Өзбекстан билігі 52 адамның қайтыс болу себебіне байланысты әзірленген қаулыны жариялады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі РИА Новости сайтына сілтеме жасап.
«Автобустың өртенуіне басты себеп – оның техникалық ақаулары. Дәлірек айтсақ, ішінде жылудың жоқтығы, тез тұтанатын заттардың көптігі, өртке қарсы құралдардың қолданылмауы, салмақты көтере алмауы, салоннан шығар жолдың жүкпен бөгелуі, қарапайым қауіпсіздікке байланысты профилактикалық шаралардың болмауы», - деп жазылған қаулыда.
Аталған қаулыны Өзбекстан азаматтарының транспорт көмегімен шетелге шығу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін республикалық комиссия әзірледі. Оны мемлекеттің бірінші вице-премьері Ачилбай Раматов басқарды. 2018 жылдың 1 ақпанынан бастап шекарадан шығатын автобустар мен микроавтобустар жақсылап тексерілетін болды.
Естеріңізге сала кетсек, төтенше жағдай 18 қаңтар күні Қалыбай ауылынан 10 км және облыс орталығынан 320 км қашықтықта Самара-Шымкент трассасында Астана уақытымен сағат 10.30-да болды. 57 азамат отырған «Икарус» маркалы жолаушылар автобусы өртенді. Ақтөбе облысының ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, жанып жатқан автобустан 5 адам шығып үлгеріпті, 52 адам қайтыс болған.
Бұдан кейін Ақтөбеде өртенген автобустың видеосы шықты.
Сонымен қатар, автобустағы өрттен зардап шеккендердің аты-жөні белгілі болды, қазір оларды Ақтөбеге алып бара жатыр. Олардың арасында үш жүргізуші, Қазақстан азаматтары – 1985 жылы туған Мақсат Пернебек, 1968 жылы туған Нұржан Қырғызбаев, 1978 жылы туған Барат Таңатаров. Барлығы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны. Қалған екеуі Өзбекстан азаматы – 1988 жылы туған Ахрор Исаков және 1980 Исроилджан Мырзахметов.
Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстанда болған оқыс оқиға орнына дәрігерлер, СІМ және министрлік қызметкерлерін жіберу үшін ұшақ жіберетінін хабарлаған.