.
Тіл білімінде жалпы тілдік норманы анықтайтын мынадай белгілер көрсетіледі:
тілдің жүйесіне, яғни тілдің өз заңдылықтарына, оның ішінде грамматикалық заңдылықтарына сәйкес келуі;
дәстүрлік белгісі, яғни әдеби нормаға сәйкес келуі;
солай қолданылып кетуге, яғни тілдік узусқа қатыстылығы58.
Бұл үш талапты қазақ тіліне қатыстырып, көпшілікке түсінікті етіп айтып берген еңбектер бар. Солардың ішінде, әсіресе Н. Уәлиевтің «Сөз мәдениеті» атты кітабын («Мектеп» баспасы, 1984,11-44-беттер) атауға болады.
Бұл жерде әдеби тіл нормасының тұрақтануына көбіне-көп белгілі бір тілдік құбылысты (элементті) әлеумет тарапынан бағалау, яғни дұрыс деп қабылдап, қолданып кету үлкен рөл атқарады. Мысалы, белгілі бір атаққа, мамандыққа, өнерге т.б. ие адамды атауда соңғы кездерде -гер жұрнағын активтендіру әлеумет (көпшілік) талғамынан шығып отыр, соның нәтижесінде бұл күнде қазақ әдеби тілінде оның публицистикалық және көркем әдебиет стильдерінде, радио мен теледидар тәжірибесінде майдангер, ардагер, иегер, тәлімгер, қаламгер, жүлдегер, баспагер сияқты ондаған сөздің қолданылуы нормаға айналды. Сол сияқты жаңа атаулар жасауда нама, хана сөздерін пайдалану әлеумет талғамынан шығып, көпшіліктің «оң жамбасына келіп» отыр, сондықтан қазір дәуірнама, жаднама, ғарышнама, халықнама, сапарнама, өмірнама, мадақнама; перзентхана, жазхана, дыбысхана, дәмхана, төлхана, ойынхана сияқты сөздердің жасалуы да, қолданылуы да кәнігі құбылыс болып, нормаға айналды.
Демек, жалпы тілдік норма дегеніміз – белгілі бір кезең ішінде көпшілік қабылдаған, тұрақталған қолданыстар, яғни сөздердің мағынасы, олардың фонетикалық-графикалық көрінісі (тұлғасы), сөз жасау және сөз өзгерту модельдері, синтаксистік амалдары. Әрине, норма, яғни дәл солай қолданыс (сол мағынада, сол тұлғада, солайша құбылтуда т.т.) – бір уақытта пайда болып, ешбір өзгермей, қатып қалатын категория емес. Тіпті әрі-беріден соң сол қолданыс дәл сол кезеңде дұрыс деп көпшілік қабылдаған норма болғанмен, тіл тіршілігінде (тәжірибеде) өзгеріп, «үлгілілік» сипатынан айырылып отыруы мүмкін немесе «норма осы» деп көрсетілгеніне қарамастан, оған бағынбаған кейбір элементтер күнделікті қолданыста көпшілік тарапынан баспасөзде, радио мен теледидарда, ғылыми әдебиет пен шаршы топ алдындағы шешендік сөздерде қолдау тауып, кеңінен жұмсала бастайды да жаңаша нормаға айналады. Мысалы, қазіргі қазақ тілінің грамматикалық нормасы бойынша етістіктің барған жоқ па, келген жоқ па деп қолданылуға тиісті тұлғалары барды емес пе, келді емес пе болып жұмсалуы етек ала бастады. Немесе үстіміздегі ғасырдың 50-60-жылдарында қазақ көркем әдебиеті мен публицистикасы тілінде бірыңғай екі сын есімнің я болмаса екі үстеудің арасына қайталанбайтын да шылауын қолдану активтенді: жұмсақ та жылы, қатал да үнсіз, батыр да батыл т.т. Ал бұрын да шылауының қайталамай қолданылуы негізінен етістік тұлғаларына тән (норма) болатын (келді де кетті, отыра қалды да ойланды деген сияқты), демек, бұрынғы норма сәл өзгерді де сол бұрынғымен қоса жаңа қолданыс орын ала бастады.
Жалпы әдеби тілдік норманың кейбір сәттерінің өзгеріп, жаңаларының әлеуметтік қолдау табуы, әсіресе сөз жасау саласында көзге түседі. Бұған норма ретіндегі кейбір жұрнақтардың пассивтенуі, оның есесіне бірқатар сараң қолданылатын жұрнақтардың активтенуі немесе екі тұлғаны біріктіріп бір сөз жасау сияқтылар мысал бола алады. Бұның баршасы – тілдің жалпы құрылымдық (структуралық) нормаларына қатысты айтылғандар. Ал норма мәселесіне келгенде, жоғарыда айттық, әңгімені екіге бөліп сөз ету керек болады:
бірі – жоғарыда көрсетілген жалпы әдеби тілдің құрылымдық нормалары;
екіншісі – сол тілдің көркем әдебиетінің ұлттық нормалары.
Соңғы тұрғыда норма проблемасы қазақ тіл білімінде әлі мүлде сөз болмай келеді. Сондықтан, ең алдымен, «қазақтың ұлттық көркем сөз нормалары қандай?» деген мәселелерді анықтап алу керек.
Қай халықтың болмасын, сөз өнері ұлттық көркем тіл нормасының ең басты көрсеткіші болып танылады, ал сөз өнері көркем әдебиетте, оның поэзия, проза, драматургия, көркем публицистика жанрларында көрінеді59.
Көркем әдебиет, оның ішінде проза үлгілері қазақ жазба әдебиеті тілінің әрі қарай дамуында басты орын алды. Халықтың ұлт болып қалыптасу дәуірінде көркем әдебиет қоғам өмірін мейлінше кең қамтиды, сондықтан жалпыхалықтық тілдің бар байлығын молынан пайдаланады. Көркем әдебиет бұл кезеңде ұлттық тілдің қалыптасып, ілгерілеу процесінде зор ұйымдастырушы фактор болып шығады. Бұл құбылыс қазақтың ұлттық әдеби тілінің даму барысына да тән.
Көркем әдебиет тілінің негізі – жалпыхалықтық әдеби тіл. Бірақ бұл негізді сыртқы белгілерден іздемей, яғни пәлен проценті – қазақ сөздері, морфологиялық түген тұлға-тәсілдері – қыпшақ тобынікі деген сияқты санаққа жүгінбей, сол көркем әдебиет үлгілерінің (дәлірек айтсақ, олардың иелері – жазушылардың) ұлттық тіл элементтеріне қалай қарағанынан, қалай пайдаланғанынан іздеу керек болады. Көркем әдебиет, әсіресе поэзия, бағалауыш эпитеттерді жаңадан ұсынуда бұрынғы жалпыхалықтық тілдегі модельдерді пайдаланады: мысалы, теңеулерді өмір шындығынан, нақты зат, құбылыстардан алады. Сөз-символдарды жасауда да қазақтың төл элементтері пайдаланылады. Айталық, дала сөзі – қазақ поэзиясында, тіпті прозасында да бұрын да, қазір де туған жердің, қасиетті Отанының символы, ал қыран құс, тарлан, тарпаң сөздері –еркіндіктің, бозінген – мейірімнің, жезкиік – сұлулықты аңсаудың, арманның символдары.
