21 мау, 2022 сағат 11:24

Министр мектеп асханасындағы мәселені шешуді тапсырды


Мектеп асханаларындағы ас мәзірін қайта қарау керек. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің аппарат жиналысында Асхат Аймағамбетов мектептерде балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. 

«Қазір ыстық тамақпен қамтамасыз ету көрсеткіші өсіп отыр дейміз. Бірақ одан бөлек қазірдің өзінде ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырған асханалардың жұмысын жетілдіруде жүйелі жұмыс болуы керек. Ол бойынша комитет тисті заңнамалық өзгерістер дайындады. Ас мәзірін Денсаулық сақтау министрлігімен бірге жаңадан қарауымыз керек», - деді ол.

Министр мектеп буфеттерінде бағаға қатысты да пробеманың бар екендігін баса айтты.

«Әр білім бөлімі, әр білім басқармасы бұған көңіл бөлуі керек. Елорда мектептерінің өзінде бағаның өсуі бар. 0,5 литр судың бағасы 350 теңге деген масқара. Басқа облыстар да мектеп асханаларындағы бағаны қараңыздар. Осы мәселені жүйелі шешу үшін тиісті заңнамалық өзгерістер енгіземіз. Жаңа оқу жылына дейін бұл проблема шешілуі керек», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар ол балаларды қауіпсіз тапсымалдау үшін биыл 515 автобус сатып алынатындығын атап өтті. 

«Ол жұмысты тамыз айына дейін бітіруіміз қажет. Кейбір өңірлер бұл жұмысты әлі бастаған да жоқ. Біз республикалық деңгейде бұл мәселені сіздерге шештік, тиісті құралдарды бердік. Мәселе жалпы шешіліп отыр. Енді соны аяғына дейін жеткізіп, жұмысты жаңа оқу жылының басына дейін бітіру қажет», - деді министр.