22 нау, 2017 сағат 22:14

Мұхтар Мағауин. "Қара ләйлек" (әңгіме)

ҚАРА ЛӘЙЛЕК

1

Қара ләйлек туралы екінші реткі, әуелгіге тікелей жалғас әңгімені Кемерқаннан естідім. Моңғол ұлысынан көшіп келген жігіт, Қазақстан тәуелсіздік жариялаған кездегі әуелгі толқын оралмандар қатарынан, алты ағайынды. Бәрі де сол бетінде біздің ауылға орналасқан екен. Алғашқы қиындық жылдардан соң шаруаларын оңдап алыпты: екеуі мұғалім, біреуі журналист, қалған үшеуі мал соңында. Бәрі де ұжымды, ынтымақты, келіншектеріне дейін тату, ал өсіп-өндіген, ересектері мектеп бітіруге тақап, бесіктен озған кішкентайлары шулай шапқылап жүрген бала-шағаның қайсысы кімге тиесілі екенін танып білудің өзі қиын әрі қажетсіз. Әуелде үлкендерінің өзін анық ажырата алмаппын. Әйтеуір осы алты ұлдың және әр тарапқа ұзатылған тағы үш қыздың анасы – бағзыдағы қазақ әйелінің бүгінгі тірі үлгісіндей, ежелгі дәстүр бойынша мұғалім кенже ұлдың қара шаңырағында отырған қартаң шешелері мен танымал журналист ағалары Өмірбектен соңғы ошақ ұйтқысы – осы Кемерқан екенін аңдағам. Батыр тұлғалы, ер көңілді жігіт. Ағайынға бас болып, қаншама машақат, сергелдеңнен соң баба жұрттан мол кесімді, құйқалы қоныс алған да осы Кемерқан. Шыңғыстаудың түстік беті, Бақанас өзенінің ұйықты бір тұсы, Кеңсуат деген жер. Менің ата мекенім Ескі-Жұртпен іргелес. Әрі ежелгі шежіре жөнімен есептегенде тамырымыз бір, діңіміз ортақ. Сондықтан, қай жағынан алғанда да, бес атаға дейін бұдыры жоқ маған жақын туыс болып шығады. Кейінгі жеті-сегіз жыл орайында алыс ауылыма жиірек қарайласам – осындай етене бауыр, риясыз інілердің ықылас-пейілінен екен. Бұрын бес-он жылда бір көруші едім, қазір жыл аралатпай қатынаймын, тіпті, бір жазда екі рет келетінім бар. Және үш-төрт күнге емес, қатарынан үш-төрт аптаға. Көк шалғын үстіне көтере тігілген киіз үй, саумал өзен, самалды қырқа-белестер, сапырылған сары қымыз, үйтілген қой еті, мұндағы қазақ мүлде дерлік ұмытқан құрт, ірімшік пен қолдан тартылған май – бұдан артық қандай демалыс болуы мүмкін. Және кіндік кескен, тіршілік иесі ретінде қалыптасқан, кең дүниеге қанат қаққан туған жерің. Еркін аралайсың, емірене толқисың. Тынысың кеңіп, ғұмырың ұзармас жөні жоқ.

Міне, осындай кезекті барақат демалыстың соңғы бір күні болатын. Майлы жамбас пен қою қымыз үстінде, қалы кілемді кереге басына ілінген ұлпа қоңыр елтіріге көзім түсіп еді. Төрде құйрығы жерге тиген көкжал қасқыр, бір қапталда түгі төгілген қызыл түлкі – ешқайсысына назар тоқтатып қарамаппын. Орнымнан тұрып барып, анықтап көрдім.

– Мынау... бұлғын ғой, – дедім, құлағы қысқа, құйрығы келте, тамағы мен бауыры сәл-пәл ашаң, қоңыр мақпал елтіріні кереге басына қыстырылған ілгегінен алып, аударып, төңкеріп қарап. Қолыма майда жылу емес, салқын бір леп келгендей.

– Иә, – деді Кемерқан. – Бұлғын дедіңіз бе? Баяғыда үлкендер сусар, кәмшат, құндыз деп, біз түстеп көрмеген бағалы аңдар туралы айтып жататын. Соның бірі шығар деп іліп қойдым. Жаным ашығанмен, амал жоқ. Қасқырға құрған қақпанға түсіпті. Сіздің Ескі-Жұрттан бері, Тарсайдың етегінде. Алдыңғы екі аяғы кәрі жіліктен, қатарымен уатылып кеткен екен. Мен алғанда бырс еткен дыбысы әрең шықты...

– Әкелші, көрелік, – деді әуестене қарап отырған біздің әйел.

– Несін көресің. Анау бір жылдары өзің иығыңа салған бұлғын. Бірақ ол – қолда, торда өскені. Ал мынау – нағыз түз аңы. Ұлпасы өзгеше. Тығыз, ұзын, тірі түк. Бәлкім, қазақ даласындағы ең соңғы бұлғын...

– Қайтадан іле сал, – деді көңілі басылған біздің бәйбіше елтіріге қол соза бере.

– Міне, бүгінгі заманның әйелі, қатарынан екі рет жұмсадың.

– Қалай айтса да, жеңгемнің бар ісі дұрыс, – деді менімен еркінірек сөйлесетін Өмірбек миығынан жымиып. – Тек уақытында аңдамай қалдым, өзім әперетін едім ғой, сізді тұрғызбай... – Жеңіл көтеріліп, ұлпа елтіріні біздің бәйбішенің алдына жеткізді.

– Бұлғын... – дедім мен қайтадан қымызға отырып. – Атам айтушы еді, осы Шыңғыстың Сыртында баяғыда бұлғын болды, сусар мен кәмшат та болды деп. Күпсек қарға батпай, қос аяқтап жүгірген жалпақ ізінің өзі көңілге қуаныш әкелетін, енді адам басқан тақау төңіректе бұлғын түгілі суыр да қалмады деп. Өзім де көрген емеспін, тым құрса жаңағы өзгеше ізін. Бар екен. Таңғажайып нәрсе...

– Сіздің Ескі-Жұрт пен біздің Кеңсуаттың өзен бойындағы екі аралығы – құз жартас, терең шатқал ғой. Құнан шаптырым жер. Сондай оңтайлы тұста жан сақтап жүрген де... Ақыры осы емес шығар, – деді Өмірбек менің көңілімді аулағандай.

– Арқар, киік емес, көзге бірден шалынатын. Өзенге түсе беріс, қия жартастың түбі, қасқыр жол деп құрған қақпанымды алып кеттім, – деді Кемерқан да.

– Атып жатады, алып жатады, қуып жатады, қайткенде де құрымайтын бір пәлекет, – деді Өмірбек әңгімені басқа тарапқа аударып.

– Қасқыр да даланың көркі, – дедім.

Кемерқан күліп алды.

– Қораны аңдып, қойға шапқаны болмаса...

Бәйбішем қостап, бәріміз күлдік.

– Айтпақшы, әлгі арқарлар қайтып көрінбеді ме? – деп сұрадым. – Әлде қасқыр қуып кетті ме?

– Жазда даланың қасқырына алғыза қоймайды, – деді Кемерқан. – Адамның қасқыры болмаса. Мына Декен сияқты. Ойпыр-ай, баяғы ашаршылық заман емес, не көрінді сонша!..

Иә. Ашаршылық заман емес. Басқа болса да, Декен үшін. Бес жүз қойы, жетпіс-сексен жылқысы бар екен. Өзі бақпайды, әрине. Жалға жүрген малшылар арқылы. Шөбі шүйгін, қыстауы ықтасын, суы мол, кесімді қоныс тағы тұр. Байлыққа жетпесе де, молшылық өмір. Оның үстіне, жергілікті көлемдегі атаулы қызметкер. Аң-құс және орман-тоғай шаруашылығының меңгерушісі һәм экологиялық қоғам төрағасы. Яғни, екі тарапта да жан қинар жұмысы жоқ әжептәуір еңбекақы, міндетті көлік пен қару, құрал. Әрі еркін сейіл. Негізгі шаруасы да осы сияқты. Бүгінде алыстап кеткен құрама аудан орталығынан, тіпті, сонау облыстық қаладан келетін құрметті меймандары бар. Кейбірі қызмет бабымен, көпшілігі арнайы. Тау етегіне, өзен бойына көкке шығады. İшеді, жейді, жатады. Сонымен ғана тынса жөн ғой. Аң ату керек. Аң болғанда, қоян, түлкі, қасқыр емес. Бірі татымсыз, екіншісі бейнетті, қиын. Әрі толымды, әрі көрнекті, өзгеше аң керек. Арқар. Ең үлкен қызық, ең үлкен мақсат – арқар ату.

Анау бір заманда бұл тарапта мүлде жоғалып кеткен түз тағысы жұрт ыдырап, ел ауған соңғы жылдарда Шыңғыстың өрінен түсті ме, әлде Кент, Шұбартау жақтан ауды ма, ара-тұра бой көрсете бастапты.

– Былтыр бесеу-алтау болатын, – деді Кемерқан. – Күзге жеткізбей жоқ қылды. Биыл екі арқар жүр еді. Жалғыз қозысын ерткен. Осы көктемде ғана. Маусымның ортасында қарасын шалдым. Жалғыз құлжаның. Көп ұзамай оны да түсірді. Мына төменде, Бұрғансайдың қабағында. Кесілген басын ғана көрдім. Мүйізі шаңырақтай екен, жануардың. Кесілген бас, ақтарылған ішек-қарын, қан-жын, жағылған от орны жайрап жатыр. Шашлық пісірген ғой, той тойлап. Кісі етін боршалап, шикідей пісіріп жегендей түршіктім.

– Сонда бұл Декенге ешқандай тоқтау жоқ па! – дедім мен де тіксініп.

– Тоқтау жоқ. Аң мен құстың иесі өзі ғой. Және бұл жолы облыстан үлкен бастықтар келген екен. Әрине, риза болып, көңілдері өсіп қайтты. Бар тіршіліктері онсыз да құрып біткен арқардың бір жапырақ күйген етіне қарап тұрғандай.

– Үнем, тамақ емес, әрине, – деді Өмірбек. – Қызық. Өздерінше қызық.

– Сен жазбадың ба? – дедім.

– Жаздым. Облыстық газетке. Баспады. Айғағыңыз жеткіліксіз, дәлеліңіз аз депті.

– Айғақ пен дәлел жаңағы шаңырақ мүйізді бас емес пе? Әлі жатқан шығар сол жерде, қурап, қаңсып.

– Суретке түсіріп, қоса жібергем. Бұл басты кім және қашан кескенін нақты куәландырыңыз дейді. Яғни, Декеннің атқаны, шопырдың сойғаны, бастықтардың мүйізді басты ортаға алып, шыбыққа шаншып ет пісіріп отырғаны... Сериялы сурет, немесе видеофильм керек...

– Бұлардың бәрі жең ұшынан жалғас, – деді Кемерқан. – Жоғарыдағы ұрлық та, төмендегі қылмыс та. Ешкімнің ештеңеге жаны ауырмайды.

– Сіз жазсаңыз, – деді Өмірбек маған қарап, – мүмкін, бірдеңе шығар еді.

