Бүгін, 15 қарашада Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толып отыр, деп хабарлайды ULT.KZ.
Қазақ даласының біртуар жазушысы, драматургі, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин 1894 жылы Қостанай уезі, Дамбар болысындағы Ақтөбе деген жерде (қазіргі Қостанай облысы, Тобыл ауданы, Майлин кеңшары) дүниеге келді. Қазақ халқының мүддесі үшін қалам сермеген жазушы, аз ғұмырында бай рухани мұра қалдырып, оқырмандар жүрегінде мәңгі сақталды.
"Майлин шығармашылығы қазақ киносына да негіз болған. Қазіргі режиссерлер де ол кісінің шығармаларына жүгініп отыр. Соның бір дәлелі – режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі. Фильм сәтті шыққан. Демек, Бейімбет шығармалары қазіргі заманғы өнерді де өрістетіп жатыр. Қандай заманда да оқырманы еселеп өсе беретін нағыз классика осы – Бейімбет Майлин шығармалары деп толық айта аламыз", - дейді, жазушы Өміржан Әбдіхалық.
Біртуар жазушы орта шаруа жанұясында өмірге келген. Бір жасқа толар-толмастан әкесінен, алты жасына жақын шешесінен айрылып өмір тауқыметін ерте көрді. Бейімбет Майлин әуелі ауыл молдасынан білім алып, хат таниды. 1911-1915 жылдары Арғынбай қажының медресесінде, Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша-қазақша мектепте, Уфа қаласындағы “Ғалия” медресесінде білім алады.
Жазушы әдебиетке алғашқы қадамын осы медреседе оқыған кездерде басқан. Суреткер жазушы оқырмандарға кеңінен танылған шығармасы “Шұғаның белгісін” 1915 жылы Уфада “Ғалия” медресесінде оқып жүрген кезінде жазған.
Жазушының прозалық шығармасы кейіннен өзі басқарған “Садақ” журналының үш санында жарық көреді. Медреседе бірқатар озық ойлы азаматтармен бірге білім алған. Олардың қатарында өзімен замандас болған башқұрттың атақты жазушысы Сайфу Құдаш секілді азаматтар болды. Бейімбет Майлин өзінің туған жері, туған ауылы Ақтөбе туралы “Он бес үй”, “Жалшы” деген әңгімелер жазды. Кітап сүйер қауымның, оқырманның көңіліне жеткізіп жазылған шығармалары қазақ әдебиетінде айрықша аталып өтіледі.
"Тағы бір айтарымыз, Майлиннің жазу шеберлігі. Артық сөз, пәлсапасыз, өмірдің өзіндей қарапайым, әрі жаныңды езетін шындықпен жазуы әрі оны соншалықты оқырманының езуіне күлкі үйіре отырып беруі Бейімбетке ғана тән жазу үлгісі. Осы жазу шеберлігі, қазақ әдебиетіне Майлин мектебі деген атау енгізді. Сөйтіп, Бейімбет Майлин – қазақ әңгімесінің атасы атанды", -деп пікір білдірді Өміржан Әбдіхалық.
Ол Қазақстанда проза жанрының, әсіресе әңгіме жанрының дамуына үлкен үлес қосты. Дарынды очеркші және фельетоншы ретінде де танымал. Бейімбет Майлиннің шығармалары туралы қазіргі қазақ әдебиетінің майталмандарының бірі Өміржан Әбдіхалық былай дейді:
"Бейімбет Майлин шығармалары тұтас бір дәуірдің галереясы. Жазушының әр шығармасы ХХ ғасыр басындағы қазақ тұрмысын, қоғамның көңіл-күйін, совет үкіметі күшпен орнатқан кезеңдегі қоғамдық-саяси өзгерістердің ел ішіне қалай әсер еткенін қарапайым адамдардың өмірі арқылы шебер көрсетеді. Сондай-ақ, Майлин шығармалары қазақтың психологиясын терең әрі өткір, шынайы беруімен де әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай, қазақ әдебиетінің классикасына баланады".
Б. Майлин 1937 жылы 8 қазанда тұтқындалып, 1938 жылы 26 ақпанда атылды. 1957 жылы 16 сәуірде қайтыс болғаннан кейін ақталды. Жазушы өмірден озғанымен оның шығармалары қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырды. Оқырмандар арасында Бейімбет Майлин шығармалары қазіргі күнге дейін актуалды әрі бағалы.
"Оның шығармалары әр алуандығымен, өткірлігімен, шынайлығымен бағалы. Бейімбет әңгімелерін оқыған сайын оның кейіпкерлері біздің заманымызда да көп екенін еріксіз мойындайсыз. Бұл жазушы шығармаларының уақытқа бағынбай, кеңістік шеңберінен шығып кеткен жасампаздығы, өлмейтін өміршеңдігі", - дейді, жазушы Өміржан Әбдіхалық.
Бекболат МҰХТАРОВ