Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаев төтенше жағдайға байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізе алмай отырған фермерлердің мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің қозғалысы, техникалар мен ауыл шаруашылығы жұмысшыларының дислокациясы, ауыл шаруашылығы тауарларын тасымалдау мен сатуда едәуір қиындық туындап тұр. Қазақстан Президентінің Төтенше жағдай енгізуге байланысты Жарлығына сәйкес кейбір аймақта адамдар мен жеке көліктердің, жүк көліктері мен тауарлардың қозғалысына шектеу енгізілген. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрінің жеке бұйрығына сәйкес 2020 жылдың 2 сәуірінде ауыл шаруашылығы тауарларының кейбір түрін сыртқа шығаруға және шығаруды шектеу тәртібі күшіне енген», - деді Нұржан Әлтаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.
Депутаттың айтуына қарағанда адамдардың, аймақтарда ауыл шаруашылығы техникаларының қозғалысына, тауарларды тасымалдау мен сатуға рұқсат алу тәртібінің ашық процедурасы жоқ. Осының салдарынан жергілікті атқарушы және құқық қорғаушы органдар жүк тасымалын өткізу тәртібін өзінше түсініп, кейбір жерде шектен шыққан әрекеттер болып жатыр.
«Мәселен Жамбыл мен Алматы облысының шекарасында ауыл шаруашылығы өнімі тиелген фуралар блокпосттарда тәулік бойы тұр. Олардың көздеген орынға тез әрі кедергісіз жету мүмкіндігі қарастырылмаған. Қырғыз Республикасымен шекарада да экспортқа шығаратын өнімдерді тиеген көліктердің кептелісі пайда болған. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін орнына тез жеткізбесе бұзылып кетеді. Оның үстіне сарымсақ, қырыққабат, сәбізді экспортқа шығаруды тоқтатып тастаудың өзі ой туындатады. Қазір оңтүстік аймақтарда тез бұзылып кететін 800 мың тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімі жиналып қалған. Қазақстанда ол өнімдерді тұтыну деңгейі 10 есе аз. Яғни, өнім керекті мөлшерден артық өндірілген. Қазақстанның оңтүстігіндегі фермерлер ел ішінде сұраныстың болмауынан бұзылған өнімді лақтыруға мәжбүр», - дейді ол.
Сол себепті депутат Үкіметтен адамдар мен тауарлардың қозғалысын реттейтін бірыңғай тәртіп енгізуді, мақұлдау тәртібінің бәрін онлайн режимге ауыстыруды, тез бұзылатын ауыл шаруашылығы өнімдерін кіргізуге қойылған шектеулерді алып тастауды, блокпосттарда жүк көліктері үшін жеке дәліз енгізуді сұрап отыр.