– Мен жаздым ғой, – дедім, түңіле қолымды жайып. – Шыңғыстаудың Сырты, сай-саладағы, өзен алқабындағы қайың, теректі, долана мен құба талды түгел отынға, қораның жабуы мен малдың шарбағына қиып бітті деп. Абай есіміне байланысты қоныс-жайлаулардың өзі ұйпа-тұйпа, тап-тақыр болды деп. Не шықты? Ауылдағы кәрі балшабектер жабыла арыз жазды. Бәрі орнында, бәрі күмән деп. Бұл кісіміздің Шыңғыс ханның тарихынан асып, енді Шыңғыстаудың жоғын жоқтауы – анау арынды ақынымыз атап жазғандай, ескілікті көксеудің жаңа бір көрінісі, Қазақстанда хандық өкімет орнатып, жұрт қалаған, бізге егемендік алып берген сүйікті елбасымызды тақтан тайдыру жолындағы өнімсіз әрекетінің бір тармағы деп. Үкіметке шағымданды, республикалық газеттерге жолдады, көшірмесін жаңағы депутат ақындарына және менің өзіме жіберді. Жазбаса да, жібермесе де ештеңе өнбесін білгем. Менікі іштегі шерді тарқату ғана. Ғұзырлы орындарың селт еткен жоқ. Орман-тоғай, аң мен құсың не, адам атаулының ар-намысымен қоса, бүгіні мен ертеңі түгел тәлкек болып жатқанда. Балығың басынан ғана емес, бауырынан да шіріп біткен. Сабасына қарай піспегі дегендей, бұқара жұртыңның сиқы мынау...

– Әйткенмен, зауал бар, – деді Кемерқан. – Осы тақауда ғана жаңағы Декеннің қой-ешкісі желдеп кетіп, жүз қаралы тұяғы атаусыз жоғалды. Ұры алды ма, қасқыр қуып әкетті ме – белгісіз. Қыста биелерінің жартысы құлын тастады, көктемде үш саулығының бірінен ғана қозы алды. Әлгі, қой-ешкісі жоғалғаннан соң қуып жіберген малшысынан естідім. Бірге бағып жүрген оншақты тұсақ, тайынша, бұзаулы жалғыз сиырын тартып алып, өзін айдап шығыпты. Сүйегін сындырмай, таңба түсірмей, сілейтіп сабаған. Шағым айтсаң, сотқа тартып, қалған малымды өндіріп алам десе керек. Бірақ адамның соты қалай тартса да, алланың сотынан ешкім қашып құтыла алмайды. Оған дейін-ақ, есепсіз атқан қоңыр аңның обалы жібермейді.

– Қайткенде де жазықсыз жануарлар қайта тірілмейді, – деді Өмірбек. – Әзірге қалғанын сақтамаса...

– Декен тоқтамайды, – деді Кемерқан. – Тәңірі соққыр, құралайды көзге атқан мерген. Заңды, өкімет берген карабин винтовкасына көзеуіш дүрбі орнатып алыпты. Қарауылға ілінгенді қырымнан қағып түсіреді. Осы өңірдегі аяқты аңды құртты. Енді қанатты құсқа көшіпті.

– Қаз, үйректі әркім атады ғой, – деді Өмірбек. – Қазір иен қалған Дағандел, Шұбартау жаққа дуадаққа шығады. Ол да "Қызыл кітапқа" енген, сирек құс қой...

– Дуадағы тұрыпты, – деді Кемерқан. – Осы Бақанастың бойында, әр тұста бірқазандар жүруші еді. Енді жоқ. Тақауда осы сіздің Ескі-Жұрттан өтіп, Кеңсуатпен аралықтағы Тарсайды құлдап барады...

– Не іздепті? – дедім өз қорығыма түскенін естіп.

– Тарсайдың құйғанында, тік жартастың кертпеш қуысында жылда ұя басып, балапан ұшырып жүрген бір құс бар еді. Қанаты кең, кеудесі қаз құралпас, ірі. Бірқазан мен тырнаның аралығындағы, ұзын сирақ, қап-қара құс...

– Қарабай? – дедім мен селт етіп. – Тұмсығы имек пе?

– Имек емес. Тіп-тік, үлкен, үшкіл. Бауыры мен қолтығының асты ақ...

– Қара ләйлек! – дедім мен қайран қалып. – Қара ләйлек...

 

2

 

Қара ләйлек. Әлі жүр екен сол бағзыдағы қасыретті, құтты ұясында. Міне, мен білген тұтас ғұмыр, мен естіген қаншама заман бойы. 1932 жылғы, қазаққа төтеннен келген ғаламат аштықтан кейін, балапанын екінші мәрте алдырған, дүние қақап тұрған 1952 жылдан бері. Жазда жаңадан ұя басады, күзде жылы жаққа кетеді, алдағы көктемде туған өлке – Шыңғыстаудың бір шатқалына қайтып келеді. Әрине, жетпіс бес жыл бойы бір жерге байланған – сол әуелгі құс емес. Мұншама жасамаса керек. Яғни, өткенді алмастыратын – осы ұяда шайқалып, қанаттанған, өсіп ұшқан кейінгі, кезекті ләйлек. Бір нәсіл ғана емес, бір тұқым. Мекен-тұрағынан айнымаған, өскен, өнген, өлген, қайта жалғасқан. Соңғы алты ата бойы осы жерде ғұмырын оздырған біздің әулет сияқты. Бәлкім, бұдан екі жүз елу жыл бұрын, қуатты Қазақ Ордасы қасарысқан Дүрбін-Ойратты тықсыра тоздырып, менің жауынгер бабам ежелгі құтты қоныс – осы Шыңғыстаудың Сыртына қайтып оралғанда, бүгінгі қара ләйлектің арғы атасы осы жерде, осы ұяда қарсы алған шығар. Қасиетті қара ләйлек...

– Қара ләйлек деңіз... Өте сирек құс болды ғой, – деді Кемерқан. – Орайымен кездесіппін. Бір жолға сақтап қалған сияқтымын. Декенді айтам. Джип машиналарын Тарсайдың өткелінде тастап, баспалап, төмен түсіп барады. Үш кісі. Қасындағы – алыстан келген тағы бір бастықтар болса керек. Арқарды өзі құртқан. Енді қандай қызық қалып еді, не іздеп барады деп ойладым. Мал қарап жүргем. Машинаның гүрілін ести салысымен, әй, осы дәу де болса Декен шығар деп, желе шауып, қырдан асып барсам, шынында да сол Декен батыр. "Арқарды түп-тұяғымен құрттыңдар, енді не керек еді?" – деймін, сәлем соңынан. "Шал, – деді Декен. – Өз малың орнында ғой. Құдайдың малында не қақың бар?" "Құдайдың малында ешкімнің де қақысы жоқ, – дедім. – Сенен басқа." Декеннің қасындағы, ықшам киінген, олардың да қолында мылтық, бірі малапөлке, бірі қосауыз, қаруы сайлы екі ұлық қарқылдап тұрып күлді. Декен де зорлана ыржиды. "Енді құдайдан озып, сенің иелігіңе түскелі тұрмын, – деді. – Осы Тарсайдың бойында, әлде өзен арнасы, әлде көлденең жартастың қиясында өзгеше бір құс бар деп естідім. Көріп те жүрген шығарсың, бетін нұсқап жібер. Сенің малыңның есебі сияқты, құстың да есебі керек бізге. Мына кісі, – деді, қасындағы ұзынтұра арыққа иек сілтеп, – облыстық Охотнадзордың төрағасының бірінші орынбасары. Яғни, бүкіл Шығыс Қазақстандағы аң мен құстың қожасы. Ал мына кісі, – деді, күржиген, ойлы-қырлы азғана жүрістен соң әлі ентігін баса алмай тұрған дембелше жуантыққа қарап, – орман шаруашылығы..." "Онда жағдайларың түсінікті болды, – дедім. – Біріншіден, мен ешқандай құс көргем жоқ. Екіншіден, көрсем де айтпаймын және сендерге атқызбаймын!" "Бұл қайдан шыққан мықтылық? Өзің бағып отырған құс па еді?" "Бағып отырған құсым, – дедім. – Мен емес, мемлекет бағымындағы. "Қызыл кітап" дегенді естулерің бар ма? Сол "Қызыл кітаптың" қақ ортасында тұрған пәленбай деген киелі құс. Оны аз десең, шынында да менің жеке меншігім. Мына Бақанас өзенінің екі қабағындағы мың жарым гектар жер – менің ғұзырымда. Қол қойылған, мөр басылған. Тауы мен тасы ғана емес, жорғалаған тышқанына дейін. Демек жаңағы құс та менікі. Рұқсатсыз ата алмайсыңдар." "Сенің рұқсатыңды сұрамаймыз," – деді Декен қабағын көтеріп, түйіле қарап. "Онда барыңдар, атыңдар, содан соң мен тұпа-тура Астанаға арыз жазам. Республика президентінің өзіне. Соған жалғас – Бас прокурорға. Соның үстіне – КГБ-ға. Осындай да осындай, сендер аң мен құсты сеніп тапсырған пәлен, түген деген кісілеріңіз сол аңды, "Қызыл кітабымен" қоса, өздері қырып жатыр. Олар тыңдамаса, өкіметіңнің сиқы мынау деп, Алматыдағы оппозициялық газеттерге тоғытам. Бүгінгі ғана емес, өткен-кеткен барлық былықты қосып. Көрейін содан соң. Ал енді бара беріңдер," – дедім де, мойын салып, ауыздықпен оттап тұрған атымның шылбырын тартып, қайтадан мінуге ыңғайландым. Декен кекете күлгенмен, жоғарыдан келген екеу іркіле аңырып қалды. "Осындай керемет арыз жазуды Моңғолиядан үйреніп келдің бе?" – деді Декен ызадан жарыла жаздап, көзін сығырайта, тырсылдай жымиып. "Сендерден үйрендім, – дедім мен сақылдап күліп. – Осы ауылдың алжыған арызқой шалдарынан... Бірақ қалжың емес, шыным, – дедім атыма қайта мініп. – Ал енді, құрметті қонақтар, жол түсіп, келіп қалған екенсіңдер, мына белес астында біздің қыстау, өзен жағасындағы көгалға киіз үй тігілген, барып, түстеніп, тынығып кетпейсіңдер ме. Рас, арақ жоқ, әйткенмен басқасы түгел. Қымыз бабында. Жаңа піскен бағланның сырбазы арқардың қарақоқым қуырдағынан кем түспейді. Таңсық болмаса да, сіңімі артық. Мезіреті емес, шын айтам, – дедім. – Ауыл аттап кеткен ұят болар, алыстан келген кісілерге. Және түс ауып барады..." Сөйтіп арашалап едік бір жолға.

– Қара ләйлек... сол орнында ма әлі? – деп сұрадым.

– Жоқ, – деді Кемерқан. – Қазір... тамыздың ортасынан ауды, ендігі ұшып кеткен болар жылы жаққа. Наурыздың соңын ала қайтып оралады. Мен көргелі, міне, оншақты жыл, үнемі бір орыннан табылып жүр. Келер жылы сәл ертерек келсеңіз, барып көру қиын емес.

– Амандық болса, – дедім. – Осы уақытқа дейін түстеп көрмеппін. Ал әңгімесі... Әңгімесін қаншама заман, бала күнімде естіп едім...