Көркем әдебиет – ұлттық қазына, өйткені мұнда ұлттық тілдің сөз байлығы мейлінше мол жұмсалады (қамтылады); синонимдер қорына көркем әдебиет жиі жүгінеді; көркем шығармада бір ұғымды бірнеше қырынан білдіру әрекеті басым; әр алуан ой мен сезімді білдіретін тілдік мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану орын алуда. Осылардың баршасы дәстүрді қажет етеді, яғни әдеби тіл қазынасында мол әрі икемді фразеология қоры мен әртүрлі тіркес түрлері (комбинациялары), нақыл сөздер, мақал-мәтелдер жинақталады. Жазушы осы қазынаны пайдаланады, сол қазынаның үлгісінде жаңаларын жасайды, осы арқылы әдеби тілді толықтырады, оның сөз мәдениетін жетілдіре түседі. Ал бұл құбылыс жазушының тіл жасампаздығында дәстүрлі нормаға қайшы келмеуін, тілдің жалпы және стильдік зандылықтарымен үйлесім тауып отыруын талап етеді.
Сөйтіп, «қазақ тілінің ұлттық көркем стилінің белгілері, яғни ұлттық көркем нормалары қандай?» дегенді анықтасақ, мыналарды айту керек болады. Орыс тіл білімінде, жоғарыда айтылғандай, көркем тілдің ұлттық ерекше белгілері жалпыұлттық (жалпыхалықтық) тілдің нормаларымен тығыз байланысты екендігі айтыла келіп, ол белгілер мыналар деп көрсетіледі: орыс тілінің ұлылығы, яғни бұл тілде үлкен әдебиет жасалғандығы, қуатт ы л ы ғ ы, яғни адам ойын жеткізуге қажет мүмкіндіктерінің бай екендігі, ш ы н ш ы л д ы ғ ы, яғни таптаурын үлгілерінің жоқтығы, еркіндігі, яғни синонимдердің молдығы, семантикалық құрылымының сыйымдылығы, с ө з ж а с а у тәсілдерінің и к е м д і л і г і, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібіндегі біршама еркінділік.
Міне, орыс тіліне тән ұлттық белгілер осылар деп атай келіп, бұларды ұлттық әдеби норманың да негіздері ретінде таниды60.
Ұлттық көркем тіл стилі, оның нормалары жазушы мен оқырманның талғамынан туады. Көркем стильдік нормалардың қалыптасып, орнығуында жазушылардың рөлі зор екендігі белгілі. Шын мәнінде, көркем әдебиет тілі жалпы әдеби тілмен тығыз байланысты бола отырып, онымен тарихи контексте дами келіп, сол тілдің шоғырланған көрінісін береді.
Қазақ көркем сөзінің ұлттық белгілерін анықтауда біз де осы танымды ұстанамыз, яғни көркем әдебиет стилінің нормалары, бір жағынан, жалпы әдеби тіліміздің ұлттық ерекшеліктерімен ұштасып жатса, екінші жағынан, ол нормалар көркем әдебиет тілінің ұлттық белгілерін ұсынатын қуатты көз болып танылады.
Қазақ әдеби тілінің ұлттық белгілері, біздіңше, мыналар:
басын аса бай ауыз әдебиеті тілі мен ауызша туып, ауызша тараған поэзия мен прозалық үлгілер тілінен алған ұзақ дәстүрлі (тарихы үлкен) тіл екендігі;
аса бейнелі тіл екендігі, яғни бейнелі (образды) фразеологизмдердің молдығы, теңеулердің активтігі т.б.
лексикасы бай тіл екендігі, яғни синонимдердің көптігі, халықтық терминологияның, жарыспалы қатарлардың молдығы;
лексикалық, грамматикалық мүмкіндігі күшті тіл екендігі, яғни сөз жасау тәсілдерінің икемділігі, өзге тілдерден сөз қабылдау қабілетінің күштілігі, семантикалық құбылымға бейімділігі;
қазақ халқы мекендеген барлық аймаққа ортақтық қасиетінің күштілігі, яғни диалектілік ерекшеліктердің аз көрінуі.
Қазақ көркем сөзінің ұлттық сипаты негізінен осы көрсетілген белгілерден шығады, оның нормалары осындай ұлттық сипатына орайласа, үндесе қалыптасқан.
Көркем әдебиеттің тілдік нормалары, жоғарыда айтылды, көркем шығарманың құрылымдық типіне қарай ажыратылады, яғни поэзия мен проза жанрларының немесе прозаның (сондай-ақ поэзияның) өз ішінен бөлінетін роман, әңгіме, драма, көркем очерк т.б. сияқты түрлерінің өзіне тән тіл жұмсау ерекшеліктері болады. Оның үстіне көркем әдеби норманың, бір жағынан, дәстүрлі-кітаби (жазба61) тілмен, екінші жағынан, ауызекі сөйлеу тілімен іліктестігін, солармен өзара күрделі қарым-қатынаста болып отыратындығын ескеру керек. Қазақтың көркем прозасының ұлттық нормаларын, олардың қалыптасу, орнығу жайттарын сөз етсек, мына мәселелерге көңіл аударуға болады.
Қазақтың жазба көркем прозасы әдебиет жанры үлгілері ретінде, яғни әңгіме, повесть, роман түрінде үстіміздегі ғасырдың алғашқы онжылдықтарынан бастап дүниеге келді. Қазақ топырағында бұл жанрдың бір ерекшелігі – тілдік-көркемдік жағынан өзінің даму барысында ондаған, жүздеген жыл салмай, бірден дерлік белгілі дәрежедегі жазба көркем прозаның сипатын ала бастағандығы. Мұның себебін, біздіңше, мынадай факторлардан іздеуге болатын тәрізді. Біріншіден, қазақтың көркем прозасы тілінің алдында сан ғасырлар бойы дамыған әдеби тілдің, яғни қазақ поэзиясы мен қысқа аңыз-әңгіме, шешендік сөздер, шежірелер тілінің қалыптасқан нормалары, тілдік көркемдік бай арсеналы тұрды. XIX ғасырдың II жартысынан бермен қарай қалыптасып, Ыбырай, Абай сияқты қалам иелерінің қызметімен дамыған, едәуір қалыпты сипат алған қазақтың ұлттық жазба әдеби тілі тұрды. Бұл екі арнаның екеуінің де нормалары қазақ прозасының қалыптасуына тікелей қатысты.
