13 ақп, 2023 сағат 12:34

Полиция "Plus capital-ға" алданған адамдарды іздеп жатыр

Фото: Polisia.kz

Полиция “Plus capital” қаржы пирамидасынан зардап шеккендерді іздестіріп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты ІІМ-нің апталық брифингіне сілтеме жасап.

ІІМ Тергеу департаменті “PlusCapital” ЖШС қызметкерлеріне және басқа адамдарға қатысты қаржы пирамидасы мен алаяқтықты ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Маңғыстау облысында “Plus capital” қаржы пирамидасын ұйымдастырған қылмыстық топ азаматтардың ақшалай қаражатын, жылжымалы және жылжымайтын мүлкін заңсыз иемденген.

"Келтірілген залал сомасы 3,6 млрд теңгені құрады. 600-ден астам қазақстандық жәбірленуші деп танылды.

Бұл іске қатысты облыс тұрғыны мен нотариус ұсталды. Сот үкімімен олар 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Қаржы пирамидасының ұйымдастырушысына халықаралық іздеу жарияланды. Полиция оның орналасқан жерін анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізеді" - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ІІМ Тергеу департаменті осы қылмысқа қатысы бар басқа да адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартпақ.

"Осыған байланысты “Plus capital” қаржы пирамидасының заңсыз қызметінен зардап шеккен азаматтарға Маңғыстау облысындағы ІІМ жедел-тергеу тобының орналасқан жерін хабарлаймыз: Ақтау қаласы, 3 б шағын ауданы, 13 ғимарат, полиция департаментінің тергеу басқармасы.

Байланыс телефондары: 8-7292-47-42-92, 47-42- 82, 8-705-709-62-35, 8-775-210-99-97" - делінген ақпаратта.