 

3

 

Бұдан жарты ғасырдан астам, тура елу төрт жыл бұрын екен. Менің жасым он екіде, мылтық ұстаймын, қармақ салам. Бақанас өзеніндегі балықтың көптігі сондай, сапырылыса жосығанда өткелден ат үркеді. Кішілерінің өзі бір қардан астам, үлкендері жарым құлашқа тақау, бауыры сом алтындай жалтырап, жоны қоңыр мақпалдай толқыған сері, сұлу сарауыз. Өзеннің тереңіне емес, тайыз, жайылма тұстарына тастама салып, күніге бірнешеуін аламын. Қазір ойлап тұрсам, осыдан біраз бұрын, көкем халық жауы ретінде ұсталып, Итжеккенге айдалып, барлық малымыз кәмпескеге түскен соң, тұрмыс-ауқат жағдайымыз онша емес, бұзаулы сиырдан басқа шыр жоқ, жазғы демалыстың үш айында атам мен әжемді мен асырап тұрыппын. Балық қана емес. Жекеауыз мылтығымның ұңғысы да қанды. Көбіне қоян атам. Қырдағы қалың қараған төңірегі ғана емес, өзенді бойлай біткен тоғайдың ашық алаңқайларынан. Содан соң, күзге қарай, қоңыр құр өскен, жетілген үйірлі балапанымен жүреді, және қаптаған қаз, үйрек. Күзде болмаса, атам айтқан, шөжелі құр, балалы үйректі атсаң, обалы жібермейді деп. Басқа уақытта да обал. Әйткенмен, амалсыз қажеттілік. Тағы да сол атам айтатын, жүгірген аң, ұшқан құс – түгел адам үшін деп. Тек тиесілі мұқтажына қарай пайдалауы керек. Онда да уақыт, орайымен. Сондықтан, ара-тұра қоян атқаным болмаса, биылғы құс аңшылығы әлі басталмаған. Балықтың да қызығы сиреді. Мен мектептегі оқу бітіп, жаздық демалысқа шыққаннан соң, арада апта өтпей, ересек бала ретінде колхоз жұмысына жегілгем. Бір жақсысы, басқа балалар сияқты малға, шөпке емес. Аудан мен колхоз аралығына қатынайтын атты поштабай. Оның үстіне, колхоздың есепшісі Телжан аға мені қызылбұрышқа тағы жазып қойды. Яғни, еселі еңбеккүн. Күзде, егін орағынан соң ортақ үлесте бір қап бидай бермек. Және сол күні сауынға бір сиыр босатқан. Атам алмады. Өткен қыста кәмпескеге кеткен көк биені сұрап еді. Тұсауы колхозда, қымызы бізде болсын деп. Міне, сондай жағдай. Ауданға бес күнде бір қатынаймын. Мәлімет, есеп, нұсқау қағаздар. Және газет, журнал. Аралықта қызыл бұрыш ретінде жайлаудағы малшылар мен қыстаудағы шөпшілерге барып тұру керек. Ел астанасы Алматыда шығатын "Социалистік Қазақстан", облыстық қала Семейден шығатын "Екпінді еңбек", аудан орталығы Сартеректен шығатын "Социалистік малшы" газеттерін жеткізу қажет. Жай ғана жеткізбейсің, үгіт-насихат жұмысы. Ол деген – үкімет пен партияның кезекті тарихи қаулы, қарарлары, халықаралық жаңалықтар, шаруашылық ақпары. Мен үшін қызықсыз, малшылар мен шөпшілер де құмартып отырған жоқ, әдетте Кореядағы созылма соғыс төңірегінде ғана хабар сұрайды, апыр-ай, кешегідей жаппай қырғынға ұласып кетпегей деп қауіп айтумен шектеледі. Өз міндетімді адал атқару үшін көбіне өлең, әңгіме оқимын. Мәні, мазмұны шамалы болса да, зиянсыз ермек. Әлгі пәлен батыр, түген батыр қайда деп сұрайды кейде үлкендер. Ескі жырлар ғой. Кітабым бар үйде. Алып та келер едім. Бірақ оқып отыруға менің уақытым, тыңдап отыруға олардың мұршасы жоқ. Мен уақыт тапсам да олардың жағдайы келмес еді, әйтеуір көңіл ғой. Сөйтіп, міндетті шаруаға байланғалы балық аулаудың да берекесі кете бастаған. Бірақ өз жұмысыма мейлінше ризамын. Арнайы бөлінген екі атымды кезектесе мініп, ел аралаймын, жер көрем, күн озған сайын қайғы мен қападан сейіліп, тынысым кеңейе түскендей.

Сондай кезекті сапардың бірі болатын. Тарсайдағы шөпшілерге келгем. Тапа-тал түс кезі, өткен қалың жаңбырдан соңғы еріксіз кідіріс, күнде келмейтін жанға жайлы тыныс кезі екен. Шөп ауылдағы төрт-бес кигіз үйдің шеткісінде оншақты жігіт жапырлап тамақ ішіп отыр. Мен сәлем беріп, босағадан аттағанда дабырласып қарсы алды. "Ой, жақсы келдің, мақтап жүреді екенсің!" – деді бірі. "Дәл уақытында келдің, мына майлы еттен соң қол сүртетін қағаз таба алмай отыр едік... – деді екіншісі. – Әкел бері. "Екпінді" мен "Малшының" бояуы жұғады. "Социалдың" өзін әкел, майға бір тойғызайық..." "Көп сөзді қойыңдар, – деді үшіншісі. Бригадир. – Дабырайтпай-ақ сүртуге болмай ма!" "Қонақтың сыбағасы қайда? – деді әуелгі жігіт, табақтың түбін ақтарыстап. – Соншама еттен ештеңе қалмаған ба?" "Қайдағы соншама. Небәрі төрт балапан. Тоғыз жігітке..." "Төрт балапаның не. Әрқайсысы кіші-гірім қозыдай. Бір қазан ет демейсін бе!.." Ақыры, жер дастарқан үстіндегі қатарласа қойылған қос табақты біріне бірін соғыстыра тіміскілеп, жарытымды ештеңе таба алмаған. "Міне, – деді аспаз әйел ошақ үстінде тұрған қара шөңкені сүзіп. – Поштабай баламыз бүгін келіп қалар деп, сақтап едім. Асық жілік." Бірақ маған емес, мені сыйламақ жігітке ұсынды. "Кел, отыр, – деді кеңпейіл жігіт қасына шақырып. – Асық жілік. Тек асығы жоқ. Бірақ еті бар..." Маған ұснылған асық жіліктің бітісі өзгеше екен. Ұзындығы қой жілігіне парапар, тек сүйегі жіңішке, ал етті, толымды басы – кішкене баланың білекті жұдырығындай. Еті шынында да мол. Сыдырыла піскен бүртік, жұқа терісінің ар жағынан сап-сары майы көрініп тұр. Бірден аңдадым, әлденендей өзгеше құс. Тырна... тырнадан үлкен. Сірә, бірқазан, немесе дуадақтың өзі. Мен аңтарылып қалсам керек, "Қара ләйлектің жілігі, – деді. – Адал құс. Тарсайдың құйғанынан алдық..." Мен ұмсынып барып бөгелген екем, серпіле тұрдым да, қолтығыма қыса келген бір буда газетті тастай сала, есікке ұмтылдым. "Әй, мына кісіге не болды?" – деді біреу. Жалпы жұрт аузын ашып қалса керек. "Рақмет, – дедім, босағаға жеткен кезімде қырындай бұрылып. – Мен балапанның... қара ләйлектің етін жемеймін!.."

 

4

 

Қара ләйлектің қасіретті хикаясын осының алдында ғана, бәлкім, бұдан көп бұрын атамнан естіген едім. Қара ләйлектің ғана емес, қалың қазақтың. Соңғысын және әжемнен. Басқа да үлкен кісілерден. Көз ашқан күннен сол бір күнге дейін. Және кейін. Әуелі ақтар қашып, қызылдар келді дейтін. Ақ қашқанда да, қызылдар орнағанда да қаншама қан төгілді. Жазықсыз, бейбіт қазақтың қаны. Атты, шапты. Содан соң зобалаң елдің өз ішіне түсті. Ату, айдау, зорлық, зомбылық. Еркін ойрандаған азғана тыныстан соң ірі байларды кәмпескеледі. Көп ұзамай, жалпақ жұрттың қолындағы азғана мал түгел жинап алынды. Жылқы – қосымен, сиыр – табынымен, қой-ешкі – отарымен, мың-мыңдап айдалып кетіп жатты. Белдеуде бұзау, көгенде лақ қалған жоқ. 31-жылғы жазда ішінара ашықса да, азды-көпті шетінесе де, жалпақ жұрт аман еді. Апат 32-жылға қараған қыста басталды. Жазда, күзде жаппай тонау кезінде тыққыштап алып қалған азғана мал сарқылған, кебеже түбі қаңсыған, жаңа төл, жаңа өнім жоқ, көктемге жетпей-ақ ғаламат ашаршылық келді. Жұрт көзі шүңірейіп, бет-аузы ісініп, буыны босап, баудай түсіп қырыла бастады. Жүруге жарағаны Қытай бетке шұбырды, олардың да көбі жолда үзілсе керек, шекараға аман жеткендерін қызылдардың қорғасын жаңбыры күтіп тұрған. Біраз қауым тау сағалап, өзен жағалап, тоғай аралап, талшық іздеді. Балық сүзді, құсқа тұзақ құрды, өзен қабағындағы індеріне су құйып, саршұнақ аулады. Бәрібір қажетті нәрін таппай, шетінен өліп жатты. Ал біз амалсыз артын күттік. Ол кезде ағаң (яғни менің көкем) қалада оқуда ғой. Қайтып келсе, орнымызды таба алмай, далада қалмасын деп. "Сонда қалай күн көрдіңдер?" – деймін. "Қалай... Әйтіп-бүйтіп, – дейді атам. – Тек елден басқашарақ. Аңға шығам. Итіміз қоян алады. Бердеңке мылтығым бар, баяғы патша заманынан қалған, кейінде тығып ұстаған. Жаздың басында, құдай беріп, осы Ескі-Жұрттың төменгі жағы, анау Қара жартастың түбінен арқар атып алдым. Сүрлеп, тұздап, тасқа тығып қойдық. Өткен жылдан үнемдеп қалған жарты пұт талқанымыз бар. Екі қасығы бір шөңке быламық көже болады... Әйтеуір тәңірі дәмін таусқан жоқ. Бір үйлі жан, күнді таңға жалғап, аз-маз ашықсақ та өзегіміз үзілмей, тіршілік жасап жаттық..."

