28 қар, 2024 сағат 11:20

Мәжіліс Қазақстанның 2025–2027 жылдарға арналған бюджет жобасын қабылдады

Фото: Qazaq-uni

Мәжіліс депутаттары Сенат ұсынған түзетулерді енгізіп, 2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қабылдады. Енді құжат президенттің қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды Ult.kz.

Бюджет жобасы парламент қабырғасында қызу пікірталас тудырды. Депутаттар Ұлттық қордан тұрақты түрде аударылатын трансферттерге алаңдаушылық білдіріп отыр. Дегенмен, әр жолы бюджет жобаларын мақұлдайды. Бұл жолы да солай болды, бірақ мәжілісмендер алдымен сенаторлар ұсынған түзетулерді енгізді.

«Сенат депутаттары 2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға жалпы сомасы 118,8 миллиард теңгені құрайтын 135 түзету енгізді. Оның ішінде 2025 жылға — 60 миллиард теңге, 2026 жылға — 38,5 миллиард теңге, ал 2027 жылға — 20,3 миллиард теңге қарастырылған. Сенат енгізген түзетулер бюджет параметрлерінің тепе-теңдігін бұзбайды және экономиканың әрі өңірлердің тұрақты дамуына бағытталған. Мәжіліске Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдауды ұсынамыз», — деді депутат Еркін Әбіл.


Оның айтуынша, бұл қаражат өңірлерді қолдауға, атап айтқанда «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға, көлік инфрақұрылымы мен су жабдықтау жүйесін дамытуға жұмсалады.