17 мау, 2022 сағат 13:47

Министр ауылдарын ауызсумен қамти алмай отырған облыстарды атады


Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ауылдарды ауызсумен қамту бойынша артта қалып отырған өңірлерді атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында 2025 жылы халықты сапалы ауыз сумен қамтуды 100 пайызға жеткізуді тапсырды. Осы мақсатта, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында 2025 жылы аталған көрсеткішті толық орындау жоспарланған. 2021 жылдың қорытындысына сәйкес, сумен жабдықтау қызметтерімен қамту республика бойынша 96 пайызды, оның ішінде ауылдарда 93 пайызды құрады», - деді Өскенбаев.

Министрдің сөзінше, жекелеген өңірлер бұл бағыттағы жұмыстар бойынша артта қалып отыр. Ауылдарды ауызсумен қамтудың ең төменгі деңгейі Қостанай (74,9%) мен Солтүстік Қазақстан облыстарында (83,5%) тіркелді.

«2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба аясында сумен жабдықтау қызметтерімен 100 пайыз қамту үшін республикалық бюджеттен 498 млрд теңге, оның ішінде ауылдарға 261 млрд теңге қаралған. Биыл ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін 94,7 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, елімізде 6 302 ауылды елді мекен болса, оның 4 759-ы сумен қамтылған. Қалған 1 543 ауылды кезең-кезеңімен қамтамасыз ету жоспары әзірленді, онда республиканың әрбір елді мекені есепке алынды.

«Қамтамасыз етілмеген ауылдардың 511-інде орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы жоспарланып отыр. Ал халқы аз 1 032 ауылда (200 адамнан төмен) жергілікті бюджет қаражаты есебінен кешенді блок-модульдер (КБМ) орнатылады. Оның ішінде биыл тағы 120 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету және халқы аз 220 ауылға КБМ орнату жоспарланған», - деді Өскенбаев.