22 мау, 2022 сағат 14:45

Министрлік педагогтерге 30 млрд теңге қарыз – депутат


Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің атына депутаттық сауал жолдап, мұғалімдердің айлығын кешіктермей төлеуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кейінгі бірнеше күнде депутаттардың атына мұғалімдерден көптеген өтініштер түсіп жатыр. Олар айлықтары, еңбек демалысының ақысы, емделу өтемақысы кешігіп жатқанын айтып, көмек сұрауда», - деді Мәжіліс өкілі.

Оның дерегі бойынша, 1 маусымда елдегі 300 мыңдай мұғалім жазғы еңбек демалысына шыққан. 

«Сіздің ведомство мамандарының бюджет жоспарлауға салғырт қарауының салдарынан қаражат тапшылығы туындап отыр. Оның саларынан педагогтердің бір бөлігі мамыр айының айлығын толық көлемде ала алмай отыр. Оның үстіне еңбек демалысының ақысы мен емделу өтемақысының қарызы 30 млрд теңгеге жеткен. Педагогтердің бұл шағымы әділетті болғанына қарамастан, министрлік жұмған аузын ашпай отыр», - деген депутат министр Асхат Аймағамбетовтен аталған мәселені кешіктірмей шешуді сұрады.