25 қар, 2024 сағат 17:44

Батыс Қазақстанда өрттен зардап шеккен балалар санавиация бортымен Оралға жеткізілді


Фото: Мой Город


Батыс Қазақстан облысында өрттен қашып, төртінші қабаттан секірген балалардың жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды  «Ұлт ақпарат» «Мой город» порталына сілтеме жасап.


Өрт 22 қараша күні Ақсай қаласында болды. Салдарынан әйел мен екі бала зардап шекті. Батыс Қазақстан облыстық ТЖД дерегінше, төртінші қабаттағы пәтерде 60 шаршы метр аумақта жиһаз бен жеке заттар өртке оранған. 


Олыстық денсаулық сақтау басқармасы жедел жәрдем бригадасы зардап шеккен үш адамды Бөрілі аудандық ауруханасына жеткізгенін хабарлады. Оның ішінде 4 және 8 жастағы екі бала, 43 жастағы әйел бар.


22 қараша күні екі бала санавиация арқылы облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілген.


"Балалар травматология бөлімшесінде жатыр. Олардың жағдайы тұрақты, орташа ауырлық дәрежесі деп бағаланып отыр. Бір бала бас жарақатын, екіншісі кеуде тұсының жарақатын алған", - делінген хабарламада.


Өрттен зардап шеккен әйел денесінің 45-50% күйік шалғаны белгілі болды. 


Айта кету керек, осыған дейін Батыс Қазақстан облысында өрттен қашқан балалар төртінші қабаттан секіріп кеткенін жазған болатынбыз.