Фото: egemen.kz
Жетісу облысында блогер 4 жыл бұрынғы әрекеті үшін 216 мың теңге айыппұл арқалады, деп хабарлайды Ult.kz.
Данияр Бейісқали есімді азамат Қазақстанның мемлекеттік Елтаңбасын қоқыс жәшігінен тауып алып, оны тазалап, үйіне іліп қойған. Ол бұл қадамын әлеуметтік желіде рәмізге құрмет ретінде түсіндірген.
Алайда арада бірнеше жыл өткен соң бұл жарияланым Ақсу ауданы әкімдігінің назарына ілігіп, іс полицияға жолданған. Шенеуніктер блогердің әрекетін мемлекеттік рәмізді мақсатсыз пайдалану деп бағалауды сұраған.
Нәтижесінде құқық қорғау органдары блогерге айыппұл салды. Олар мемлекеттік рәміздер заңмен ерекше қорғалатынын және оларды тек белгіленген тәртіп бойынша пайдалану қажет екенін ескертті.
Бұл оқиға қоғамда екіұдай пікір тудырды: біреулер оны рәмізге құрмет десе, енді біреулер заң бұзушылық ретінде бағалап отыр.
