25 ақп, 2026 сағат 12:30

Павлодарда зейнеткер полицияның көмегімен алаяқтарға аударған ақшасын қайтарып алды

Фото: Polisia.kz

Павлодарда зейнеткер әйел алаяқтардың құрығына түсіп, 2 миллион теңгеден астам жинағынан айырыла жаздады, алайда банк қызметкері мен полицияның қырағылығының арқасында қаражатын аман алып қалды, деп хабарлайды Ult.kz.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, белгісіз ер адам зейнеткердің үй телефонына хабарласып, өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырып, құжаттарды шұғыл қайта рәсімдеу қажеттігін айтып сендірген. Сұхбат барысында ол кейуананың есепшотындағы қаражат көлемін анықтап, алдау жолымен алдымен 1 миллион 300 мың теңгені аудартқан. Алаяқтар психологиялық қысым көрсету мақсатында зейнеткерді WhatsApp мессенджері арқылы тәулік бойы бақылауда ұстап, оған туыстарымен немесе бөгде адамдармен сөйлесуге қатаң тыйым салған. Тіпті, оны банкке жеткізу үшін арнайы көлік жіберіп, жол бойы жүргізушімен тілдеспеуді нұсқаған.

Қалған соманы аудару үшін банк бөлімшесіне келген әйелдің мазасыз мінез-құлқын байқаған банк қызметкері бірден күдіктеніп, полицияға хабар берген. Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары қосымша заңсыз транзакцияның алдын алып қана қоймай, зейнеткерге бұрын аударылған қомақты қаржыны қайтаруға да көмектесті. Осылайша, қарт кісілердің көп жылғы жинағы толықтай сақталып қалды. Өз кезегінде зейнеткер мен оның жұбайы полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен жедел әрекетіне шексіз алғыстарын білдірді.