Қазақтың жалпы ұлттық әдеби тілінің басты сипатының бірі – Қазақстанның кең даласының барлық түкпіріне бірдейлігі, яғни диалектіге бөлінуден жоғары т ұ р ғ а н (орысша айтқанда, наддиалектный характер) ортақтығы болса, бұл сипатқа көркем проза бірден ие болды. XX ғ. 10-жылдарында жазылған көркем проза үлгілері Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік», С.Көбеевтің «Қалың мал», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» атты әңгімелерінің тілін алсақ, бұларда қазақ жерінің қай өлкесіне болса да, бейтаныс элементтер жоққа тән, қазақ өлкесінің барлық жеріндегі оқырмандарға мейлінше түсінікті деуге болады.
Қазақтың дәстүрлі поэзиясы мен жазба әдеби тіліне тән екінші бір сипат – бейнелілік (образдылық) болса, жас қазақ прозасы әуелден-ақ сөз мағынасын ауыстырып қолдану – метафоралауды кең пайдаланған. Метафоралау – образ жасайтын құралдардың қайнар көзі. Метафора затты (құбылысты, іс-әрекетті) атамайды, сипаттайды. Метафоралаудың (метафоризация) негізінде салыстыру мен теңеулер жатады. Бұлардың алғашқы әңгіме, повестерде бірден орын алғаны көзге түседі.
Аллегория (астарлап атау), перифраза (затты, құбылысты, іс-әрекетті суреттеп атау) сияқты сөздің образды-сипаттама мүмкіншіліктерін, яғни сөздің ауыспалы-бейнелеуіш мағынасын кең және еркін пайдалану – қазақ көркем сөзінің ұлттық басты белгілерінің бірі. Сірә, мұны «шығыстық мәнерлілік» (шығыс халықтары әдебиетіне тән мәнерлеп сөйлеу, орысша айтқанда, «восточная витиеватость») деп тануға, яғни оны, айталық, араб, парсы, шағатай әдебиеттері дәстүрінен ауысқан деуге болмайды. Бұл – ең алдымен, поэзия тіліне етене тәсіл. Поэзия – образдардың көрінісі. Ал қазақ әдеби тілінің ұлттық белгілерінің қалыптасуында жалпы поэзияның, оның ішінде өте ертеден келе жатқан, ауызша тараған ақын-жыраулар поэзиясының, бай ауыз әдебиетінің орны ерекше.
Образдылық – тек көркем әдебиет емес, қазақтың жалпы сөйлеу тілінде де тән белгі. Бұл табиғат құбылыстарын, әсіресе өзін қоршаған ортаны атауға, тіпті балаға ат қоюға келгенде, жақсы көрінеді. Мысалы, өсімдіктердің кәріқыз, шықетер, қазтабан, құтқонбас, қозықұлақ, итмұрын, құртқашаш деген атауларының негізінде ұқсату, салыстыру, бейнелеу, суреттеу тәсілдері жатқанын байқау қиын емес. Қазақ әсіресе балаға ат қоюға келгенде, аллегорияны (астарлап атауды) күні бүгінге дейін еркін әрі актив қолданып келе жатқаны мәлім. Демек, сөздің астарлы, суреттеме мағынасын қолдану – өзге тілдер сияқты, қазақ тіліне тән ұлттық белгісінің бірі. Мұндай белгі бір тілдерде күшті, екіншілерінде солғындау болуы мүмкін. Ал қазақ тілінде, әсіресе оның поэзиясында, одан барып проза тілінде көркемдеудің бұл тәсілі өте күшті амал екендігін айту керек.
Сөзді астарлап, бейнелеп қолдануды қазақ әдеби тілінің ұлттық белгісінің бірі дегенде, әңгіме тек бұрыннан қолданылып келе жатқан дайын образдарды – дайын штамптарды, яғни кәнігі фразеологизмдерді, теңеулерді, эпитеттерді, перифраздарды орнымен жұмсай білу жайында ғана емес, солардың қалыбын (моделін) пайдалана білуде де болу керек.
Көркем текстегі метафоралар мен метонимиялар дегеніміз – семантикалық неологизмдер немесе семантикалық инварианттардың дені болғандықтан, біздіңше, оларды жалпыхалықтық тілдің «мүлкі» деп танудан гөрі, жеке жазушының «мүлкі» (қолтаңбасы) деп білу дәлірек. Мысалы, Абайдың өз ортасын соқтықпалы соқпақсыз жер деп перифраздап (метафоралап) атауы – барлық ситуацияда, яғни жалпыхалықтық қолданыста болатын образ емес, қалам иесінің өз меншігіне жататын семантикалық неологизм. Сірә, тілдік метафора (мысалы, «бір нәрсенің бастауы, негізі» мағынасындағы көз сөзі немесе «сын» мағынасындағы талқы сөздері сияқты) мен стильдік метафора (мысалы «өмірдің өтуі» дегенді Абайдың күнді айдау деп беруі тәрізді) деп бөлушілік дұрыс болар.
Қазақ көркем әдебиет стилінің табысы да, кемістігі де метафоралауда, дәлірек айтсақ, сөздің тұспалды, суреттеме мағынасын қолдануда анығырақ байқалады. Табысы көркем тіл нормасына сай түсіп дағдыға айналып жатса, кемістіктері шеберлік жағынан нормадан ауытқушылыққа соқтырады. Әрине, алдыңғы құбылыс басым. Ал соңғы құбылыс «уәжді, уәжсіз ауытқулар» деген тақырыпта арнайы сөз болады.
Қазақ тілінің ұлттық көркем әдеби нормаларының келесі сипаты – лексикалық мүмкіндіктердің молдығы. Ең алдымен, қазақ лексикасының тарихи бейтарап (нейтрал) қабатының өзі информацияның (ақпараттың) қай түрін беруде де мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде екенін көрсету керек.
Бұл бейтарап қабат – көркем шығарма тілінің де негізі, өйткені көркем проза өмір айнасы болғандықтан, күнделікті өмірдің кәнігі, қалыптағы суреті де беріледі, ол үшін алдымен ешбір стильдік бояусыз бейтарап сөздер қолданылады. Сонымен қатар бейтарап емес, стильдік ассоциациямен келетін лексикалық топтардың: поэтизмдердің, қарапайым сөйлеу тілі элементтерінің, тосын сөздер мен көнерген сөздердің т.т. көркем тексте еркін қолданылуы қазақ прозасы тіліне тән болып келеді. Мысалы, М.Әуезов: Бұрын Ырғызбай ішін кернеп жүретін қаукөрік сөздер, ұркөппе желіктер де саябыр (М.Әуезов. Шығ., 1-том, 349-бет) деген сөйлемде жалған өсек деген бейтарап сөздің орнына қаукөрік сөзін, көпшілікті еліктірген деудің орнына ұр-көппе сөзін қолданғанда, олардың экспрессивтік бояуын пайдаланып, стильдік жүкпен жұмсап тұр. Немесе: .. Жуандардың өздері... ұғыса алмай, енді бірінен-бірі қызғанысып, қырбайласып қалып жүр (сонда, 228-бет) дегенінде қызғанысып деген бейтарап мәнді сөздің эмоциялық әсерін қырбайласып деген сирек қолданылатын (мүмкін тіпті жазушының өз қаламынан туған) сөзді қатар келтіру арқылы күшейтіп тұр. Сондай-ақ: Сен тілмен айтсаң, мен ділмен, жүрекпен айттым; Ағайынды көп жалындырып, жалп етек ететін талай істері бар (сонда) деген сияқты микротекстерде де бөгде тілдік діл, образды тіркес жалп етек сөздері де – стильдік ассоциациямен келген элементтер. Мұндай мысалдарды қазақ прозасы тілінен, әсіресе ірі сөз шеберлерінің қолданысынан көптеп келтіруге болады. Көркемдеудің бұл тәсілі – қазақ көркем әдеби тілі нормасының бірі.
