11 мам, 2017 сағат 11:30

Министр Астанадағы нәрестенің өлімін бақылауға алады

Бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Астанадағы №3 перзентханада болған нәрестенің өлімін бақылауға алатынын жеткізді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Біз аталған оқиғаны бақылауға аламыз. Бүгінде ондай жағдайларға байланысты нақты құқықтық тетіктер бар. Алдымен арнайы сараптама өткізу керек. Одан кейін ішкі істер министрлігі тергеу амалдарын жүргізеді. Соның негізінде соттың шешімі шығарылады», - деді Біртанов.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында елімізде нәрестелердің өлімі 8,6 процентті құрады. Өткен жылы аталған көрсеткіш 10,3 процент болған.

Айта кетейік, баспасөз мәслихаты барысында журналист Әсел Мәмбелдинова 28 сәуір күні Астанадағы 3 перзентханада бала өлімінің болғанын жеткізді. «26 сәуірде кешкісін анасы толғақпен сол перзентханаға түскен. Бірақ өздігімен босана алмады. Сол кезде баланың жүрек қағысы әлсіреген. Дәрігерлер соны біле тұра, бәрін таңертеңге дейін қалдырған. Ертесінде аяқ астынан ішін жарып, баланы алып шыққан. Алайда оның өкпесіне су кетіп қалған. Бір күннен кейін бала қайтыс болды. Салмағы 4 келі, сап-сау бала еді. Енді ата-аналар дәрігерлерді кінәлап отыр. Себебі кешкісін бірден кесар тілігі жасалғанда ондай жағдай болмайтын еді», - дейді журналист.