21 мау, 2022 сағат 11:00

Оқу-ағарту министрі білім бөлімдерінің басшыларын сынға алды


Балалар жылына арналған жоспарға формальды іс-шараларды қосудың қажеті жоқ. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Балалар жылы бойынша жоспар бекітілді. Бірақ қазір әріптестеріміз дайындалмай сөз берген едім. Әрине, негізінен біраз жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ жүйелі түрде жүргізілгенін көрмедім. Әлде дайындалған жоқсыздар ма? Білмеймін қалай екенін. Десек те, Балалар жылы бойынша өңірлердің жоспарларын қайта қарау керек. Оларды толықтыру керек. Әр ауданның әлде қаланың білім бөлімі бойынша осындай жоспар болуы керек. Сіздерге сөз бергенде ол дайын тұрып, кәдімгідей жүйелі мәселелерді айтып берулеріңіз қажет. Қазір көзім жетіп отыр, жалпы жүйелі мәселелер мен күнделікті болып жатқан мәселелерді айыра алмай отырсыздар. «Осыншама мектеп жөндеп жатырмыз» дейсіздер. Ол алдыңғы жылы да жөнделді, жөнделуі керек те», - деді Асхат Аймағамбетов ведомствонның аппарат жиналысында. 

Осы ретте министр өңірлердің білім бөлімі басшыларына Балалар жылында нақты жүйелі қандай іс-шаралар орындалады, жоспарға не кірді деген сұрақтарға жауап беруге дайын болу керектігін ескертті. 

«Сондықтан жоспардағы 200 іс-шараны қайтадан қараңыздар. Сіздерге 2 апта уақыт беремін. Күнделікті, балалар жылы болмаса да өткізілетін іс-шараларды қосудың қажеті жоқ. Балаларға байланысты қандай проблемалар бар болса, соны ішіне қосу керек. Мүмкін аз болар. Бірақ, бізге формалды түрдегі іс-шараларды қосудың қажеті жоқ», - деді ол.