Лексикалық мүмкіндіктердің молдығын танытатын элементтердің бірі – поэтизмдер, яғни белгілі бір экспрессивтік-эмоциялық реңкі бар, кез келген ситуацияда қолданыла бермейтін, көбінесе бейтарап параллелі көрініп тұратын сөздер. Мысалы, биік, сияқты, тәрізді, заман, жамандау деген сөздер – бейтарап мағыналы элементтер, ал осылармен мағыналас асқаралы, заңғар, сынды, замана, ғайбаттау деген сөздер белгілі бір стильдік бояумен (мақсатпен) қолданылатын, жай хабарлау үшін емес, суреттеу үшін жұмсалатын элементтер.
Лексикалық байлықты пайдалануда көркем тіл нормасы тұрғысынан келгенде, оның қалың көпшілікке түсініктілігі, ортақтығы, жалпылығы сөз болуға тиіс. Көркем шығарма авторының негізгі мақсаты да – айтпақ идеясын, баяндамақ оқиғасын көпке түсінікті және әсерлі түрде жеткізу екендігі аян. Ал түсініктілік (бұл жерде әңгіме жеке сөздердің мағыналарының түсініктілігі және ол сөздерді орынды қолданудан туған ойдың – сөйлемдердің, контекстің түсініктілігі жайында) сөздердің жалпыға ортақтығын, жалпы тілдік нормаға айналған, оның ішінде көркем әдеби тіл нормасы үдесінен шығатын сөздер болуын талап етеді. Әрине, жалпыға бірдей түсініктілік дегенді тым жабайы түрде ұғынуға болмайды, яғни көркем текст үлкенді-кішілі баршаға түсінікті белгілі бір сөздерден ғана тұрсын деген ұғым тумасқа керек.
Лексикалық түсініктілік дегеніміз ортақтық пен дәстүрлікті талап етсе, ол белгілер әдеби нормаға саяды. Демек, көркем әдебиеттегі лексикалық норма қалың оқырман қауымға түсініксіз болатын сөздерді себепсіз (стильдік уәжсіз) қолданудан сақтандырады.
Түсініксіз болатын сөздер – белгілі бір аймақта ғана жұмсалатын жергілікті сөздер, олардың ішінде диалектизмдер мен жергілікті кәсіби сөздер, көне немесе сирек қолданылатын сөздер және жазушының өзі ұсынған жаңа қолданыстар. Демек, лексикалық норма проблемасының бір ұшы – көркем шығарма тілінде диалектизмдердің көрінісіне барып тіреледі.
Жазушы әдетте айтпақ ойын оқырманға әсерлі, дәл жеткізу үшін әр алуан стильдік құралдарды іздейді. Мұндайда эмоциялық әсері үлкен, экспрессиялық бояуы қалың сөздерді таңдайды. Халықтың сөйлеу тіліндегі кейбір сөздердің, оның ішінде диалектизмдердің осындай қасиеті күшті болады. Сондықтан автор кейіпкерлерінің тілінде де, өз тілінде де (баяндауында да) мұндай сөздерді әдейі қолданады. Бірақ осы қолданыста бір жөн (мотив) болу керек және стильдік жүк арқалаған бейтаныс сөздің өзін «таныстырып» жұмсау, яғни түсінікті болуын көздеу мақсаты қалып қалмауға тиіс. Жоғарыда Д.Досжанов сияқты аса танымал, талантты жазушының көркем туындылары тілінде көпшілікке жат жергілікті сөздер көбірек қолданылады деген сындар соңғы онжылдықтар ішінде жиірек естіліп жүр. Бұл сындарда Қазақстанның барлық түкпірінің тұрғындарына түгел таныс емес сөздердің ешбір стильдік жүк арқаламай, шамадан тыс молынан қолданылатындығы айтылды.
Диалектизмдерді көбірек қолдану өзге жазушыларды да, әсіресе соңғы ширек ғасыр ішінде жарық көрген үлкенді-кішілі проза үлгілерінде орын алады. Мысалы, Б.Алдамжаровтың «Қара нөсер» атты шағын шығармасында («Жазушы» баспасы, 1981) кейіпкерлер тілінде де, автордың өз баяндауында ояғын (ол жағын), анаяқ (ана жақ), іжқайда (еш қайда), ақ кеуілділік (ақ көңілділік), еге (ие), ауыш (ауыс), бәте (бата), кәйтсін (қайтсын), дайра (дария), ыңғи (ылғи), сояқ (сол жақ), құдағай (құдағи), отқан (отырған), аял (әйел), жүрәт (жұрағат), ешек (есек), пәт (бет), бір буат қағаз (бір бума қағаз), бүймәлім (беймәлім), жаңғыз (жалғыз), тиыш (тыныш), лайқат (лайық), сүгірет (сурет), ірә (тіпті), енапат (ағыл-тегіл), баратса (бара жатса), кәдірлі (қадірлі), бір күншідей (бір күнгідей) сияқты ондаған сөз стильдік мақсатта да (мүмкін, айталық, кейбір кейіпкерлер тіліндегісі), ешбір зәруліксіз де молынан қолданылған.
Мұндайда екі нәрсені іздеуге тура келеді: бірі – қалың көпшілікке бейтаныс сөздерді шамадан тыс әрі түсіндірмей қолданып, көркем шығарманың басты шарты – жалпыға ортақтықтан ауытқу, екіншісі – шығарма тілін диалектілендіру екендігі айтылады. Әрине, жоғарыда келтірілген мысалдар бірінші жағдайды танытады, мұнда диалектизмдерді жазушы белгілі бір стильдік мақсатпен әдейі қолданған деуден гөрі, жауапсыздық көрсеткен, нәтижесінде көркем сөз нормасынан ауытқыған деп тануға тура келеді.