Тағы қаншама әңгіме айтқан. Тоқсан тарау қасірет... Сөйтіп, жұрт қыс басында шетінен жеміріліп, ерте көктемде ортасынан ойылып, күн озған сайын зұлмат сұмдығы тоқтаусыз өршіп, жаппай қырылып жатыр, дейтін атам. Бізбен жамағайын Еңсебай деген момын жігіт бар еді. Алғашқы кезекте кетті. Бар тамағын балаларының аузына тосқан ғой. Бәрібір, үлкен қызы өзімен қоса үзіліпті. Сегіз-тоғыз жаста екен. Артында екі ұл қалды. Бірі алтыда, бірі үште. Шешелерімен. Өрік келін – еті тірі, пысық әйел еді. Ер жігіттермен бірге ши көтеріп балық сүзіп, шелек сүйретіп саршұнақ аулап жүрген. Хұдауанда, дейтін атам, бұрын малдың еті мен сүтіне ғана қараған жұрт, сол балықты жеп отырып, кеуіп өлді, сол тышқанды қақтап отырып, ұшынып өлді. Үйренбеген адал ас та, жиренішті жаман ас та ішке тұрмаған, бойға сіңбеген. Бәріне болмаса да көбіне. Қайткенде де, тамақтан өткеннің бәрі де ас деген ғой, балықтың да, басқаның да жан сақтауға сеп болғаны анық. Көңілге алмасаң, дәтке қуат екен... Көп ұзамай, судағы балық та, қырдағы тышқан да бітті. Балық қалса, тереңде, тышқан қалса, алыста. Иә, Өрік деп едім ғой. Бір күні екі ұлдың ересегі көз жұмыпты. Үлкеннің де, кішінің де қазасы – үйреншікті нәрсе, өлгеннің көбі көмусіз қалып жатыр, жақын ағайын, күнәсіз баланы иыққа салып арқалап апарып, жер тырналап, кебін қайда, жыртық көйлек, шолақ дамбалымен әкесінің, әпкесінің жанына қойдық. Әлде аштық, әлде күйік, бір замандағы бидай өңді Өрік енді қап-қара болып кеткен екен. Қалған жалғыз ұлын бауырына басып, бедірейді де отырды. Ертеңіне... әлде екі-үш күннен соң, Өріктің өзі де жоғалды. Кішкентай ұлымен қоса. Кімді кім түгендеп жатыр, менен басқа назар аударған, жоқтаған ешкім болмаса керек. Өзен жағасында, тоғайда, сай-саланың бірінде құлаған шығар дедім де қойдым. Өлім, айттым, күнделікті, үйреншікті нәрсе, тек тұтас бір атадан тұяқ қалмағаны обал еді... Бұл – жаздың басы. Күзде, азғана егін піскен, өлгеннен, қашқаннан қалған қадау жұрт ұрлап-жырлап масақ теріп дегендей, аш өзекке азғана нәр тапқанда Өрік келініміз келіп тұр. Өзі де аман, баласы да есен-сау. Аман-саулығы тұрыпты, өңдері түзік, ал кішкентай ұлы, тіпті, қарақұлақ болып, домалана семіріп алған." "Анау бұқалтыр болып жүрген Телжан аға ғой..." – дедім. "Иә, осы Телжан. Өріктің иіні тіп-тік, баяғы, дүниенің кең кезіндегі қалпына тақау. Мені көре сала, бұрын болмаған әдетпен, бас салып құшақтады. "Мағаш-аға, тірі екенсің ғой, – дейді, қуанғаннан атымды да атап жіберді. Содан соң күнге оңған көк жаулығымен бетін бүркеп, көзіне жас алды. – Мен бүкіл біздің әулеттен ешкім қалмаған шығар деп ем. Әйтсе де, сіздің барлығыңызға, саулығыңызға сендім, қайнаға..." Беліне байлаған киіз дорбасынан ескі шүперекке оралған әлдебір ұзыншақ түйіншек шығарды. "Мынау – сізге, Мағаш-аға. Арнайы сақтап, ала келдім..." Орамалын жазып, қолыма ұстатты. Әлдебір ірі құстың сирағы екен. Бір жақ ұшында қол басындай, түтінге қақтап, сүрленген жұмыршақ еті бар, ұзындығы кере қарыстан астам асық жілік. "Қара ләйлек пе?" – деп сұрадым. Өрік төмен қарап, үнсіз басын изеді.

 

5

 

Өріктің жалғыз ұлын арқалай жетектеп жүріп қайда барғаны, жаз бойы қалай жан сақтағаны белгілі болды, дейтін атам. Қара ләйлек – аққу сияқты киелі саналатын, сол кездің өзінде сирек құс. Бұл тарапта Тарсайдың құйғанына тақау, Қозыбайдың қыстауының түбіндегі Қызыл жартасқа ұя салатын. Бізбен құда, сенің өзіңнің әжеңнің жақын немере ағасы Қозыбай. Қысқы соғым, сыбаға кездерінде шетін қар басқан, үлкендігі үш қанат кигіз үйдің шаңырағына тақау ұясын, жазда аң қағып жүргенде өзін де талай рет көргем. Менің бала кезімде бар еді дейтін Қозыбай марқұм. "Сонда ешкім тиіспей ме?" – деп сұрағам. Тиіспейді, деп еді атам. Құс етіне құмартқан, серілік қысқан жұрт ителгі, қаршыға салады, үйрек пен қаз жыртылып айрылады, құр мен кекілік те көп. Ал қара ләйлек – қонысқа құт әкеледі дейтін. Әрі біздің ел қар көшіп, мал төлдегеннен соң қыстаудан аулақтап, көктемеге қырға қонады, одан ары, күн жылынып, мал аяқтана салысымен – жазғы жайлау. Қарашада күзеуге аялдап, желтоқсанның басы, иә ортасы, қар екі жауғанда ғана қыстауға оралады. Қара ләйлектің келгенін көрер, көрмес, жұмыртқа басып, балапан өргізіп, қашан және қалай қайтқанын біле бермейді. Қара ләйлек қана емес, ұшқан құс, жүгірген аң атаулы жаз бойы еркін сайран салмай ма, суы мол, жемі мол иенде. Мұны Өрік те білсе керек. Әуелде қара ләйлек жайын ойламаған, әрине. Тарсайдың өзені, әсіресе осы Бақанасқа құяр тұс – жықпыл-жықпыл, терең сай, көктемде ұзынынан аққанымен, жаз ортасына жетпей үзік-үзік, қомша су, көбіне тайыз, кейде қамауда қалған ірі балықтар тобымен ұшырасады, ал үлкендігі ортан қолдай қойбалық, итбалық, шынашақтай шабақтар құртша қайнайды... Содан, "Қозыбайдың қорасында жаттың ба?" – деп сұрадым. "Жоқ. Иен қыстауда жын-шайтан бола ма деп қорықтым. Бірер шақырым ұзап, Қызыл жартастан өтіп барып, жағадағы тепсеңге тоқтадым, тал қиып, күрке тұрғыздым. Балығы мол, алуы оңай екенін бұрыннан білуші едім." "Ал қара ләйлек?.." – деп сұрадым. Әрине, алғашқы күні көрдім, дейді. Әуелде тиіскем жоқ. Әрі биік, тіпе-тік жартастың қуысы. Ақыры... балық нәр болмай, балам аштықтан әлсірей бастағанда... қол салуға тура келді. Келген бетте, қыстаудағы қоймадан бар керегімді тапқам, енді ұзын қыл арқан алдым да, төбеде кертпеш тас жоқ екен, әрірек өскен жуан үшқат түбіне орап байлап, саумалап түстім. Жел өтпес, жаңбыр тимес, үңгіме қуыс екен. Қабат-қабат кең ұяда қара қанат, ақ төс төрт балапан отыр. Балапан аты ғана. Бауыры жазылып, топшысы қатайған. Қорбиған үлкен, көкте шыр айналған енелерінен де ірі сияқты. Кісі көрмеген ғой, менен қорықпады. Тек тамақ жүндері үрпиіп, таңырқай қарайды. Мен әрі қимай, әрі қызығып, ұя шетінде азғана отырдым. Содан соң аш балам есіме түсті, қаңғып, адасып кетпесін деп, күркенің босағасына бір аяғынан байлап кетіп едім. Ойды ой қуды. Сол, табанымды төменгі тасқа тіреп, жартасқа жабысып отырған қалпымда қыл арқанның салбыраған ұшын кесе тарқатып, бір-бір құлаш төрт тұзақ шығардым. Байғұстар шын қатерді сол кезде ғана аңдағандай, тамақтарынан құрылдаған үн шығарып, ұзын, қызыл тұмсықтарын сақылдатып, ұя шегі, үңгір түбіне тығылысты. Жүрегім төңкеріліп түсті, бірақ не шара... Далбырлатып, суыра тарттым да, үш балапанды кезекпе-кезек бір жақ аяқтарынан шалып, екінші ұштарын қуыс ұяға жапсарласа біткен, қызыл тасты жарып шыққан ырғайдың жіңішке, бірақ берік бұтағына байладым. Бос қалған төртінші балапанды қанатын қайырып, беліме бекіттім де, тартылып жоғары шықтым. Сөйтіп, – деді Өрік, – жас ет жеп, ыстық сорпа ішіп, әжептәуір көтеріліп қалдық. Тағы да балық сүзіп, оған қоса түйетабан, биемшек қазып, қарақат теріп, долана, итмұрын жеп өзек жалғап, оншақты күн өткерген соң келесі балапанды сойдық... "Мынау – үшінші балапанның сирағы, Мағаш-аға, – деді тағы да атымды атап. – Төртінші балапанға дәтім бармады. Менде де жалғыз. Біздің шаңырақтан да үш жан кетті. Енді кіріптар жалғызды тұзақтан босаттым. Содан соң, құс қайтқанша,  азғана уақыт әрқилы талғажау таптық. Соңғы балапанның ұядан шығып, енесімен бірге ұшып кеткенін өз көзіммен көрдім. Жақсы ырымға балап, жалғыз жетімегімді арқалап, мен де ауылға қарай бет бұрдым. Ештеңе өзгермепті," – дейді жанары жарқ етіп. "Тақау арада түзелетін түрі көрінбейді, – депті атам. Көңіл үшін ләйлектің кепкен сирағынан бір үзіп, ауыз тиеді. – Мына жілікті балаңа бер, – депті. – Күндік азық. Тағы үш күндік қосымша ғұмыр. Мiне, мұндағы жұрт қырылып бітті. Түгелге жуық. Өткен үш балапанды көңіліңе алма, обалы өкіметке, ал манағы жалғыз ләйлектің сауабы тисе, апаттан аман шығарсыңдар... Енді мен жоғалсам, Тарсайдан арыраққа кетем," – депті. Айтқанындай, арада бірер апта өткенде өзі арқар алған Қара жартастың сыртында кісендеп, жасырын ұстап отырған жалғыз атын ерттепті, түн жамылып, күні кеше ғана колхозға өткен қара атанды қайыра тұтыпты, содан екеуі алымды екі көлікке мінген атам мен әжем Шыңғыстауды бөктерлей, тура тартып, алыс аймақ – жұтқа ұшырамаған, көйлегі бүтін, тамағы тоқ орыс ішіне жетеді, одан жағалай жылжып, жаңа салынып жатқан теміржол бойына барып, тиесілі сорпа-су беретін қара жұмысқа ілінеді. Арада екі жыл өтіп, дүние оңала бастағанда қайта оралса, кешегі жарым мен ширектің өзінің жұқанасы ғана қалыпты. Өрік пен оның жалғыз жетімегі де тірі екен. Қара ләйлектің ең соңғы балапаны сияқты, ол да өсіп-жетеді. Бүгінде жігіт ағасы болып қалған. Өрік әжені де өз көзіммен көрдім. Бойы тік, көзі өткір, қарасұр кемпір еді. Тым тұйық, көп сөйлемейтін, тек мені көргенде ғана еміреніп, айналып-толғанып, тәуба айтатын. "Жалғыздың жары – құдай, пәле-жаладан сақтаса, жетесің, боласың," – деуші еді. Сол жылы, мен ұядан аспаған қара ләйлек әулетінің ең соңғы сирағын жемей кеткен жазға қарсы, ерте көктемде қылтамақтан өлді. Жалғанның емес, жаратқанның аштығы. Бәлкім, баяғыда, ұяда үзілген үш балапанның обалы. "Сонда... адамның қолымен жасалған аштықта топандай қырылған мың сан бала, тұтас бір халықтың обалы қайда?!" – дер еді атам кейінгі бір сөзінде. Сол сөз және мәнді, мағналы тағы қаншама кеңес. Әрқилы сыпаттағы ескілікті шежіре, қисапсыз тауарих. Ертелі-кеш атам айтқан, әжем үстеген, бұрынды-соңғылы көңілге түйілген көп әңгіменің бір ғана ұштығы – қара ләйлек хикаясын жинақтап, жүйелеп, өз тарабымнан қайыра толғап, қағаз бетіне түсіргенде осындай болып шықты. Ел аман, жұрт тынышта, тамағы тоқ болмаса да аштықтан аулақ атпал азаматтар қара ләйлектің ұясын талқандап, қатарынан қиылған төрт балапанның етіне тойып, сорпасын ішіп отырғанда, мен, әрине, обал-сауап туралы байыздап ойламасам да, қатты тіксінгенім анық еді. Ғаламат ашаршылық елесі, жалғыз баласын арқалап, жапанға шығып кеткен Өрік әже ғана емес, кең дүниеден түйір нәр таппай, бұратылып құлаған мың сан зорлық құрбаны көз алдыма келгендей, көкірегім мұңға толған. Атама ештеңе айтпадым. Жалғыз ұлы – Итжеккенде, онсыз да көңілі жарым, қайғысы қалың. Және өмірден күтер ештеңесі жоқ. Жалғыз менің ғұмыр, тілеуімнен басқа.

