Фото: zakon.kz
Қарағанды қаласында жасөспірімдер арасындағы қатыгездік қоғамды дүр сілкіндірді. Алты кәмелетке толмаған жасөспірім қатарлас қызды аяусыз соққыға жығып, ауыр жарақат салған. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің ашу-ызасын туғызды, деп хабарлайды Ult.kz.
Полиция мәліметінше, жанжал бастапқыда жас жігіт пен қыздың арасында туындаған. Кейін оған тағы бірнеше жасөспірім қосылып, жәбірленушіге қасақана дене жарақатын салған. Соққы салдарынан қыздың денесі қанталап, айтарлықтай зардап шеккен.
Жәбірленушінің ата-анасы құқық қорғау органдарына арыз түсіріп, қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары алты күдіктіні анықтап, бөлімшеге жеткізді. Жанжалды бастаған екі жасөспірім тергеу изоляторына қамалды.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік шаралар қолданылды. Бұл жағдай жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңесте де қаралды.
Тергеу аяқталған соң кінәлі деп танылған жасөспірімдерді арнайы білім беру ұйымына жіберу мәселесі қарастырылмақ.
Бұл оқиға қоғамда жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, ата-ана жауапкершілігі мен тәрбие мәселесін қайта көтеріп отыр.