Сөз жоқ, қазақ көркем прозасы тілінде диалектизмдерге стильдік статус беріп, оны орнымен жұмсау тәсілі бар. Бірақ ол бірден бой көрсетпеген деуге болады. 10-20-жылдардағы қазақ прозасы тілінде жергілікті элементтер өте сирек кездеседі, барларының өзі стильдік мақсатпен қолданылған. Диалектизмдерді көркем проза тілінде алғаш рет әдейі жұмсаған – Мұхтар Әуезов. Ол 1934 жылы жазылған «Білекке білек» атты повесінде белгілі бір өлке тұрғындарының, атап айтқанда, Қазақстанның оңтүстік өлкесін мекендеген қазақтардың ауызекі сөйлеу ерекшелігін көрсету үшін жергілікті сөздерді қолданған. Повесть кейіпкері Мақпалдың бөрте лаққа: «Сен тағын, тағын бастадың ба? Қанша үрмет қысам да, бомай-ақ қойдың ғой, жүдә», – деп еркелете сөйлеген сөзінен басталады. Автор бірден оқырманын: «Бұл әңгіменің ішінде Оңтүстік Қазақстанның басқа қазақ тілінен гөрі басқашарақ тіл ерекшеліктері әдейі қолданылған», – деп өзі ескертеді. Біздің байқағанымыз бойынша, мұнда М.Әуезов жиырмаға жуық жергілікті сөз мен тұлға келтірген. Олар: тағын (тағы), шыли (ылғи және мүлдем), қараң қағыр (қараң қалғыр), наяты (жазықсыз, бейкүнә), қаяққа (қай жаққа), тәйтік бомай (болмай), жиішкертем (жіңішкертем), жаңалық әм айтайын (және бір жаңалық айтайын), әгі (әлгі), табылат қой (табылады ғой), алаң әм бома (тіпті алаң болма), кәйт дейсің (қайт дейсің), кәйтесің (қайтесің), олай демегін (олай деме), басы боса (басы болса), айтқанын қығанынан (айтқанын қылғаннан), әтейі (әдейі), битіп қап (бүйтіп), пәдері нәлет (атаңа нәлет). Бұлардың ішінде битіп, шыли, табылат, кемпешке сияқты ауызекі сөйлеу тілінің (сірә, барлық өлкеге тән) элементтері де бар. Жазушы, біріншіден, қазақ жерінің оңтүстігіне тән жергілікті ерекшеліктерді дұрыс аңғарып, дәл тапқан және оларды тек қана кейіпкерлер аузына салып, белгілі стильдік мақсатпен жұмсаған.
Сөз мағынасын, тегін, бояуын жақсы білетін ұлы Мұхтар Әуезов бұл тәсілді бірер тұста «Абай жолы» эпопеясында да қолданғанын ілгеріде көрсеттік. 1947 жылы жазылған «Асыл нәсілдер» атты әңгімесінде және қолданған. Мұнда да кейіпкерлердің бірқатары «өз жерінше» сөйлейді:
... Қанипа Әсия сырын естігенде, жылап жіберіп, жеңгесін құшақтай алған.
Айтпағын, тегі-тегі, – деп жеңгесінің қасынан бір тұрып кетіп еді,
Әсия қайта ұмтылып кеп, жұбату айтты:
Кәйтесің, қайғырғанда қаяққа барасың... Жекең мен апама өзім айтайын, жасың тый, тегі! – деген (М.Әуезов. Шығ., 2-том, 1967).
Бұл шығармадағы Қанипа, Әсиялардың сөздерінде қалғын, ұстағын, кеткін сияқты бұйрық райдың жергілікті қолданысы, тегі, әкем тегі, жүдә сияқты қыстырма сөздер, босаң (болсаң), тіптен сияқты диалектілік тұлғалар бар.
Бұл көрініс – жергілікті ерекшеліктерді кейіпкерлердің сөз машығын таныту үшін стильдік мақсатта қолданудың үлгісі. Бұл үлгіні әрі қарай дамыту жоқ емес.
Сонымен қатар диалектизмдерді казақ көркем әдебиетінің сөздік қазынасын толықтыру мақсатымен әдеби тіл арсеналына енгізу әрекеті де байқалады. Сірә, Д.Досжанов, Т.Әлімқұлов сияқты жазушылардың қалың оқырманға бейтаныс едәуір сөздері осы себеппен қолданылған болар. Дегенмен тілдің лексикалық байлығы сөз санының молдығынан есептелмейтіндігін айту керек. Тілдің байлығы ондағы сөздердің икемділігінде, семантикалық реңктерінің молдығында, экспрессивтік бояуларының түрлігінде т.т. көрінеді. Демек, тіл қазынасына, оның лексикалық әр құрамына жаңадан енетін элементтер тек қана қажеттіктен пайда болулары керек. Сондықтан егер өзге бір стильдік мақсат көзделмесе, ақырамаш (ақырғы), есепдан кісі (есепқой), нәжүйе (жүйесіз), бөлтек-салтақ (бөлек-салақ), түрпет (түр-әлпет), үпірмелі-шүпірмелі (үбірлі-шүбірлі) сияқты тұлғалардың көркем тексте авторлық баяндауда жұмсалуы (мысалы, Т.Әлімқұловтың шығармаларында) – сөздікті байытып тұрған жоқ, керісінше, әдеби нормамен жарыспалылықты және қажетсіз дублеттерді жасап түр.
Әрине, халықтың ауызекі сөйлеу тілінен алып, қазақ әдеби тілі лексикасын толықтыратын, оның әр алуан қажеттіктерін өтеуге жарайтын диалектизмдер мен кәсіби сөздердің әлі де бар екені даусыз. Әсіресе жергілікті шаруашылық түрлеріне қатысты сөздерді немесе белгілі бір өлкенің жер бедеріне, табиғатына қатысты (өзге өлкелерде жоқ) атаулар болып келетін диалектизмдерді әдеби тілге енгізу – дұрыс та, қажет те іс. Бұған оңтүстік аймақтардан егіншілікке, бау-бақшаға қатысты сөздердің, теңізді-көлді өңірлерден балықшылыққа немесе теңіз-сулардың өз табиғатына (мысалы, толқыңдардың түрлеріне) қатысты сөздердің, сондай-ақ жазықтықта өмір сүріп келе жатқан қазақтар тілінде жоқ, бірақ таулы-тасты өлкелерде бар, сондағы табиғат құбылыстарын, жер бедерін атайтын сөздердің қазақ лексикасының әдеби қорына еніп отырғаны – дәлел. Осы мақсатты көздеуде баспасөз, радио, теледидар тілдерімен катар, көркем әдебиет тілі де жақсы қызмет етіп келеді. Мысалы, Қазақстанның таулы-орманды өлкесі – Шығыс Қазақстан жерін суреттеген көркем прозада кездесетін дөңсең, құзар, тектұр, қолат, кейкең («асудың кейкеңі»), көшкі («таудың көшкісі»), атқы («сай-саладан атқы жүріп») сияқты сөздер – қазақ даласына тегіс танымал, үйреншікті болмаса да, жалпыхалықтық тіл қорына ену мүмкіндіктері мол элементтер, өйткені табиғаттың бұл көріністерін атайтын өзге сөздер басқа өлкелерде жоқ немесе дәл осылардай ұтықты емес.
