24 мау, 2022 сағат 13:46

Польша депутаты жеміс теруге украиндардың орнына өзбек мигранттарын шақыруды ұсынды


Польша парламентінің депутаты әрі жергілікті бағбандар ассоциациясының президенті Мирослав Малишевский биылғы жеміс-жидек теру науқанына украиндардың орнына өзбек мигранттарын тарту туралы ұсыныс жасады. Бұл туралы Польшаның Wiadomosci ze swiata басылымы хабарлады.

Басылымның жазуынша, Украинада Ресей басқыншылығына байланысты әскер қатарына шақыруға жарамды ер азаматтардың ел аумағынан шығуына тыйым салынғандықтан, Польшада биыл жұмыс күші жетіспей жатыр. Жылда бұл науқандық жұмысты істейтіндер арасында украиндар көп болатын.

"Жұмыс қолы қат болып тұр. Біріншіден, жүк көлігі мен трактор айдап, тыңайтқыш себу сияқты күрделі жұмыстарды атқаратын ер азаматтар жетіспей жатыр" дейді поляк депутаты.

Мирослав Малишевский Польша шаруаларының көбі далада жеміс-жидек шіріп жатса, тұтынушы баға көтерілгеніне наразы деп шағынғанын айтады. Сондықтан тап қазір поляк шаруалары өзбек еңбек мигранттарын маусымдық жұмысқа тарту мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Малишевскийдің мәліметі бойынша, Ресейдегі дағдарысқа байланысты жұмыссыз қалған Өзбекстанның төрт миллионнан астам азаматы ол елден отанына оралған. Олар Польшаға жұмысқа баруға ықыласты дейді поляк депутаты.

Азаттық