Міне, енді қаншама заман, аштыққа ұшырамасақ та, азапқа толы ұзақ ғұмыр өткеріп, өзіміз де ата болған шақта баяғы қара ләйлек қайтадан елес берді. Баласын өсірген, бар қалпында.

 

6

 

– Ендігі жылы ертерек келсеңіз, қара ләйлекті өз көзіңізбен көресіз, – деді маған, осы төңіректегі бұрынғы-соңғы әңгіменің ұзын-ырғасын естіген Кемерқан.

– Соңғы жылдарда өнімді жұмыс жасадыңыз ғой, тым шаршап кетпей, қымыз ішіп, туған төңіректі қызықтап, ұзағынан жатпайсыз ба, – деді Өмірбек.

– Бұл ағаларың өлген-тірілгеніне қарамайды, – деді, міне, қырық бірдеңе жыл бойы бірге жасаса да, менің аса қатаң жұмыс тәртібіме үйрене алмай келе жатқан зайыбымыз.

– Бәйбіше, ойға алған жұмыстың оннан бірі ғана бітті, қайрылуға мұрша жоқ, – дедім, қымызымды дәмдеп, кеудемді кере дем алып. – Әйткенмен, ұлдардың айтқаны жөн. Амандық болса, келеміз. Бәрі де алланың қолында.

 

7

 

Бәрі де хақ құдырет – бір тәңірінің ғұзырында. Арада тоқсан өтпей, мен алыс шет елге қоныс аудардым. Еуропаның қақ ортасы, сәнді, сәулетті Алтын Прага. Бір кездегі балапан ұл-қыздарымыз түгел өсіп жеткен, ұядан ұшып, әрқайсысы әр қияға қонған, ал топшысы берік, қарымы кең біреуі, міне, тура бір мүшел, осы ежелгі кентке жетіп тұрақтаған еді. Біз де, бәйбіше екеуіміз, көші-қон жайын көптен ойлағанбыз. Ұлғайған шақтағы ауаша, бейбіт өмір. Әлде жарым жыл, әлде бір жыл ертерек қозғалдық. Пәле мен жала, дабыр мен сүргін шектен шығып, бүкіл қоғамдық-қаламгерлік ғұмыр – соңғы қырық бір жылдық дау-дамайдың ұшығына жеттім – жоғарғы биліктің топас дүмпуі, төменгі жандайшаптардың былғаныш тыпыры – ерікті-еріксіз түрде баспагерлік, журналистік қызметтен шеттеуге тура келген. Әлбетте, қонысым жаңарғанмен, сыртқы тіршілігім тынышталғанымен, бар жазуым бұрынғыша. Яғни, ала қағаз бетіндегі айқас. Ескі жылдың соңы, жаңа жылдың басы – қыс бойы қауырт жұмыс үстінде отырдым. Жазғытұрым, қайтқан құспен бірге ауылға оралдық. Тұтас бес-алты айға емес, әрине. Ұзағынан кетер қарсаңда елдегі ата-баба басына барып, туған жерді тағы бір көру қажет еді. Және қара ләйлекті. Алматыда, кітап, баспа төңірегіндегі негізгі, кезек күттірмес шаруаларды түйіндеп, бала-шаға, немерелердің қасында бірер апта аялдағаннан соң, тура ауылға тарттық. Шыңғыстаудың Сырты, Абай қонған, Мұхаң жазған Бақанас өзенінің алқабы ғой.

– Биыл қала ләйлектің төртеуі қатарынан келді, – деді Кемерқан. – Сол үйреншікті Қызыл жартастың маңында жүрген.

– Сірә, екі жұп, – дедім мен. – Немесе былтырғы балапандарымен. Қайткенде де ескі ұяда екеуі ғана қалуға тиіс.

– Аз-маз тынығып алыңыз, келер аптада барып көрерсіз, – деді Өмірбек.

– Менің демалысымның өзі – осы тау-тасты аралау емес пе, – дедім мен. – Ұзатпай, ертең барайық...

Ертеңіне таза ауа, киіз үйдегі кең тыныстан соң, таңғы асымызды асықпай ішіп, қара ләйлекті көруге шықтық. Өмірбектің жолсызға бапан, әмбебап "Нива" машинасы. Жүлгелі тауды орап, тоғайлы өзенді айналып өтіп, белесті басып, ойдан озып, қырға тоқтадық.

– Енді жаяу кеттік, – деген Кемерқан. – Анау бір шоқыдан ассақ, тақау баруға болар еді. Бірақ жері қиын, шақа тас, жалаңаш қия. Өрлеп барып қайта түсейік. Әрі аға жер көрсін.

– Әлі күнге көрмеп пе едің? – деді бұл жолы да қасымнан қалмай, ере шыққан біздің әйел.

– Жеңеше, осы бір ғана ауданның сай-саласын түгел көріп шығу үшін қаншама жүріс керек, – деді Өмірбек. – Оның үстіне, Тарсай, өз атынан да көрініп тұрғандай, тым қиын жер, арнайы келмеген кісі қай қуысын түгендемек. Дәл іргеде отырған Кемерқан демесеңіз, осы төңіректе, міне, он бес жыл жүрген менің өзім алғаш келіп тұрмын бұл шамаға.

– Бұл саған Чехия емес, екі аптада айналып бітетін, – дедім мен күліп.

Машинамызды кеудесін самалға тосқан қалпы қырда қалдырып, келесі, көлденең жотаға шықтық. Алдымыздан айқара ашылған сурет – өзгеше сұлу әрі сұсты көрінген. Біздің Ескі-Жұрттан бастап тау жарып, тереңге түскен Бақанас өзені дәл осы тұста қия шатқалға енеді екен. Екі қабағы да биік, тар арнаға еңкейген құламалы сайлауыттар жаңа гүлдеген ақсұр бүршікті қызыл тобылғыдан көрінбейді, ал өзеннің ұзына бойы – биікке тырмыса өскен терек пен қайың. Қақ айрылған құз табанында, әлдебір тұстан бұратыла шығып, бұрқырай толқыған аппақ арна көрінеді. Қарсы беттегі, қатарласа созылған, биік, қожыр жартастар үстінде әлдебір құс қанаты қайырыла төмен құлаған.

– Қара ләйлек емес пе? – дедім мен.

– Қаршыға, – деді Кемерқан. – Сірә, қоянға түсті. Немесе, адасқан қаз, үйрек. Сонау қоңыр жартаста ұясы бар. Ләйлек келмейді бұл жерге. Басқа құстар да алысырақ жүреді. Жақындап барсақ, шаңқылдаған даусын естір едік. Айбарлы соншама. Құс атаулы безіп кетеді ғой, қарасын көрмей-ақ.

– Біздің Ескі-Жұрттың төменгі жағындағы Қара жартасқа ителгі қонақтаушы еді. Өткен жылы тозған ұясы ғана көрінді.

– Биыл да жоқ, – деді Кемерқан. – Міне, үшінші жыл...

– Балапанын алып кетті ме екен, – дедім. – Осыдан бес-алты жыл бұрын науқан болды ғой. Сұңқар атаулыға шет елдіктер көп ақша төлейді деп. Әлдебір газеттерде қыран құстарды топ-тобымен рұқсатсыз әкетіп жатыр екен, кеденнен ұсталыпты, жердің сәні, ұлттың игілігі, тоқтау салу керек деген дабыл көтерілгені мұң екен, көлденең олжа іздеген жарым қазақ ителгі, тұйғын аулауға кірісті. Әйтіп-бүйтіп арам пайда тапса да жөн ғой, қаншама құс екі ортада босқа қырылды.

– Арабқа, немесе басқаға өткізем деген есекдәмемен ұстаса бір жорық, – деді Өмірбек. – Мұндағы жұрт қызық үшін нысанаға байлап та ата береді.

– Осындай рақымсыз, жабайы кепке жеттік, – дедім еріксіз күйініп. – Сіздің ауыл ғана емес. Барлық жерде. İздеп келген қара ләйлегіміз аман болса жөн еді. Басқа жазымы өз алдына, ең үлкен қатер – адамнан болып тұр ғой.

– Бұдан бір жеті бұрын алыстан көзім шалған, – деді Кемерқан. – Біреуін.

– Екіншісі ұя басып отыруға тиіс, – дедім мен.

Қырқаны қуалай жүрдік. Төбедегі биік оба, тас қорымнан түсе бергенде, жерге жайылған жапырағы түйенің табанынан үлкен, ортасындағы солқылдағы кере қарысқа жуық үш-төрт түп рауғаш көрдім.

– Аужалы қайтты. Наурызда ғой, ең қызық кезі, – деді Кемерқан.

– Әйтсе де дәмін татып көрейік...

Солқылдақтың екеуін қатарынан жұлып, біреуін бәйбішеме ұсындым.

– Сізде жоқ, бізде ғана бар витаминдер қоры!

Үлкен жапырақтың тағы бірін жұлып, көгінен тазарттым. Сол қалпы ауызға салып, қырши тістеп, дәмін алып едім. Рауғаш шынында да құрғаңқырап кеткен екен. Бірақ қышқылтым сөлі мүлде сарқылмапты.

– Бала кезімізде, ерте көктемде рауғаш теріп, қырдан қыр асып, ащылаушы едік. Ағзаға қажет, табиғи нәр екен ғой. Содан кейін қой жуа. Одан соң долана, қарақат. Жабайы қарақат – дәмі де, шырыны да өзгеше...

– Қарақат қалмады қазір, – деді Кемерқан. – Ауданнан, ауылдан шығады, қыстық тосап жасаймыз деп топ-тобымен. Жай ғана жинап әкетсе жөн ғой. Тапайды, қиратады, тіпті, қарақаты қалың жерде үзіп, теріп жатуды артық жұмыс санап, бұтағын сындырып әкетеді, бау-бауымен машиналарына тиеп. Оны аз десеңіз, қоқырын тастап, арақтан қалған шөлмектерін сындыра шашып, тау-тас, тоғайды тегіс былғап, ластап кетеді. Әлгіндей қия, құз болмаса, бұл Бақанастың ұзына бойында адал жер қалған жоқ. Апыр-ау, тым құрса келер жылы дәл осы араға тағы келем деп ойласайшы. Ойламайды. Келеді. Өткеннен қалғанын тағы бүлдіріп кетеді. Сондай заман, сондай адамдар...