Сөздердің семантикалық реңктерін таңдауда диалектизмдердің мәні зор. Әсіресе заттың сынын, іс-әрекеттің сипатын құбылтып атауда сол сынның (сын есім немесе үстеудің), сол қимылдың (етістіктің) бір ғана атауы аздық етеді. Сондықтан жазушы не суреттеме (аналитикалық) тәсілге жүгінеді немесе өзгеше бір атаулар: жеке, дербес сөздер іздейді. Ол сөздер диалектизмдердің ішінен көбірек табылады. Мысалы, соңғы кездердегі көркем тілде аңғару, байқау, сезу деген сөздердің қатарына бағамдау сөзі қосылып жүр. Мұның, сірә, алдыңғы үшеуінен мағыналық реңкі сәл өзгеше сезілетін болар: бағамдау сөзінде «көп жайды білгеннен кейін, ақылға салып, жан-жақты салмақтап аңғару, түйін түю» деген тәрізді реңк бар сияқты. Қайткенде де бұл етістікті осы күнде көптеген прозаиктер (тіпті ақындар да) қолдана бастады. Ал диалектологтер бағамдау сөзін жергілікті тұлға деп санайды. Бұл күнде бірнеше авторда кездесетін кермалдасу (ұрысу), албаты (бос-бекерге), әманда (әрдайым), әредік (аңда-санда), дей тұрғанмен, дей тұрса да (дегенмен) сияқты тұлғалардың (егер олар даусыз диалектизмдер дейтін болсақ) қолданылуында сөздік қазынасын толықтыру мүддесін көруге болады.
Әрине, қазақ көркем әдебиеті барлық кезде, барлық туындыларында диалектизмдерді осылайша (мысалы, М.Әуезовше) стильдік мақсатпен немесе лексикалық қазынаны толықтыру ниетімен ғана қолданып келді, қолданып отыр деуге болмайды. Әр өлкеден шыққан жазушылардың өз аймағы, өз аулы үшін дағдылы сөздерді, олардың әдеби эквиваленттері бар екендігіне қарамастан, актив қолданған сәттерін тіл мамандары да (С.Аманжолов, Ш. Сарыбаев т. б.), жазушылардың өздері де (М. Әлімбаев, Д.Досжанов т. б.), өзге жұртшылық өкілдері де айтып келеді. Әрине, бұл сындардың ішінде көрсетілген фактілердің бәрі бірдей диалектизм еместері де, орынды қолданылғандары да бар. Сондықтан мақсат – көркем текстегі бейтаныс элементтің бәрін диалектизм деп тізіп алу емес.
Сірә, қазақ әдеби тілінің даму барысында, әсіресе көркем әдебиетінің сөз қолданысында диалектілер тартысы немесе әдеби тілде жергілікті элементтердің қаптап кету қаупі өзге түркі тілдеріндегідей айтарлықтай орын алған емес. Сондықтан «қазақ тілі – монолит (біртұтас, біртекті) тіл, қазақ тілінің тірек диалектісі анық емес» деген сияқты таным (концепция) ұсынылып келді. Соңғы 20-30 жыл ішінде көркем шығармаларда жергілікті сөздер мен көне, сирек элементтердің еркінірек, молдау көріне бастауы осы концепцияға қарсы келгендей сезілгені аян.
Сөз жоқ, жалпы көпшілікке ортақ емес, қолданылу аясы шектеулі сөздер мен тұлға-тәсілдерді ешбір себепсіз тоғытып жұмсау принципінде әдеби нормаға, оның ішінде ұлттық көркем сөз нормасына қайшы екендігі даусыз, бірақ текстегі бейтаныс элементтердің қолданылу себептерін, уәжді-уәжсіздігін, қажеттілік дәрежесін, лексика қазынасын байыту мүмкіндігін т.т. жан-жақты түгел есепке алған күнде ғана «исі» диалектизмнен қашудың жөн еместігі және әңгіменің бір ұшы жазушы шеберлігіне (автор идеясына қызмет еттіре білу сипатына) тікелей қатысты екендігі байқалады. Демек, бұл жерде норма проблемасы стилистика мәселелерімен ұштастырыла қаралуға тиіс.
Көркем әдебиет тілінде диалектизмдердің, кәсіби сөздердің немесе басқа да тосын қолданыстардың орын алуын сөз еткенде, оларды әрдайым нормадан ауытқу, тіл мәдениетін бұзу деп тануға болмайды. Бүгінгі қазақ көркем сөзінің тіл мәдениетін сақтау дегенде, біздіңше, ең алдымен сөзді дәл қолданбау, яғни сөзді орнымен дұрыс жұмсай алмау, қажетсіз кірме сөздерді енгізу, әдеби норма сыртында тұрған элементтерді ешбір зәруліксіз текске енгізуді айту керек.
Сөйтіп, ауызекі сөйлеу тілі қазынасын кеңінен пайдалану – көркем әдебиеттің өзге стильдерде жоқ ерекшелігі. Демек, сөйлеу тіліне тән элементтер, олардың ішінде диалектизмдер образ жасауға, ең негізгісі диалогтер құруға, сол арқылы шығармаға ұлттық, типтік сипат беруге қатысады. Бұл әрекет орыс көркем әдебиеті тілінде өткен ғасырдың 30-40-жылдарында басталса, қазақ көркем сөзінде проза жанрында бірте-бірте бой көрсетті деп түюге болады.
Лексикалық норманы сөз етуде көркем текстегі көне сөздер мен сирек қолданылатын сөздердің көрінісі үлкен орын алады, өйткені бұлар да – көпшілік оқырманға түсініктілі жағынан күмән туғызатын элементтер. Бірақ олардың қайткенде де қолданылатын сәттері бар және басы артық, қажетсіз жерлері бар. Демек, әңгіме тағы да жазушы шеберлігі мен ұлттық көркем тіл нормасына бағыну (немесе одан ауытқу) жайында болмақ.
Көне сөздер, олардың көнерген (архаизм) түрлері де, тарихтық сөз (историзм) деп аталатын түрлері де бірнеше мақсат көздей жұмсалады. Көнерген сөздер – бұл күнде қолданыстан қалып, мағыналары көмескі тартқандар, орнын өзге тұлғалар басқан сөздер, ал тарихтық сөздер – бұл күнде қолданыстан шығып қалған заттардың, құбылыстардың, ұғым-түсініктердің атаулары, сондықтан бұлардың жұмсалуы тек қана зәруліктен тууы қажет. Ал зәрулікті туғызатын фактордың бірі – өмір шындығын дәл суреттеу принципін ұстау. Айталық, өткен дәуірлерде болған оқиғалар, іс-әрекеттер, адамдар жайында жазылған көркем шығармада сол дәуірге тән, бірақ қазір ұмыт болған немесе қасаң (пассив) қолданылатын көне заттардың, құбылыстардың, қарым-қатынастардың атауларын жұмсау – көркем әдебиеттің негізгі талабы, бұл талапты дұрыс орындау суреткердің мамандық (профессионалдық) парызы.
