Фото: Pexels.com
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин «Казахстанская правда» газетіне мақала жариялап, екі ел арасындағы ынтымақтастық пен тығыз қарым-қатынас туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.
«Қазақстан мен Ресей — еуразиялық экономикалық интеграцияның белсенді жақтаушылары. Соның аясында тауарлардың сапасын арттыру, капиталдың ортақ нарығын және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сауда кедергілерін жою бойынша ауқымды жұмыс атқарып келеміз. Мұның бәрі экономиканың түрлі саласында тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді және елдерімізге елеулі пайда әкеледі»,- деді Путин.
Елдер арасындағы сауда биыл қаңтар-қыркүйек айларында 20 млрд доллардан асқан. Өзара есеп айырысудағы ұлттық валюталар үлесі тұрақты түрде артып келеді. Қазақстан экономикасына тартылған Ресей инвестициясының көлемі шамамен 13 млрд долларға жетті.
«Каспий құбыр консорциумының арқасында Қазақстан экспорттайтын мұнайдың 80% астамы Ресей аумағы мен ресейлік порттар арқылы Қара теңізбен шетел нарығына жеткізіліп отыр. «Росатом» Қазақстанға ядролық отын тізбегінің жобаларын іске асырып, уран өнеркәсібін дамытуға тәжірибелік тұрғыдан көмек көрсетіп келеді, - дейді Ресей басшысы.
Тараптар арасында мәдениет, спорт, білім беру саласында да ынтымақтастықты кеңейтуде бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Осы орайда Ресей Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты 9 мамырда Мәскеуде өтетін ауқымды іс-шараға шақырды.
«Жақында Астанада Ресей СІМ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы ашылмақ, оның түлектері арасында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бар. Ресей Қазақстанда жаңа орыстілді мектептер салуды және мектептегі орыс тілінде білім беру сапасын арттыруды қолдайды. Жуырда Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында осындай үш мектептің ашылуы күтілуде», - деді В.Путин.
Сондай-ақ Путин Қазақстан Республикасына кезекті мемлекеттік сапары аясында Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге Уфада өтіп жатқан өңіраралық ынтымақтастық форумы қатысушыларына бейнебайланыс бойынша үндеу жолдайтынын атап өтті.