Қиялап, төмен түсе бергенде аяқ асты, қалың тобылғы арасынан пыр, дыр етіп, үлкен қоңыр құр ұшты.

– Балапаны бар, – деді Кемерқан.

Бес-он қадамнан соң, биік, қоралы тобылғы түбі, қалың көдені жапыра үйілген құр саңғырығын ұшыраттық. Құбақан сарғыш, иілген шынашақ кейіптес, бүртік-бүртік; күн емес, апта бойы отырған орны.

– Түздегі құстың тезегіне дейін таза, – дедім мен.

– Осыны қой-ешкі құныға жейді. Ағаштың бүрі, тобылғы, қарағанның басы, әлдене нәрмен толығып, сол қалпы түсетін болса керек, – деді Кемерқан. – Міне, өзі. Әне, қанаты салбырап, жорғалап барады, қырға, ашық жерге қарай. Біз көрсін деп.

– Балапандары осы жерде, аяқ астында тығылып жатса керек, – деді Өмірбек те.

– Ене құрдың жарақатына сенейік, соңынан жүрейік, – дедім мен.

– Ой, алла-ай, жан-жануарға дейін бала-шағасының қамын ойлайды, – деді біздің әйел.

– Адам ғана ойламайды. Оның ішінде біздің қазақ, – дедім. – Әйтпесе, отырған орнын былғап, төңірегін тегіс тапап, қолға түскенін түгел қырып-жоймас еді. Өзімнен соң өмір өнбесін деп.

Тағы бір көлденең белестен астық. Ұйысқан қау көдеде тайғанақтап, етекке түсе бергенде шоқ үшқат түбінен қоян қашты. Әрі қарай, ойға емес, қиғаштай тартып, қырға салған. Артқы аяқтары ұзын, серпімді, қаудыр құлағы үлкен, кеуделі, сұр қоян.

– Қап, – деді Өмірбек. Қоян жол кеседі деген ырым есіне түсіп тұр.

– Ол үйден шыға бергенде, – дедім. – Алдымен. Біз бұдан бұрын адал құсқа ұшырастық қой. Ал мына қоян – тоқшылық, жақсы жоралғы. Өзі де лақтай екен. Қазір ешкім қоян ауламайды ғой?

– Қоян атқан, құр атқан кісі көрмедім, – деді Кемерқан. – Арқар, киік сияқты татымды ермек емес. Оның үстіне, жекелеген басшылар болмаса, жалпы жұртта мылтық та жоқ.

– Анау жылы, желтоқсан оқиғасынан соң жұрттың қолындағы қаруды түгел жинап алыпты ғой, – деді Өмірбек. – Малшылардың қасқырдан қорғанып отырған құс мылтығына дейін.

– Кішкене пайда, үлкен зиян, – дедім мен. – Қазір сіздің еліңізде қазақтан басқа жұрт түгел қарулы...

– Тек тыныштық болғай, – деді біздің әйел.

– Тыныштықты сұрап алмайды, – дедім. – Жалына берген, жағына берген ақыр түбі айрықша жапа шегеді...

Тағы да қырға шықтық. Алдымыз – ұзына созылған көк ойпаң.

– Міне, анау бұрманың сағасында, төбесі көрінген қызыл жартасыңыз. İздеген қара ләйлегіңіз.

– Тарсайдың өзені ғой, – дедім. – Арғы қабақ. Қызыл жартастың етегі – терең қара су болса керек.

– Қазір қарасу жоқ, – деді Кемерқан. – Қамыс, қоға, тал өсіп кеткен. Өзеніңіздің өзі жоқ. Біз көшіп келгенде жоқ болатын. Бұрын көктемде өткел бермей тасып, содан жаздың ортасына дейін жылыстап ағып жататын дейді осы елдегі үлкендер. Енді үзігінің өзі көрінбейді. Әр тұста ғана ойдым сулар бар. Әйтеуір аң мен құсқа жетерліктей. Жалдамай, жаяу өтеміз, – деді.

Өзеннің бұрма-бұрма, кейде қысаң, кейде жайпақ ескі арнасын көп жерде жасыл шалғын басып кетіпті. Шөбі сұйқыл, табаны тастақ тұстарда көктемгі қар суынан соңғы салынды, мүк ізі байқалады, ал тақыр, ойпаңда – әуелде су тұнған, көп ұзамай сорғып, майда батпақ болған, енді мүлде құрғап, шытынай қатқан кебір бетінде әлде тағы аң, әлде тұяқты мал іздері көрінеді. Әредікте, жарқабаққа мінгесе біткен тапалтақ, сирек тал түбінде шағын қарасулар бар екен. Біз төмен құлдап, азғана жүрген соң, селдір, шоқ-шоқ ағаштар тұтасып, іріленіп, бітеу тоғайға айнала бастады. Жақындаған сайын сол қабақта оқшырайған, берідегі биік, қалың көксұр тал бойынан асып, көлденеңдей көрінген Қызыл жартасқа үңіле түстім. Ауқымы кең болғанымен, тым биік емес әрі төбесі жайпақ екен. Қыран құстар ұя салмас және азулы аңның қарымы жетпес, сондықтан да бейбіт құсқа қолайлы тұрақ.

– Міне, ескі қора, – деді Өмірбек.

– Өзің айтқан Қозыбай нағашыңның қорасы шығар, – деді біздің әйел.

– Келін қаншама жасқа келіп отырса да, өткендегі аталарының атын атауға болмайды, – дедім мен әзіл-шыны аралас.

– Айыптымын. Қойшыбай атам деуім керек екен, – деді бәйбіше келіні күліп. – Қандай әдемі. Қабырғалары түгел тастан қаланған ба?

– Сен біздің Ескі-Жұрттағы, баяғы тас қораны көрсең ғой, XVIII ғасырдан қалған, – дедім. – Артқа тартқан социалистік колхозымыз коммунизмге бастар озат совхозға айналып, үлкен құрылыстар қолға алынғанда жаңа, үлкен қой қоралардың іргетасын құю үшін түк қалдырмай бұзып, тасып әкетіпті. Ол енді... бай болмаса да, бар кісінің қыстауы. Ал мына Қозыбай нағашымның шаруашылығы ортаға жете-қабыл ғана болған.

– Сонда да жақсы, – деді Өмірбек. – Есебі, екі қабырғасы орнында. Қалай аман қалған?

– Тақау маңдағы шағын мал қыстақтарына ғана алған. Үлкен құрылыстан алыс, ол кезде мына сай жылғалы, батпақты, жүк машинасы өте алмайды. Өгіз арбамен ептеп қана тасиды ғой. Әйтпесе, іргесіне дейін қазып әкететін еді. Бәрібір аянышты сурет. Қазақ ескілігінің мүгедек қалыбы.

Бала кезімде, кейінірек, ержеткен шағымда да, ескі тас қораларды көп кезетін едім. Өзімнің үлкен атамның, одан да бұрынғы бабамның жайлы, құтты мекен-тұрағы болған Ескі-Жұрттағы Бұлақты сайдың күнгей бетіне салынған ауқымды, аумақты тас қора ғана емес. Осы Бақанастың бойы, Шыңғыстың Сырты, Қарқаралы бет, Шұбартау тарабындағы қаншама байырғы қыстау. Ықтасын қуыс, күнгей төске салады. Қар аз түседі, боран, ызғырық өтінен тағы тыс. Қозыбай нағашымның қыстауы да арқасын тауға сүйеп, түстікке бет бере орналасқан екен. Сол қанаты құрық бойы кереге тасқа тіреліп тұр. Тастың алды – кей тұстарда шоқ-шоқ, сұрғылт қияқ, шет жақтарына тырбық торғайоты өскен жайдақ – сексен жыл бұрынғы қордасы құнарсыз, күйік топыраққа айналған мал қораның орны. Ал қыстаудың өзінің артқы қабырғасы ғана бүтін екен. Таудың қара тасынан, жалпақ, тегіс беттерін ішке қаратып, орайымен жымдастыра қалаған. Қалған үш қабырғаның бірі – белден, қалған екеуі мен аралық бөліктері тізеден ғана. İргеден ішке дейін топырақ, шөп басып, табаны көтеріліп, бұрыш-бұрышына бозғыл қараған шығып кетіпті. Адыра қалған ескі қоныс. Бағзыдағы қазақтың бақытсыз жұрты.

– Бұл Қозы-екеңнің ұрпағы? – деді Өмірбек сұраулы жүзбен.

– Отыз екінші жылы түгел аштан қырылған, – дедім мен. – Қиыншылық басталғанда, жайлауға көшер мал жоқ, қалың ел ортасына қарай жылжыған ғой.

– Осы арада отыра берсе, тірі қалар ма еді, әлгі Өрік әжеміз сияқты, – деді біздің бәйбіше.

– Онда алдағы қыстан шықпас еді, – дедім мен. Өрік шешеміздің тірі қалуы – кездейсоқ жағдай. Қара ләйлектің үш-төрт балапаны қаншама жанға неше күнге жетер еді? Бәрі де баудай түсіп қырылды.Қолдағы мал кеткен соң, көлденең нәпақа кімге және қаншаға қорек болмақ. Мен кезінде өзімнің атам мен әжемнен бастап, үлкендерден қаншама сұрастырдым. Ашаршылықтан аман өткендердің бәрі де әлдебір күтпеген себеп, кездейсоқ жағдайда тірі қалған. Ал өлім – жалпыға ортақ заңдылық екен. Қалың қазақ жаппай қырылды, бір қоныс, бір аймақ емес, жалпақ ел... Түгелімен. Біздің ауыл сияқты шалғай жұрт, бүкіл Сары-Арқада онның тоғызы кетті. Бүкіл қазақтың, жалпы есепке түсірсек, асса үштен бірі ғана қалды. Оның өзі кеудесі басылған, кемшін сана, кембағал түйсігімен. Зардабы бізден өтіп, келесі ұрпағымызға тиіп жатыр...

Манағыдай көтеріңкі емес, дабырсыз, салбыраңқы қалыпта, көз көріп тұрған Қызыл жартасқа қарай беттедік.

 

8

 

Қара ләйлек қалбаң етіп, дыбыссыз, үнсіз көтерілген. Алғаш байқаған – Кемерқан болды.

– Әне, ұшты ұядан, – деген.