Демек, заман шындығын танытатын көне элементтер: жеке атаулар, сөз жұмсау модельдері, сөз құрастыру үлгілері, көне жалғау-жұрнақтар мен ескіше сөз қосарлау т.б. – көркем әдеби тіл нормасына сай түсетін, уәжді, орынды қолданыстар болып саналады. Бұл зандылықты түсініп, оны көріктеу әдісінің бірі деп тұту – қазақ прозасында, әсіресе тарихи роман, повестерде әуел бастан дұрыс танылып, орын алып келе жатқандығын айтуға болады. Бұған жөн сілтеп, жол салған – Мұхтар Әуезов. Тарихи эпопея – «Абай жолында» жазушы күні кешегі болса да, өткен ғасырдың II жартысындағы өмір шындығын дәл атау үшін көптеген архаизмдер мен тарихтық сөздерді (историзмдерді) әдейі қолданады. Әсіресе бүгінгі өмірден кеткен заттар мен құбылыстардың атаулары – историзмдер бұл шығармада жақсы келтірілген.
XIX ғасырдың II жартысында қазақ қоғамындағы ел билеу – әкімшілікке қатысты титулатура мен өзге де іс-әрекет, құбылыс аттары: майыр, дуанбасы, ағасұлтан, жандарал, старшын, атқамінер, шенеунік, көрпіс сияқты сөздер мен үкілі почта, қалашы, лаушы, песір тәрізді тарихтық атаулар, сондай-ақ кітапшалау – «шағатайша, кітаби тілде сөйлеу» («хазіреттің... кітатшылаған тілін ұға алмаған Жұмабай...»), хатқа тізілу – «айыпты адам ретінде аты-жөні жазылып, есепке алыну» («Жігітектен отыз адам хатқа тізіліпті»),қағаздасу – «ресми түрде бірінің үстінен бірі арыз беру» («сондай кездің қарсаңында өз елінің ішімен қағаздасып жату лайық емес»), бойын кездеу – «тұтқындалған адамның түр-тұрпатын көрсететін белгілерді қою» («Болмаса сұр шекпенді кигізіп, бойын кездеп айтқанша тоқтатпасын), молда болу – «сауатты адам болу» («балам, молда болдың ба?») деген етістіктер – бұл күнде көрсетілген мағыналарда қолданудан шығып қалған сөздер. Бұларды жазушы кейіпкерлер аузына салып, сол тұстық сөйлеу үлгісін шынайы түрде берген.
Бұл тарихи шығармада архаизмдерді орынды қолдану да көзге түседі. Бұдан 100-150 жылдай бұрынғы қазақтардың тілінде бұл күнде мүлде ұмыт болған немесе басқа мағынаға ие болған көне атаулардың жұмсалуы – шындыққа сай. Сондықтан мұндағы құма, кішілік, шабынды, келе, тентек деген сөздерді архаизмдер (көнерген сөздер) деп тануға болады. Кішілік сөзінің түбірі кіші – көне түркі тілінде «әйел (жұбай)» мағынасындағы сөз, қазақтар кішілік сөзін «біреудің әйелі» мәнінде жұмсаған. Сондықтан Бердіқожа: «Е, мен баламды кәрі Құнанбайға кішілікке беруші ме ем?» – дегенде «қызымды кәрі Құнанбайға әйелдікке бермеймін» деген ұғымды тану керек.
Құма сөзі де – көне элемент. Түркі-монғол халықтары тарихында орта ғасырларда ел билеуші ханның некелеп алған әйелдерін хатун (қатын) деп, некесіз алған әйелдерін құма деп атаған. Құмалар – негізінен жаулап алған ұлыстың хандарының, қолбасыларының, рубасыларының, билерінің әйелдері, қыздары, қарындас-туыстары болатын. Құмадан туған балалар заңды саналып, хатундардың балаларымен тең өсірілген (олар көбінесе хатундардың тәрбиесінде болған), енші алуда, әке орнын басуда, қол бастауда т.т. хатун балаларымен тең праволы болған. Дегенмен заңды (некелі) әйелдерден туған балаларды артық қоюшылық та орын алып келген. Сондықтан құмадан туыппын ба? деген образ «кеммін бе?» дегенді білдірген (соңғы ғасырларда бұл фраза қазақ қауымында «тоқалдан туыппын ба?» деген түрде айтылғаны мәлім).
Сірә, көп ретте көнерген сөздер мен әсіресе тарихтық атауларды және этнографизмдерді айыру оңай болмайды. Белгілі бір халықтың өзіне ғана тән материалдық және рухани мәдениетіне, тұрмыс-салтындағы ерекшелігіне қатысты сөздер деп саналатын этнографизмдер сол ерекшеліктердің қоғам өмірінен кеткендерін атайтын болса, олар историзмге (тарихтық сөздерге), ал кейде тіпті өзге сөзбен ауыстырылып, көнерген сөзге айналатыны мәлім. Сондықтан көркем шығармада, олардың ішінде тарихи туындыларда этнографизмдер мен көнерген сөздердің қолданылуы – көркем тіл нормасын өтейтін тәсіл. Бұл тәсілді қазақ көркем сөзі Мұхтар Әуезовтен бастап, күні бүгінге дейін жақсы қолданып отыр. Әсіресе соңғы кезеңдерде жазылған тарихи шығармаларда: «Үркер», «Елең-алаң» (Ә.Кекілбаев), «Аласапыран» (М. Мағауин), «Жібек жолы» (Д.Досжанов), «Елім-ай» (С.Сматаев) сияқты үлкен романдармен қатар повестерде және тарихи эсселерде «Алтын тамыр», «Көмбе» (Қ.Салғарин), сондай-ақ «Ант» (Т.Ахтанов), «Ұлан асу» (Қ.Бекхожин) тәрізді тарихи драмаларда көнерген сөздерді қолдану кеңірек орын ала бастады және бұл орайда авторлардың қатты ізденгендігі байқалады. Демек, көркем тіл нормасы үдесінен шығатын фактілер баршылық деуге болады. Біздің бұл жердегі көздейтін мақсатымыз – нормадан ауытқуды көрсету, оның себептерін ашу болғандықтан, тарихи көркем шығармалар тіліндегі көне элементтердін дұрыс қолданысын жоғарыда Ә.Кекілбаев пен М. Мағауиннің тарихи шығармалары тілін талдау барысында көрсеттік.
Ұлттық көркем сөз нормасының бір белгісі – қазақ лексикасының байлығын, яғни синонимдер мен әр алуан варианттарды орынды жұмсау. Қазақ тілі – жалпы түркі-монғол тілдері сияқты синонимикасы бай тіл. Ал синонимдер – образдар қатарын молайтуға қатысатын құралдардың бірі. Демек, синонимдердің көркем әдебиет тілінде молынан және дұрыс қолданылуы – норма талабы. Бұл талапты өтеу үлгісі қазақтың ауызша тараған байырғы әдеби тілінен басталады. Бұл тілді танытатын негізінен поэзия болғандықтан, синонимдердің поэтикалық қызметі тіпті айқын көрінеді және бұл сипат кейінгі проза тіліне әсерін тигізеді.
