24 ақп, 2026 сағат 18:37

Наурыздан бастап "Отбасы банк" кезектегілерге қойылатын талаптарды өзгертеді

Фото: gov.kz

2 наурыздан бастап тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға баспана бөлу және жеңілдетілген несие беру тәртібі өзгереді. Енді "Отбасы банк" пәтерлерді тек деректері міндетті түгендеуден өткен азаматтарға ғана ұсынады. Бұл туралы Қаржы институты хабарлады.

 Институтының мәліметінше, түгендеу рәсімі кезекте тұрған азаматтардың деректерінің өзектілігін тексеруге бағытталған. Атап айтқанда, отбасы құрамы, санаты және тұрғын үйінің бар-жоғы қайта қаралады. Ол үшін азаматтар арнайы портал арқылы рәсімнен өтіп, дербес деректерін өңдеуге келісім беруі тиіс.

Егер азамат түгендеуден өтпесе, ол тұрғын үйге мұқтаждар тізімінен шығарылмайды. Алайда деректері нақтыланғанға дейін банк жалдамалы баспана ұсынбайды және жылдық 2 немесе 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие бермейді.

Бұған дейін уақытша тәртіп қолданылған. Жаңа жүйені жедел іске қосу мақсатында пәтерлер алдымен түгендеусіз бөлініп, кейін азаматтардың мәліметі тексерілген. Соның салдарынан бірқатар қиындықтар туындаған.

Банк өкілдерінің айтуынша, кей жағдайларда түгендеу барысында кезекте тұрған азаматтың бұрын баспана сатып алғаны анықталған. Сондай-ақ отбасы құрамында өзгеріс болып, бала саны артқанына қарамастан шағын пәтер бөлінген жағдайлар кездескен. Мұндай кезде құжаттарды қайта рәсімдеуге тура келген.

Қазіргі уақытта "Отбасы банк" тұрғын үйді ұлттық даму институты мәртебесінде бөледі. Облыс әкімдіктері банкке 13 393 пәтер тапсырған: оның 8 846-сы жалдамалы тұрғын үйге, 4 547-сі несиелік баспанаға арналған. Пәтер бөлу басталғалы бері 4 216 отбасы баспаналы болған.

24 ақпандағы дерек бойынша, 257 мың азамат түгендеу рәсімінен өткен.

Жаңа тәртіп тұрғын үйді әділ бөлуге және кезекте тұрған азаматтардың нақты жағдайын ескеруге мүмкіндік береді.