Біз онша алыс та, тым тақау да емес, әудем жер қалғанда Қызыл жартастың қуыс, кертпеш бетіндегі ұядан ұшқан қара ләйлек, орамы солай ма, әлде тыныш тірлігін бұзған қос аяқтыларды аңдап көргісі келді ме, әуелі тура төбемізден өтті, тым жақын, жарым арқан бойындай ғана. Дене тұрқы жарау, бауыры мен қолтығы ақсұр, қанат қарымы кең екен. Үшкілдене біткен үлкен, қызыл тұмсықты ұзын мойнын еміне созып, тізесі буылтық, ол да қызыл, сербиген екі аяғын тарақ құйрығынан асыра, артқа керіп, әсем шалғылы, сүйір қос қанатын жеңіл, баяу сілтеп өте бергенде мен манадан бері дайындап келе жатқан фотоаппаратымды тартып үлгердім. Ал Өмірбек видеокамераға түсіріп жатыр. Қара ләйлек бізді шыр айналып, шеңберлей ұшып, айналған сайын алыстап, орамы да кеңейе берген. Қатты қауіпте, бірақ айрықша дыбыс шығармады. Тек бірер рет қана, әлде "че-ли!..", әлде "че-лин!.." деген дәрменсіз, дегбірсіз үні жеткендей. Ақыры тау бетке, тоғай алабына қарай ұзай дөңгеленіп, әжептәуір биікте тура төбемізден өтіп, енді біз тіке беткейді қиялай көтеріліп, қызыл жартастың үстіне шыққан кезде төменгі жал басы, биік секі тастың үстіне барып қонды. Сирағы созылып, кеудесі оқшырайып көрінген. Ұзын, доға мойнын оңды-солды бұрып, амалсыз, шарасыз қалыпта қозғалақтап қояды.

Мен уақыт оздырмай, төбеден үңіліп, қына басқан қожыр, қызыл жартастың орта тұсына, шылбыр бойы төменде, ішке кіре үңірейген кертпеш қуысқа орналасқан ұяға бажайлап қарадым. Толайымен емес, бір жақ шеті ғана көрінеді. Тас жиегінен ұзап, етпеттей жатып, әрірек үңілдім. Көзге шалынған иініне қарағанда, құлашқа тақау тәрізді. Дөңгелене үйілген қу бұтақ, ұзынды-қысқалы шырпылар сұрғылт, сарғыш саз балшықпен беркіте жымдастырылған екен, ортаңғы, ойық тұсында майда қу шөп, жаңадан жұлынып салынған көк жапырақтар көрінеді. Тағы да еміне түскенде шеткі жұмыртқаны көзім шалды. Қаз жұмыртқасы қарайлас, одан гөрі сопақшалау, үлкен, әдемі, аппақ.

– Аға, байқаңыз, құлап кетпеңіз, – деді мені аяғымнан ұстап, белімнен басып тұрған Өмірбек пен Кемерқан қауіптене сақтандырып.

– Балапан шықпапты, бір жұмыртқа көрдім, – дедім.

– Мен қарайын, – деді Өмірбек. Жай ғана қарамайды, камераға және суретке түсіріп алмақ.

Енді Кемерқан екеуіміз, біріміз белбеуінен, екіншіміз сирағынан тартып, табандап ұстап тұрдық.

– Соншама емінбе, болды, – дедім мен сәлден соң-ақ кейін сүйреп.

– Қазір, қазір, – дейді Өмірбек демін тартып. – Болды, – деді ақыры.

– Сенің жүрген жүрісің де, жазған жазуың да толған бір машақат, – деді біздің бәйбіше. – Қарап тұрғанда зәрем кетті. Байғұс ләйлектің не жаны қалды екен. Шыдай алмай ол да ұшты. Жарар енді, жұмыртқа суып кетеді, қайтайық.

Енді тіпті алыстап ұшқан қара ләйлекке жалтақтай қарап, асығыс кейін жүрдік.

– Жұмыртқа үшеу екен, – деді Өмірбек. – Бары сол ма, әлде салып бітпеген бе?

– Қайда, келгенінен бері айдан асты, – деді Кемерқан.

– Кейде бес-алтыға дейін жұмыртқа табады, – дедім. – Қысқы қоныстарының жай-күйіне байланысты. Көбіне үшеу-төртеу. Яғни, ортадан жоғары жағдайда, біршама тәуір деген сөз.

– Африкада ғой? – деп сұрады Өмірбек.

– Негізінен, Африканың орталық тұсы, Сақара шөлінен арғы аймақ, экваторға тақау. Бірақ біздің ләйлек соншама шалғай Оңтүстік-Батысқа ұшпаса керек. Үндістан түбегінің шығыс қолтығында, немесе Тынық мұхиттың Оңтүстік Қытай жағалауында өткереді мұндағы қыс кезеңін.

– Міне, мамырдың ортасы болып қалды, жұмыртқасы енді қашан шығады? – деді біздің бәйбіше. – Тым кеш қой.

– Жаралмышта бәрі нақты есептелген, – дедім. – Наурыздың соңы, көкектің басында келеді, бауыр басқан ежелгі қоныс, ескі ұяға. Құтты орнын жайлаумен, сірә, бірер апта жүреді, күн аралатып үш жұмыртқасын тапты, тағы бір апта деңіз, яғни жарты ай өтті, көкектің орта тұсы, немесе сол төңірек. Енді отыз бес-қырық күн жұмыртқа шайқауы керек. Демек, біздің балапандар бүгін-ертең болмаса, алдағы аптада шығып қалуға тиіс, – дедім, қара ләйлектің елесі қайта оралғаннан соң, өткен күзде "Жануарлар әлемі", "Қызыл кітаптан" бастап, Интернетпен тиянақтап, құстың осы бір сирек тұқымы туралы энциклопедиялық демейін, бірер әңгімеден асып артылар әжептәуір мағлұмат жинақтаған мен, енді соншама білімім ішіме сыймай. –Ақсұр, ұлпа түсті, басы үлкен, тұмсығы жалпақ, аяғы әлсіз, сары-ауыз үш балапан. Бәлкім, екеу. Жоқ, жұмыртқа саны шектеулі, үшеу.

– Содан соң?

– Содан соң әке-шешесі... Айтпақшы, екінші ләйлек қайда? – дедім. – Иә, ұяны кезектесіп басуы керек, жем іздеп, тыныс тауып, алысырақ ұшқан шығар. Мәселен, қаршығалы Қоңыр тасқа емес, жоғары өрлеп... Аман болғай... Содан, балық әкеп, бақа-шаян ұстап, асырап жеткізеді. Кеудесі мен қолтығы аппақ, қанаты мен құйрығы, қыр арқасы қап-қара, мақпалдай төгілген, күн сәулесінде қызғылтым-сары түспен құбылған жаңа үш ләйлек. Топшысы бекір алдында жұнттай семіріп, енелерінен де үлкен болады. Содан соң, жұмыртқадан шыққанына шамамен алпыс бес-жетпіс күн толғанда қанаты қатайып, ұядан ұшады. Шілденің соңы, тамыздың басы, алғашқы декада деп қойыңыз. Бес-он күн кең дүниедегі сейіл-серуен, көп ұзамай, тамыздың орта тұсынан өте бере ата-енесімен бірге, болса, тақау төңіректегі туыстарымен бас құрап, жылы жаққа жол тартады. Құба белді басып, асқар таудан асып, елден ел өтіп, жерден жер ұтып, тиянақсыз көк аспанда тынымсыз қанат сілтеп, айға жуық ауыр сапардан соң, үйреншікті жылы аймаққа барып жетеді. Беріде қанаты талып, қуаты сарқылып, шеруден шеттемесе, жолай, салқар көш үстінде көлденең қазаға ұшырамаса, ұзақ қыс, яғни, біздегі қыс, ол жақтағы ыстық жаз, амалсыз қоныста тағы қаншама пәледен қақас қалса, арада алты-жеті ай өткенде солтүстікке қарай қайта ұшады. Туған өлке емес, туған төңірек емес, нақты мекенге, мына біздің қара ләйлек үшін – Шыңғыстаудың Сарты, Бақанас өзенінің бойы, Тарсайдың құйғаны, анау Қызыл жартасқа. Өздері аман жетсе, ұясы орнында тұрса, келе сала күтпеген кеселге ұшырамаса, тағы да жұмыртқа басады. Ол жұмыртқадан шыққан жаңа әулет, өз кезегінде тағы да тұрақты көш жолмен шет жұртқа барып, келесі көктемде баяғы туған жерге қарай асығады...

– Сонда бұл қара ләйлегіміз қанша жасайды? – деп сұрады Кемерқан, біз алыс қырға шығып, Қызыл жартас көз ұшында қалғанда. – Анау әлі қонған жоқ, – деді сұрағына жауап күтпестен.

– Көріп тұрсың ба? – деді жеңгесі таңырқап.

– Түз қазағының көзі қиядан шалады, – дедім мен. – Бірде Маңғыстауда, Әулиелерді аралап жүргенде, бізден бөлініп, жаяулап жер шалып кеткен серіктерімізден адастық. Сонда, төбе басында отырғанда, осы Кемерқан құралпас жолбасшы жігітіміз: "Әне, анау қырдан түсіп келеді!" – дегенде дүрбімен қарап әрең тапқаным бар. Сіріңкенің шиіндей ғана екен, манағы екі жігітіміз. Төрт-бес, бәлкім, жеті-сегіз шақырым жер. Соны дүрбісіз, кәдімгі көзімен көрген.

– Төмен түсіп, тасаға кетейік, – деді Кемерқан. – Ұясына жақындады. Біздің қарамыз үзілгенін күтіп тұр. Соншама сақ құс... Иә, аға, сөзіңізді бөлдім, бұл киелі құсымыз қанша жасайды екен?

– Соны да білесің бе? – деді біздің әйел.

– Бәйбіше, мен сенің өзің туралы өзің білмейтін нәрселерді білем, – дедім күліп. – Ал мұнда көп ақылдың керегі жоқ. Тиесілі дерегін тауып, оқып, есте сақтағаннан басқа. Мамандардың зерттеуінде жиырма-жиырма екі жас деп айтады. Ол – зоопарктегі, арнайы қорықтағы бақылау көрсеткіші. Еркін дүниеде кемі жиырма бес, тіпті толық отыз жасаса ғажап емес. Әрине, табиғи мүмкіндік мөлшері. Анау-мынау қазадан тыс болса.

– Сонда... мына ләйлек – баяғы, сіз айтқан...

– Мен айтқан, атам айтқан ләйлектердің тікелей ұрпағы, – дедім. – Енесі жасы жетіп, немесе басқадай кесел-пәлекеттен өлгеннен соң, туған, үйреншікті әрі қолайлы ұяға өткен бір жылдардағы баласы орнығуға тиіс.Дәл өзі болмаса да, туыстас жақыны. Жылдар бойы басқа тарапқа ұшпай, тек туған жерге ғана оралып отырса, бөтен құс емес, нақты сол әулеттің тұяғы болуы анық.

– Өте қызық әрі әсерлі жағдай... – деді Өмірбек.

– Аянышты... – деді Кемерқан. – Қимаса да, амалсыз кетеді. Қанаты талып, аңсап оралады. Екі тараптағы ауыр сапар тұрыпты, мұнда келгеннен соң тағы да қаншама қатер. Соның бәрі сәтімен балапан ұшыру үшін...

– Ұрпақ үшін, нәсіл жалғастығы үшін күрес деп аталатын, табиғи түйсіктен шыққан, жазылмаған заң, – дедім мен. – Жеке бастың тіршілігі – екінші кезекте. Ең бастысы – балапан. Адамзат қауымы да осылай қалыптасқан. Әуелде. Уақыт оза келе табиғи түйсікке жүрек пен жүйке қуат берді, ақыл мен парасат өріс, тиянақ берді, туыстас нәсіл тұтас бір халыққа айналды. Қазақ та солай болған, өткен бір замандарда...

– Жарайды, – деді біздің бәйбіше, менің кейінгі кездегі қамырықты, қиғаш әуезімнің бір ұшығын аңдап, – балалардың басын ауыртпа. Одан да мына қара ләйлек...

