Фото: baq.kz
Павлодар өңірінде «Anti-Fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Оның басты мақсаты — интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерді анықтап, олардың алдын алу, деп хабарлайды Ult.kz.
Жедел қызметкерлердің нәтижелі жұмысының арқасында интернет пайдаланушыларына қатысты 98 алаяқтық дерегі әшкереленіп, жолы кесілді.
Соңғы операциялардың бірі барысында Павлодар қаласында алаяқтық схемаларға қатысы бар алты адам ұсталды. Олар SIM-карталарды рәсімдеп, «WhatsApp» мессенджерінде аккаунттар тіркеп, кейін бұл аккаунттарды үшінші тұлғаларға берген. Аталған аккаунттар азаматтарға қоңырау шалу арқылы алдау мақсатында пайдаланылған.
Полиция мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Ірі компаниялар ешқашан банк картасының деректерін сұрамайды. Сондай-ақ «SMM ілгерілету үшін нөмір жалға беру» туралы ұсыныстар – алаяқтық схеманың бір түрі.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды сақ болуға, әсіресе егде жастағы туыстарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырады.
Айта кетейік, «Anti-Fraud» іс-шарасы 30 сәуірге дейін жалғасады. Бұған дейін Алматыда да телефон алаяқтығына қатысы бар қылмыстық топ ұсталған болатын.