Қазіргі қазақ көркем прозасы өзінің бейнелеуіш-көркемдеуіш құралдарының бірі етіп синонимдерді, жалпы варианттар қатарын пайдаланып отыр. Көркем тіл нормасынан шығатын да, шықпайтын да тұстар осы салада – әр алуан сипаттағы жарыспалы тұлғаларды жұмсауда көзге түседі.
Синонимдердің стильдік мақсаттағы рөлін әдебиет жанрларына (функционалдық стильдерге) қарай да, халықтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттегі көрінісіне қарай да анықтауға болады. Бізге қазіргі (осы зерттеудегі) керегі – жазба көркем прозадағы орны мен мәні, яғни орынды-орынсыз (нормаға сай немесе оған қайшы) қолданысы. Синонимдер – бір ұғымды әр қырынан сипаттайтын құрал. Демек, синонимдер жайындағы әңгіме сөз тандау проблемасына барып тіреледі. Бұл жерде мына мәселеге көңіл аударуға тура келеді. Орыс лингвистикасында синонимдерді тануда (сөз етуде) бұл қатарға идиомдарды және метафораларды қосып қарастыру әрекеті бар екені айтылады62, яғни синонимдер катарын идиомдар (фразалар) мен мағынасын ауыстырып қолданылған сөздер де түзеді деп танушылық бар. Мұның көркем тіл заңдылықтарын әңгіме етуде қисыны жоқ емес. Тіл қолданысында лексикалық (тілдік, орысша айтқаңда, языковой) синонимдермен қатар, стильдік (қолданыстық, орысша айтқанда речевой) синонимдер болатыны даусыз. Сондықтан синонимдердің көркем текстегі тілдік статусымен бірге стильдік статусын да сөз ету керек болады.
Көркем тексте «синонимдер қатары» дегенмен бірге «қабаттасқан синоним» дегендерді немесе синонимдік қабаттасуларды көрсетіп, олардың көркемдік-стильдік «паспортын» айқындау да – көркем сөз стилистикасының міндеті. Қазақ көркем прозасында (поэзиясында да) синонимдерді қабаттастыра (тіркестіре) қолдану – әсерлі әрі актив тәсілдердің бірі деуге болады. Әсіресе кейбір жазушылар бұл амалға жиі жүгінеді. Мысалы Ғ.Мүсірепов: [Жұрт] бұл дауды жалқы қалдырмай, егіз-егізекті, айыр-айқас, тармақты етіп шығаруды ойлап жатқанда, Игілік істі бітіріп те қойды («Оянған өлке») деп, егіз және егізек, айыр және айқас деген мағыналас сөздерден синонимдік қабаттар жасаған. Осы жазушыда кездесетін қорынып-ығысып, иін-иілісі, болдырған-бұрлыққан сияқты ондаған тұлға, біріншіден, қабаттасқан синонимдердің сәтті үлгілерін танытса, екіншіден, бұндай элементтердің тілдік емес, индивидуалдық, яғни авторлық қолданыстар екенін көрсетеді.
Ал Мұхтар Әуезов – қабаттасқан синонимдерді әсерлі, көркем бояулы құрал ретінде жұмсауды жүйеге айналдырған жазушы екені I бөлімдегі талдауларда айтылды. Ол 1920 жылдырдың басында жазылған повестерінің өзінде-ақ бұл тәсілді жүйеге айналдырып, көріктеуіш амалы ретінде ұсынғанып көреміз.
«Абай» эпопеясынан шырғалап, шырмап ұстайды; басалқа, басу айту, қалың нөпір, қаранор сияқты кабаттастыра келтірген синонимдік сөздер табылады.
Қабаттаса келген синонимдердің тілдік (жалпы тілде бар) түрлері, әрине, өте көп. Олар, негізінен, плеонастық қабаттар болып келеді. Мысалы: некен-саяқ, бірен-саран, кедей-кепшік, дау-шар, қат-қабат, көптен-көпшілеп т.т. Әңгіме авторлық немесе контекстік синонимдер жайында болмаққа керек, сондықтан О.Бөкеевтің: кергіп-керіліп [отыра алмайды], мінгесіп-ұшқасып дегендерін, Қ.Жұмаділовтің жұлымыр, тесік өкпе пысық еді дегендерін контекстік синонимдер шоғыры деп тануға болады.
Қазақтың ұлттық көркем сөз нормаларының келесі саласы – өзге тілдерден сөз қабылдау қабілетінің икемділігінде болса, ол жөнінде мыналарды айтуға болады. Өзге тілдерден әр алуан көздер (каналдар) арқылы сөз қабылдау – жалпы тілдерге тән қасиет. Бұл қасиет көркем сөз дүниесінде орын алатыны – заңды. Бірақ мұнда бөгде тілдік лексикалық элементтердің қатысу мотивтері жалпы әдеби тіл заңдылықтарынан өзгеше келуі мүмкін. Мысалы, кейіпкерлер тілін (олардың сөйлесу үлгісін) шынайы көрсету арқылы образ жасау үшін, жалпы әдеби тілде қабылданған өзге тілдік сөздер қолданыла алады. Ол сөздер ауызекі тілдік те, кітаби тілдік те болып келе береді. Мысалы, Қалихан Ысқақовтың «Қара орман» романында қазіргі ауыл адамдарының өмірі суреттеледі. Оның кейіпкерлері «өз тілдерімен» сөйлейді, яғни бүгінгі болмысымызда тілге құрметімізді жоғалтып, қалай болса солай, орысша-қазақша араластырып сөйлейтінді шығардық, бұл әдет тек ауыл адамдарында емес, қалаларда да бар. Осы шындықты көрсету үшін, кейіпкерлер образын нақ беру үшін «Қара ормандағылардың» диалогтерінде: «Каждый год келіп тұратын кәлымщик те...»; «ендеше, осыны Жақыптың дружбасына бесінші балташы етіп апормит қыл...»; «жарықтық, бұ шіркінді іштің не, оптират қылдың не...» сияқты болып келеді. Мұнда өзге тілдік сөздер макаронизмдер ретінде қолданылған. Бірақ бұлардың осы қолданысы – көркем шығарма үшін нормаға қайшы емес, өйткені олар, жоғарыда айттық, кейіпкерлердің сөйлеу үлгісін беру үшін жұмсалған. Ал егер макаронизмдерді, яғни бөгде тілдерден сыртқы тұлғасын өзгертіп, стильдік мақсатсыз қолданылған сөздерді автор ешбір уәжсіз өз баяндауында (немесе тіпті кейіпкерлер тілінде де) жұмсаса, ол – нормадан ауытқушылық болар еді. Бұл орайда қазіргі қазақ көркем прозасы үлкен ұқыптылық білдіріп келе жатқанын айту керек. Бұл үлгі әуел бастан, 10-20-жылдардағы көркем проза туындылары тілінен бері келеді. Қазақ жазушылары өз баяндауларын (автор сөзін) бөгде тілдік элементтерден мейлінше таза беруге тырысады.
Міне, қазақ тілінің ұлттық әдеби белгілері, оның қазіргі күй-қалпы – негізінен, осы айтылғандар.
Рәбиға Сыздықова