07 ақп, 2023 сағат 13:16

Петропавлда заңсыз діни қызметпен айналысқан екі шетелдік ұсталды

Фото: Polisia.kz

СҚО полицейлері заңсыз діни қызметпен айналысқан екі шетелдікті жауапкершілікке тартты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ресей Федерациясының екі азаматы жүзеге асырған заңсыз діни қызметті тоқтатты. Олардың Қазақстанда тіркелмеген діни ұйымның ізбасарлары екені анықталған. Олар 2022 жылдан бастап, облысқа келіп жүрген уақыттан бері Петропавл тұрғындарын өз ұйымдарының өміріне тартып, "жанның тазаруы болады" деп уәде берген. Осы ұйымға адамдарды ізбасарлар мен мессенджерлер арқылы тартқан. Қылмыскерлер – 42 жастағы ер адам мен 60 жастағы әйел Я.Гашек көшесіндегі жалдамалы пәтерде ұсталған.

Күдіктілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 489-бабы 10-бөлігі ("Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметіне басшылық жасау, қатысу, олардың қызметiн қаржыландыру") бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

"Осы баптың 10-бөлігінде тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметiне қатысу туралы жазылған", – дейді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Бап санкциясына сәйкес, бұл үшін 50 АЕК мөлшерiнде айыппұл салу көзделген. Бұл ұйым Ресей Федерациясында тоталитарлық деп танылып, оның әрекетіне тыйым салынған. Қазіргі уақытта құқық бұзушылардың заңсыз әрекеттерін одан әрі тексеру жүргізіліп жатыр.