18 нау, 2017 сағат 19:17

"Неке заңмен тіркелсін!" немесе "Талақ" айтқыштарға тоқтам бола ма?

Соңғы екі-үш жыл ширегінде елімізге сыналап кірген жат ағымдардың теріс идеяларымен уланғандардың арасында қыздармен уақытша некеге тұрып, қызығы басылған соң «талақ» айтып тастап кету деректері ашық айтыла бастады. Мұны қалай түсінуге болады? Дін атын жамылып, нәпсіге ерік берген теріс діни идеяларды ұстанушылардың тым еркінсіп кеткені ме, әлде мемлекеттің осы саланы реттейтін заңнаманы орындата алмай отырған дәрменсіздігі ме?

Үйленетін уақытта өтірік діндар болып, дінімізді жамылып, ата-ана мен ағайын-туыстан жасырын түрде «Құдай алдында неке қисақ болғаны» деп жас қызды алдап, уысына түсіріп, ал балалы-шағалы болғанда ат құйрығын көрсетпей қашып кететін құлар жоқ емес. Міне, осындайлар ақ некенің қадірін қашырып, халық арасында исламофобиялық (дін исламды жек көру) көзқарас тудырады.

Егер осы мәселенің арғы жағына үңілер болсақ, жесір қалған әйел мен жетім қалған баланың көз жасы және осыдан туындайтын әлеуметтік проблемалар көрініс беретінін аңғарар едік. Дін талаптарын теріс бұрмалап, қыздарды уақытша жар етіп, оңай тастап кетіп жүрген теріс ағым ұстанушылары өз некелерін АХАЖ бөлімдерінде тіркемейтіндіктен әйелі мен балаларына жауапкершіліктен және алимент төлеуден оңай жалтарып кетеді. Осылайша дүние есігін жаңа ашқан сәби әлеуметтік жағынан да, заң жағынан да қорғалмаған. Бүгінде заңсыз, уақытша некенің құрбаны болған жас ана мен бала мемлекеттің бірқатар әлеуметтік жеңілдіктерінен мақұрым қалып қойып отыр. Бұл неке заңсыз болғандықтан ол заң алдында жалғыз басты ана ретінде немесе толық емес отбасы ретінде танылмайды. Әйтседе, ондай тас жүректі әкелер заң алдындағы жауапкершіліктен құтылып кеттік деп ойлағанымен Жаратушының алдындағы есептен қаша алмайды:

«Кімде-кім тозаң түйірінің сал­ма­ғын­дай жақсылық істеген болса, соның да сыйын көреді. Кімде-кім тозаң түйірінің салмағындай жамандық істеген болса, соның жазасын да көреді» (Зілзала: 7-8).

Сондықтан еліміздегі неке қатынасын реттейтін заңға сәйкес, некеге тұрған ерлі-зайыпты АХАЖ органдарына тіркеуден өтулері тиіс. Тек осылай ғана некеге тұрған жандарға сәйкесінше заңмен жауапкершілік жүктеуге болады.

 Жастарымыз заңда тайға таңба басқандай анық-қанық жазылған осы талап орындалған жағдайда ғана өздерінің ар алдында да, Алла алдында да адалдығын сақтайтынын түсінулері тиіс. Дұрыс, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан мұсылманшылық ақ некенің орны ерекше. Біз имамның алдында қиылатын некені жоққа шығарып жатқанымыз жоқ, керісінше сол некені заңмен қорғап, оның маңызын, Құдай алдындағы жауапкершілігін түсіндірудеміз. Бес саусақ бірдей емес, біреу Құдайдан қорықса, енді біреу заңнан қорқады. «Ауызы күйген үрлеп ішеді» демекші осылайша жас аналарымыз мен сәбилеріміздің келешегін қамдап, алдағы уақытта келеңсіз жағдайлардан қорғаған боламыз.

Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мешіттерінде неке қиюға барған жастардан АХАЖ мекемесінің неке куәлігін талап ететіні бірден-бір дұрыс ұстаным екенін айта кету керек. Дін басқармасындағы мүйіздері қарағайдай ғалымдар мен мамандар да осындай шешімді дұрыс деп тапты. Ақ неке еріккеннің ермегі емес, барлық адам заң алдында жауапты.

Конституцияда көрініс тапқан зайырлылық қағидатын басшылыққа ала отырып, адам және азамат құқығы мен бостандығы сақталатын қоғам құра аламыз. Ал теріс діни ағымдардың ұстанушыларының «талақты» оңайға балаған жүгенсіз әрекеттеріне мемлекет заңының алдында да, Жаратушы заңының алдында да ешқандай ақтау жоқ.

Сондықтан уақыт талабына сай еліміздің «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінде діни және басқа да ұстанымдарды басшылыққа алып, заң талаптарына қайшы «неке қию» рәсімдерін іске асыруға жол бермейтін тетіктерді де қарастырған жөн деп есептеймін.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

Философия ғылымдарының кандидаты,

дінтанушы,

«KazIslam.kz» порталының бас редакторы

Ұлт порталы