28 сәу, 2026 сағат 13:59

Алматыда зейнеткерді ұрған күдікті қамауға алынды

Бейнежазбадан кадрлар

Алматыда аялдамада 66 жастағы зейнеткерге қатыгездікпен шабуыл жасаған 26 жастағы ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды Ult.kz.

Полицияның мәліметінше, тергеу күдіктіні қамауға алу туралы өтініш білдіріп, оны прокуратура мен сот қолдаған.

Оқиға 23 сәуір күні болған. Бейнежазбада ер адамның аялдамада тұрған әйелге жақындап, оны жұдырықпен ұрып, жерге құлағаннан кейін басынан тепкені көрінеді.

Жәбірленушінің қызы әлеуметтік желіде оқиғаның мән-жайын жариялағаннан кейін іс қоғам назарын аударды. Полицейлер күдіктіні жедел анықтап, ұстаған.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.