Фото: baribar.kz
15 қараша күні, сағат 15.00-де Алматы қаласында орналасқан «Қазақстан» қонақүйінің «Алтын Емел» залында «Абай» баспасынан 2024 жылы жарық көрген 155 кітаптың тұсаукесері өтеді.
Былтыр, 2023 жылы «Абай» баспасынан шыққан 35 кітаптың тұсаукесері өткен кезде баспа ұжымы «алдағы 2024 жылы қазақтың көркем әдебиет туындыларын 100 томдыққа жеткіземіз» деген уәде берген еді. Биыл баспа сол уәдесін артығымен орындап отыр. Ағымдағы жылы «Абай» баспасынан жүз елуден астам кітап жарық көріп, оқырманға жол тартты.
Баспада қазақ әдебиетінің классик ақын-жазушыларының шығармаларынан жасақталған бірегей туындылармен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған тың шығармалар да жарық көрген.
Көркем әдебиеттен бөлек баспаның қоржыны биыл құнды діни-рухани бағыттағы, тарих саласы бойынша қызықты кітаптар мен ауыз әдебиетінің жауһарларымен де толықты. Олар: «Ұлы тарих және Ұлы әулиелер», «Ұлы дала ақиқаты», «Тараз – өркениеттер өрімдерінің куәгері», «Қарахан баба мен Айша бибі», Алтыбармақ бабамыздың «Мұхаммедтің пайғамбарлық дәлелдері», «Тұрмыс салт жырлары», «Батырлық жыр дастандар», «Лиро-эпостық жырлар», «Тұрмыс салт ертегілері», «Аңыз-әңгімелер», «Қиял-ғажайып ертегілер», «Ауыз әдебиетінің шағын түрлері», «Хайуанаттар туралы ертегілер» және тағы басқалар.
«Абай» баспасынан жарық көрген көркем әдебиет кітаптарының көшін Дулат Бабатайұлы, Хәкім Абай, әулие Шәкәрім, әулие Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бастап, Мұхтар Әуезов, Алашорда қайраткерлерінің шығармалары мен Кеңес Одағы заманының әйгілі қаламгерлері жалғастырып отыр. Сонымен қатар, «Абай» баспасы оқырманның сөресін Тәуелсіз Қазақстанның көрнекті жазушылары мен белгілі жас авторлардың шығармаларымен толықтырып отыр.
«Абай» баспасынан шыққан 155 кітап әлемдік сұранысқа сай, заманауи үлгіде, бояуы бай, бірегей дизайнда жасақталып, өзіне тән тартымдылығымен ерекшеленеді.
Одан бөлек биылғы тұсаукесерде «Абай» баспасы қазақ авторлары мен отандық баспалар үшін тағы бір тосын сый жасады.
Ол – электрондық және аудиокітаптар жарияланатын бірегей интернет платформа. «Bookstagram» деп аталатын мобилдік қосымша арқылы «Абай» баспасы енді қалың оқырманға қазақ кітаптарын қолжетімді етіп бергісі келеді. Бұл мобилдік қосымшаны дамытып, елдің сүйікті онлайн кітапханасына айналдыру арқылы, баспа қазіргі таңда авторлық құқықтарды өрескел бұзып, қазақ кітаптарын әртүрлі әлеуметтік желілер арқылы жөнсіз таратып жатқан пираттық қосымшаларға тосқауыл қоймақ.
«Абай» баспасының ұжымы бұл электронды кітаптар платформасын «Азияның Amazonы» деңгейіне көтереміз деп мақсат қойып отыр. Яғни, әуелі платформада қазақ кітаптарын жариялап, тестілеуден өткізіп, алдағы жылдары «Түркістан аймағы» деп аталатын халықаралық өңірдің нарығына шығуды көздеуде. Бұл платформа арқылы күллі түркітілдес авторларының басын біріктіріп, болашақта интернет кеңістігінде түркітілдес әдеби, ғылыми кітаптардың ортақ әлемін қалыптастырмақ.
Айта кету керек, «Абай» баспасы шығарған барлық кітаптарды өзінің қаржысына шығарып, оларды нарыққа шығарып сатып, авторларға қомақты қаламақы төлейтін жағдайға да жетті. Биылдың өзінде көзі тірі 50-ден астам автор мен қайтыс болған авторлардың мұрагерлері «Абай» баспасынан әртүрлі сомадағы қаламақы алды.
«Абай» баспасы келе жатқан 2025 жылы кітап ассортиментін көбейтіп, қоғамды кітап оқуға шақыратын бірқатар қызықты жобаларды ұсынбақ.
«Абай» баспасынан биыл жарық көрген жаңа кітаптар қалың оқырман талғамынан шығып, кітапсүйер қауымның көңілінен шығады деп сенеміз.
Құрметпен,
«Абай» баспасының ұжымы