26 қаң, 2022 сағат 11:53

Мұнай өңдеу нарығы қалай монополияланды – агенттік түсініктеме берді


ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «негізгі қуаттарға» қол жеткізу мүмкіндігін шектеу арқылы шағын және орта бизнестің тынысын тарылтып келген салаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Экономикалық өсімнен негізгі пайданы қаржы-олигархиялық топтар алып келді. Қалыптасқан олигополиялар еркін нарықтың дамуын айтарлықтай шектеп, елдің бәсекеге қабілеттілігін төмендетті. Бұл жағдай негізінен шағын және орта бизнестің «негізгі қуаттарға» қол жеткізу мүмкіндігін шектеді», - деп жазылған агенттіктің баспасөз қызметі таратқан мәліметте. 

2021 жылдың 30 желтоқсанында бәсекелестікті дамыту жөніндегі заңға қол қойылды. Агенттік мамандары аталмыш заң нормалары Мемлекет басшысының Қазақстан экономикасын одан әрі мемлекет иелігінен шығару және елдің негізгі нарықтарына жаңа ойыншылардың кіруіне жол ашу туралы тапсырмаларын орындауға негіз болып отырғанын айтады. 

«Заңның негізгі бағыттарының бірі – шағын және орта бизнестің «негізгі қуатқа», яғни инфрақұрылымға немесе объектілерге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Онсыз тиісті нарықта қандай да бір қызмет түрін орындау мүмкін емес», - делінген мәліметте. 

Агенттік өкілдерінің «негізгі қуат» деп отырғандары – магистральдық теміржол желісі, байланысқа арналған кабель желісі, бастапқы металл шикізаты, өңдеуге арналған мұнай, теңіз порты, дәрі-дәрмек өндіруге арналған субстанциялар, өндіріс технологиялары сияқты мемлекеттік органдар арқылы реттелетін ресурстар. 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің түсіндірмесіне қарағанда, қолданыстағы жүйе әсіресе шағын және орта бизнес нысандарының «негізгі қуаттарға» қол жеткізуін шектеу арқылы оларды бәсекеге қабілетсіз етіп келген. 

Мұның мысалы ретінде облыстар арасындағы шекараларда өңірлік станциялармен және электр желілерімен үлесі бір компаниялардың электр энергиясы нарығында үстемдік етіп отырғанын келтіреді. 

«Осыған ұқсас жағдай мұнай өнімдері нарығында да бар. Олигополиялық нарық болғандықтан мұнда тауарларды сатып алу-сату мәмілелері тікелей шарттар бойынша жасалады. Соның кесірінен көлемдерді бөлу, контрагенттерді таңдау үдерістері айқын өтпейді де, жасырын баға белгілеу, бағаға монополияның үстемдік етуі сияқты кері әсерлер қалыптасады. Мұндай әсерлер бәсекелестік пен кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіреді», - деп түсіндіреді агенттік сарапшылары. 

Былтыр жыл аяғында қабылданған заң осы олқылықтардың күшін жоюға бағытталған. 

«Заңды іске асыру үшін «негізгі қуатқа» тең дәрежеде қол жеткізу қағидалары әзірленеді. Яғни қол жеткізу шарттары мен мерзімдері, «негізгі қуатты» ұсынудан бас тарту негіздері, өтінімдерді қарау тәртібі сияқты ережелер айқындалады. 

Қазіргі уақытта Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мұнай және мұнай өнімдері, тауарлық газ, электр энергиясы, көлік және байланыс, қаржы нарығы сияқты монополия жайлаған нарықтарды монополиясыздандыру тұрғысынан кешенді талдау жүргізуге кірісті. Талдау монополиялық топтар қызметінің аралас тауар нарықтарына әсерін, олардың экономикалық тиімділігін және монополиялық шығындардың болуын бағалауға мүмкіндік береді», - деп жазады агенттіктің баспасөз қызметі.