– Енді қай әңгімесі? – дедім, ұл-қыздары өсіп-жетілгеннен бері біржола күш алған бәйбішемнің сөзді бөлгеніне кейімесем де, еріксіз іркіліп, онша ұнатпаған қалыпта.

– Биыл, міне, үшеу болып қайтады...

– Балапан, – дедім. – Түгел өрсе. Ұзақ жаздан бәрі де аман шықса, ата-енесімен қосылып, бесеу болып қайтады.

– Сонда, келер жылы тағы да жаңа балапандар. Алдыңғылары жетіліп, олар да ұя басады... Көбейіп, осы төңіректі түгел толтырмай ма?..

– Толтырмайды. Тіпті, қазіргі қалпын сақтауының өзі күмән. Азаймаса. Барар, қайтар жолдағы қиындықтар қаншама. Айттым, көлденең қатер көп. Әрқилы азулы, тұяқты жыртқыштар өз алдына. Ең басты қауіп – екі аяқты адамнан. Тікелей құртпаса да, жыл озған сайын аң мен құс атаулы өмірлік өрісі қусырылып, тынысы тарылып барады. Соңғы жүз жылда өз қатарында қара ләйлектің саны да өлшеусіз кеміген. Қазір "Қызыл кітаптағы" жоғалып, құрып бара жатқан жан-жануарлар тізімінің бел ортасында. Есепші мамандардың айтуынша, Ресейдің шалғай тараптарында ара-кідік қана көзге түседі, ал Сібірде, байтақ Сібірдің тұтас бір аймағында қара ләйлектің небәрі екі жүз жұбы ғана қалыпты. Ал ондай, иен ғана емес, орманды, сулы, нулы аймақтары жоққа жақын Қазақстанда қаншасы бар? Жиырма ма, отыз ба. Бүгін. Ертең соның нешеуі қалады? Бәлкім, мына қара ләйлек – осы тұқымның біздегі ең соңғы жұқанасы шығар... Қайткенде де таң қаларлық, шетін жағдай.

– Оның үстіне сіздің әулетке еншілі, бәсіре құс болып тұр ғой, – деді Өмірбек күліп. – Арғы тегіне дейін белгілі.

– Мінеки, ең жақын туысыңды жаңа таптың, – деді біздің бәйбіше күліп.

– Дәп солай, – дедім. – Жалпы жан иесіне ортақ жіптік жайын айтпағанның өзінде. Әңгіменің бастауындағы 32-жыл беріде қалады. Менің Мағаш атамның өмірімен есептегеннің өзінде бір ғасырдан асыпты. Ол – көз көрген тауарих. Ал арыға кетсек, шынында да біздің әулетпен бірге жасаған. Өз балаларыммен, кейінгі немерелеріммен жалғастырсам, міне, жеті-сегіз ата бойы қатарынан қанаттаса ғұмыр кешіп келеді екен. Анығы сол, – дедім.

– Шынында да ғажап екен, – деді Кемерқан тамсанып, басын шайқап.

 

9

 

Арада оншақты күн өткен соң, қара ләйлектің балапандары жұмыртқасын жарып шыққан шамада, құс қайтпай-ақ біз өзіміздің жайлы мекеніміз – қысы қоңыр, жазы жайсаң Еуропаның қақ ортасы, Алтын Прагадағы үйімізге оралдық. Екі апталық еркін демалыстан кейін үйреншікті тіршілігіме ойыстым. Жазу ғой баяғы. Әуелгі кезекте – кешегі қара ләйлек хикаясы.

Қара ләйлек – қазақ тағдыры – өз ғұмырым – жалпы адамзат шеруі... Ойлай берсең, түбіне жетпейсің.

Міне, ерікті қалау ма, ықтиярсыз тағдыр ма, туған жерден қиян алысқа біржола қонақтаған сияқтымын. Өкініш жоқ, кейіс жоқ. Мерейлі қуаныш та жоқ. Өмірдің бұрма соқпағының тағы бір иін тұсы. Бәлкім, ең соңғы үзік. Қайткенде де, болат қаламның ұшында шешім табатын талайың. Жазмыш. Және алланың рахматы.

Иә, күндегіше, Злата Праганың тынысы кең, таңдама бөліктерінің бірі – Небушице ауданы, самалды көк белес үстіндегі ықшам коттедждің екінші қабатында, жұмыс кабинетімде отырмын. Соңғы жеті-сегіз жыл бойы түнде жазатын едім. Түннің тылсымға жақын екінші жарымында. Енді жаңа қоныста байырғы қалыбыма қайта көштім – күндіз жазам, таңертеңнен түске дейін. Табиғи жарық, әдепкі жағдайда. Терезем түстік-шығыс, шағын баққа қараған. Күн сәулесі тіке түспес үшін, сайыпқыран Шыңғыс ханның суреті бедерленген қалы кілемшелі көлденең қабырғаға қарай шегіне, қиғаш қойылған жазу столы – мен үшін жанкешті, ғаламат майдан алаңы сияқты. Өткен ұзақ ғұмырдың тікелей жалғасы, болашақтағы кесімді тірліктің түйінді көрінісі. Енді не күтіп тұр? Мені емес, қай тарапта да боларым болған, ендігім – азды-көпті ұштығы ғана. Туған жер, қандас халқымды айтам. Міне, Чех елінде отырмын. Арғы-бергі тарихына қызықпаймын, кешелі-бүгінгі болмысын күндемеймін. Мың жарым жылдық қилы-қиғаш жолдан өткен, жығылған, тұрған, ата-мекенін сақтаған, ұрпағын өсірген, ақыры тәуелсіздік туын көтерген. Азуы алты қарыс Германия емес. Кезінде әлемге жарық шашқан Франция емес. Жарым дүниеге ғұзырын жүргізген Британия емес. Бірақ өз үні, өз сыбағасы бар өзгеше жұрт. Кішкентай Чехия. Небәрі тоғыз миллион қауым. Өз ордасындағы қазақ құралпас. Ал бар өрісі – Алматы мен Нарынқолдың аралығындай ғана жер. Бірақ шын мәнісінде дербес, еркін ел. Жері шағын деңіз, халқы кем деңіз, қайткенде де қиямет күніне дейін осы қонысында, өз аты, өз тілі, өз туымен жетуі күмәнсіз. Адамзат аман болса, жер шары орнында тұрса, чех та ешқайда кетпейді. Сол алақандай жердегі ойдым орманымен, басқасын қойғанда, астана байтағы Праганың тақау іргесі ғана емес, қақ ортасы, қалың ағаш ішіндегі, жан адам тимейтін, қаптаған қоян, жорғалаған қырғауыл, еркін жайылған елігімен қоса. Ал сен... егемен ел, тәуелсіз мемлекет деп далбалақтап жүрсің, бес Франция, жеті Германия, отыз Чехия сиятын кеңбайтақ жерің дал-дұл, аталмыш екі-үш ел емес, бүкіл Еуропа, жарым дүниеде жоқ қазына-байлығың жат жұрттың талауында, азаматың қажыған, адамың азып-тозған. Жүгірген аң, ұшқан құс тұрыпты, өзіне өзі жау. Қара ләйлектің қамын айтып отырсың, қалың қазақтың жөні қалай болмақ? Ұя басар құт мекен де, ұрпағын өргізер құнарлы қоныс та туған ел, бауыр басқан жерінен табылыпты. Ендігісі не? Бас Ордадағы тоғыз миллион, сырт елдердегі төрт миллион – қаптаған қазақ, қаншама халық, оңынан ай, солынан күн туған заман, ең игілікті кезеңде, сол жыпырлаған он үш миллион қалпында тұтасымен әлгі "Қызыл кітапқа" еніп кеткенін өзі де білмейді. Анау, азайып, селдірей келе, біржола жоғалу қаупіне түскен аң мен құстан бір айырмасы – бүгін ешбір заң қорғамайды, ертең ешкім жоқтап, іздемейді. Бұдан жүз елу жыл бұрын Шортанбай айтқан: "Су түбіне кеттің, жұрт, – Тал табылмас қармарға!" – деген зарлы үкімі міне, енді ғана толық шындыққа айналды.

Осы, биылғы көктемдегі соңғы сапарда туған жердің тау-тасындағы, өзім бала кезден бедерін таныған қаншама ескі таңба – ерекше сыпатты мың сан петроглифті осымен нешінші мәрте, бірақ тәптіштеп, түгендеп суретке түсіріп едім. Мифтік сыпаттағы түсініксіз шиыртпақ, әрқилы жұмбақ сызықтар өз алдына бір сала. Қадым заманда жерге түскен, скафандр киген астронавт, немесе күн адамы, ұзыншақ, үшкіл, айырыла шекілген түп тұғырына дейін анық көрінетін космос кемесінің сұлбасы... Садақ тартқан атты жауынгер. Қос ат жеккен әскери арба. Аң аулау көріністері. Еркектік мүшесі жер сызған, үш аяқты көрінетін өзгеше адамдар бейнесі... Ұялы бөлтірігімен мүйізді бұғыны қамаған, көрінісі зор қаншық қасқыр. Қаптаған, әрқилы аң бейнелері. Бұлардың ішінде арқар мен таутеке басқа тараптан да таныс. Өмірде бар, бірақ тасқа таңбалана қоймаған, осы өңірде ғана емес, бүкіл қазақ жерінен жоғалған жолбарыс пен қабылан. Бұлан, тағы, тарпаң, домбай. Сілеусін, ірбіс. Айдаһар, келес. Ең қызығы – балықтар мен құстар. Бүгінде Бақанас бойында жоқ жайын, шортан мен көксерке. Және... қара ләйлек! Тарсайдың етегі емес, орта тұсында, жалтыр, тақтайдай қара тас бетінде жалғыз-ақ таңба – бұрын ұшыраспаған сурет – қара ләйлектің бейнесі мұқият ойылыпты. Қанаты қайырыла жайылған, мойны еміне созылған, ұзын тұмсығы тұрқының ширегіндей. Басқа бір қанатты емес, қара ләйлектің нақ өзі. Маған соңғы жүз бірдеңе жылдық ғұмыры мағлұм бәсіре ләйлектің түп атасы. Бұдан кемі үш-төрт мың жыл бұрын таңбаланған. Одан арғы шын ғұмырын айтпағанда. Киелі қара ләйлек мәңгілікпен бірге жасап келеді екен! Енді жоғалса да арманы жоқ! Обалы адамға ғана.

Ал қайран қазақ... Обалы кімге дейміз? Әрі ойлап, бері ойлап, ақыры таптым.

Қатерден сақтанып, ұясын пәле-жаладан алыс аймақ, онда да қол жетпес тас қияға салатын қара ләйлек құрлы түйсігі болмаса... бұл қазақтың бар обалы өзіне. Аңдап тұрсаңыз, қалауы да, тілеуі де өзіне қарсы. Бүгінгі бар ісі – ертеңгі тірлігіне қайшы. Келешек ұрпағы түгілі, қазіргі өз басынан тыс.

Ендеше, жан ашитын, жылап қамығатын жөнің жоқ екен. Айттың, жаздың, жарладың, зарладың, ақырына дейін алыстың. Аруақ риза. Міне, күнің еңкейді, күшің сарқылды. Қалғаны – хақ тәңіріден. Ендігі бар үмітіңді қияметтен күт те, тыныш ұйықта!..

                                                                                                    Мұхтар Мағауин, 2007 жыл