29 қар, 2024 сағат 21:56

Бәйдібек ауданында жылына 200 млн дана жұмыртқа өндіретін фабрика іске қосылмақ

Фото: Gov.kz.


Бәйдібек ауданында алдағы 4 жылда инвестициялық құны 25 млрд теңгені құрайын 27 ірі жоба іске асырылмақ. 2025 жылы жалпы құны 7,6 млрд теңгені құрайтын «Корпорация ERNUR» ЖШС-ң 860 мың басқа арналған құс фабрикасы іске қосылатын болады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».


Онда жылына 200 млн жұмыртқа шығарылып, 45 адамды жұмыспен қамту күтілуде. Сонымен қатар, өңірдегі Боралдай ауылдық округінде «Шаян» индустриалды аймағын құру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін травертин тасын өңдейтін «Рамирта» ЖШС-і орналасып, 44 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. 2025 жылы тағы да травертин тасын шығаратын екінші кәсіпорынның жер телім құжаттары дайындалып, іске қосу көзделіп отыр. Бұл жайында Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.


«Бәйдібек ауданында 2024 жылдың 10 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 57,6 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстарғанда 9,4%-ға жоғары. Сондай-ақ, жыл басынан бері ауданның негізгі капиталына 24 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл қорытындысымен көрсеткішті 29,4 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Ауыл шаруашылық саласында да ауыз толтырып айтарлық жаңалық жетерлік. Бүгінгі күнге дейін аталған саладағы өнім көлемі 31,1 млрд теңгеге жетті» - деді спикер.


Бүгінгі таңда ауданда шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 5 520 бірлікті құрап отыр. Сонымен қатар, ел Президентінің «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында ауданда биыл 401 жұмыс орны ашылған. Айта кетейік, аудандағы жалпы халықтың 18 мыңы экономикалық белсенді. Оның ішінде 17 мың азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.


Аудандағы инфрақұрылым саласында да бірқатар оң өзгерістер бар. Бүгінгі таңда аудандағы табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 62,1% болса, жыл соңына дейін нәтижені 86%-ға жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының 97,8%-ы таза ауыз сумен қамтылған. Сондай-ақ, ауданда 2024 жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» серіктестігінің инвестициялық бағдарламасына сәйкес, 5 елді мекенде 13 шақырым әуе желілері мен 512 бағана орнатылған.