26 қар, 2024 сағат 16:12

Тоқаев Қазақстан армиясында кадрлық ауыс-түйіс жүргізді

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қарулы Күштеріндегі кадрлық өзгерістер туралы үкімдерге қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.

Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Асан Жүсіпов пен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Қуанышбек Ұштаев қызметтерінен босатылды.

Енді Құрлық әскерлерін Мереке Күшекбаев басқарады. Ол Алматы әскери училищесін, Ұлттық қорғаныс университетін және Ресей Бас штабы академиясын бітірген. Әр жылдары әскери бөлімдерді басқарған, десанттық-шабуылдау әскерлеріне қолбасшылық еткен және жауынгерлік даярлықпен айналысқан. 2023 жылдың қарашасында Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған. «Данк», «Айбын» II дәрежелі ордендерімен және медальдармен марапатталған.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің жаңа қолбасшысы болып Ержан Ибраев тағайындалды. Ол Алматы жоғары әскери училищесін «мотоатқыштар әскерлерінің командалық тактикалық» мамандығы бойынша тәмамдаған, сондай-ақ Ұлттық қорғаныс университеті мен Ресей Бас штабының әскери академиясында білім алған. Әскери мансабында лейтенанттан полковникке дейінгі жолдан өтті, взводтар мен әскери бөлімдерге басшылық етті. 2023 жылдың қарашасынан бастап «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметін атқарған.

Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрін қабылдады. Руслан Жақсылықов президентке армияның жағдайы, мемлекеттік қорғаныс тапсырысы және бітімгершілік миссия туралы баяндады.