Фото: alm.sud.kz алынды
Еліміз гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мақсатында заңнамалық және әлеуметтік реформаларды жүзеге асырып келеді. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2023 жылғы статистикасына сүйенсек, Қазақстан теңдік индексінде 146 елдің ішінде 65-орында тұр. Бұл көрсеткіш әйелдердің ел экономикасы мен саясатына белсенді ат салысуымен, денсаулық сақтау мен өмір сүру деңгейінің артуымен байланысты.
Белгілі баспагер, «Мазмұндама» қорының негізін қалаушы Шыңғыс Мұқанның айтуынша, кез келген қоғам дағдарыстан соң өзгереді.
«Әдетте қоғам өзгермейді. Адамдар осындай парадигмалар, әлеуметтік катаклизм, үлкен дағдарыс кезінде өзгереді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша заңның қабылдануы, бұл тақырыптар қоғамда жиі талқыланып жатқаны, тіпті соңғы болған соттың тікелей эфир арқылы өтуі – феномен. Біріншіден, бұрын соңды сот тікелей эфирде өтпеген, дәл осындай резонанс тудырмаған. Бүкіл Қазақстан көрді. Бұл арқылы халықтың құқықтық сауаты өсті. Өзіңнен емес, өзгеге қарап сабақ алған әлдеқайда арзан. Сондықтан бұл жағдай қайғылы болғанымен, қоғамды түзейтін, сабақ болатын үлкен кейс», - дейді Шыңғыс Мұқан.
Мысалы Қазақстанда әйелдердің саясаттағы рөлі біртіндеп артып келеді. 2023 жылы Парламент Мәжілісіндегі әйелдердің үлесі 30 пайызды құраған. Сенатта 25 пайыз болса, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55 пайызды құрайды.