29 сәу, 2026 сағат 11:59

Қазақстанда сұмдық деректер: сәби саудасы, вебкам желілері және адам қанау фактілері әшкереленді

 

Бейнеден алынған кадр


Қазақстан ІІМ сәуір айында өткен “STOP трафик” жедел-профилактикалық шарасының қорытындысын жариялады. Нәтижесінде адам саудасы, жастарды заңсыз әрекеттерге тарту және тыйым салынған контент таратуға қатысты ондаған қылмыс әшкереленді, деп хабарлайды Polisia.kz.

 

Ресми мәліметке сәйкес, адам саудасына байланысты 41 қылмыс тіркелген. Оның 9-ы кәмелетке толмағандарға қатысты.

 

Қызылорда: сәби саудасы


Қызылорда облысында жаңа туған нәрестені сату дерегі анықталды. 25 жастағы әйел баладан бас тартқаннан кейін, қор жетекшісі делдал ретінде әрекет етіп, сәбиді 50 жастағы тұрғынға 1 миллион теңгеге сатуды ұйымдастырған. Күдіктілер қамауға алынды.

 

Алматы: баспанасыздарды қанау


Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ баспанасыз адамдарды пайдаланып, олардың атына несие рәсімдеген. Кейін бұл қаржыға автокөліктер сатып алып, қайта сатқан. Ұйымдастырушылар ұсталды.

 

Жетісу: жасөспірімдерді құлдыққа салу


Жетісу облысында екі жасөспірім ұрланып, еріксіз еңбекке жегілген. Оларды тұрмыстық химия өндірісінде жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Зардап шеккендер құтқарылып, күдіктілер ұсталды.

 

Вебкам және заңсыз контент


Абай облысында вебкам-студиялар желісін құрған ерлі-зайыптылар ұсталды. Олар қыздарды порнографиялық түсірілімдерге тартқан.

 

Сонымен қатар ел бойынша жастарды азғыруға қатысты 20 іс, АИТВ жұқтыру бойынша 15 іс және порнография тарату бойынша 5 қылмыстық іс қозғалды.

 

ІІМ мәліметінше, жастарды деструктивті әрекеттерге итермелейтін және заңсыз контент тарататын тұлғаларды анықтау жұмыстары күшейтілген.