Ұстаздар күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Астана қаласындағы №83 мектеп-гимназияға арнайы барып, елордалық мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев кез келген адам үшін ұстаздың орны ерекше екеніне тоқталды.
– Барлық жетістіктің бастауында оқу мен тоқуға үйретіп, білімге баулыған ұстаздар тұрады. Сондықтан әр адам ата-анасымен бірге ұстазына да қарыздар, – деді Мәулен Әшімбаев.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары елімізді жаңғырту жолында мұғалімдердің ерекше рөл атқаратынын да айтты.
– Елбасының Қазақстанды үшінші жаңғырту бастамасында көрсетілген міндеттерді орындаудың бірден бір жолы жаңа үрдістерге сай, сапалы білім беру екені сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде, ұстаз еңбегінің маңызы жоғары. Жастарымыздың патриот, білікті де бәсекеге қабілетті маман және туған елге қызмет ететін азамат болып қалыптасуына да мұғалімдердің қосатын үлесі зор. Өйткені ұстаз – білім беру ісінің алтын қазығы, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар кездесу барысында ұстаздардың партия үшін рөлі ерекше екені, мұғалімдердің Елбасы мен партияның барлық бастамаларын нәтижелі орындап, олардың мәні мен маңызын халыққа түсіндіруге үлкен үлес қосып келе жатқаны айтылды. Одан бөлек, «Нұр Отанның» білім беру ісін жандандыруға және жастарымыздың болашақтың мамандықтарын игеруіне бағытталған жаңа жобалары да сөз болды.
Осы ретте, аталған мектептің инклюзивті білім беру ісін дамытып отырғанын айрықша атап өткен жөн. Яғни мұнда ерекше талаптарды қажет ететін балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Мәулен Әшімбаев инклюзивті білім беру қолдауға лайық игі іс екеніне назар аударып, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында бұл бағытта партия тарапынан да ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Өз кезегінде ұстаздар қауымы мереке қарсаңында алғашқылардың бірі болып құттықтаған «Нұр Отан» партиясына ерекше ризашылығын білдіріп, алғыстарын жеткізді.