10 қаң, 2024 сағат 13:55

New York Times Алматыны 2024 жылдың ең үздік туристік бағыттар тізіміне енгізді

© Фото: Максима Золотухина

The New York Times жаңа жылда көруге болатын әлемдегі 52 орынның дәстүрлі тізімін жариялады. Танымал басылымның нұсқасы бойынша Алматы тізімде 25 орында тұр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматы екі миллион халқы бар Қазақстанның ең ірі қаласы бола тұра, бейбіт, бірақ белсенді шаһар әсерін қалдырады. Алматының мәдени орталық ретіндегі мәртебесі оның гастрономиялық өмірінде айқын көрінеді. Ұн, су және етке негізделген «нео-номадтар» асханасы гипер-заманауи стильде ұсынылған; оны AUYL немесе TÖR ресторандарында көре аласыз. Lanzhou Noodle мейрамханасы қытай тағамдарын, ал Sensilyo Coffee немесе JumpinGoat кафелері - керемет кофе ұсынады. Көк базардағы жемістер мен жаңғақтарды тамашалаңыз, содан кейін жақында кеңестік дәуір ғимаратында ашылған үлкен азық-түлік базарында PlatformA-ға барыңыз» - деп жазған редакция.

Сондай-ақ мақалада Әулие Вознесенск соборының фотосуреті бар.

«Қазақстан соңғы жылдары әлемдік БАҚ рейтингіне жиі ілігіп келеді және New York Times тізіміне ену туристердің біздің елімізге деген қызығушылығының артып келе жатқанын анық білдіреді», - дейді ҚР Туризм және спорт вице- министрі Ержан Еркінбаев.

Айта кетейік, Алматы - бұл рейтингке енген аймақтағы жалғыз қала. Бұған дейін 2017 жылы Қазақстан ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында осы тізімге енген болатын.