25 ақп, 2026 сағат 12:14

Дәрілік заттарды тіркеу және қайта тіркеу тәртібі жеңілдейді


Фото: gov.kz
Ғылым мәселелері бойынша түзетулер аясында дәрілік заттарды тіркеу және қайта тіркеу тәртібін композиттік мемлекеттік қызмет форматында оңтайландыру нормалары мақұлданды. Бұл дәрілік препараттарды тіркеу мерзімін 210 күннен 100 күнге, яғни екі еседен артық қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында айтылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігіне фармацевтикалық компаниялардың өтінімдерін күтпей-ақ, Қазақстан үшін қажетті дәрілік заттарды тіркеуге өз бетінше өтінім беру құзыреті беріледі. Бұдан бөлек, дәрілік заттарды өндіруде қолданылатын заттар мен субстанциялардың сапасын бақылау тетігі енгізіледі.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында референс-орталықтар құру туралы түзетулер мақұлданды. Олар жоғары технологиялық медициналық көмектің бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етіп, диагностиканың дәлдігін арттыруға және денсаулық сақтау жүйесіне әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған.