29 қар, 2024 сағат 22:01

Мақтаарал ауданында биыл 90 мың тоннадан астам мақта жиналған


Фото: Gov.kz.


Мақтаарал ауданында 2024 жылдың 10 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 107 млрд теңгені құраған. Оның ішінде, ауыл шаруашылығында - 76,5 млрд теңге, құрылыс саласында - 8 млрд 39 млн теңге, өнеркәсіпте - 10,9 млрд теңге, сауда көлемі - 10,8 млрд теңгені құрады. Бұдан бөлек, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 32,1 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 120,6%-ға орындалған. Бұл жайында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.


«Биыл Мақтааралдық диқандар 60,6 мың гектар жерге егістік ексе, оның 33,7 мың гектары мақта дақылына тиесілі. Жалпы аудан бойынша 90,4 мың тонна ақ алтын жиналып, орташа өнімділік 26,8 центнерді құрады. Мақтаарал ауданы бойынша 2024-2030 жылдарға жалпы құны 94,1 млрд теңгеге 53 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде, мақта-тоқыма кластерін дамытуда жалпы құны 70 млрд теңгені құрайтын 8 ірі жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 3 020 адам жұмыспен қамтылады. Тарқата айтсам, «Cotton Мақта» ЖШС тарапынан 2025-2026 жылдар аралығында жылдық қуаттылығы 10 мың тонна болатын жіп иіру фабрикасы салынады. Сонымен қатар, «Global Textile Turkestan» ЖШС тарапынан 13,8 мың тонна жайма өңдеу фабрикасын салу көзделген. «Тulpar textile» ЖШС тарапынан да 2025-2028 жылдары 5 мың тонна жіп иіретін фабрика салынбақ. Сонымен бірге, «Нұрбибі» ЖШС мақта өңдеу зауытын, «Begash» ЖШС тұқым, тамшылатып суғару таспасын өндіру және «Zhybek TextilE» ЖШС жібек өндіру фабрикаларын іске асыруға ниетті»,- деді Бақыт Насырханұлы.


Спикердің сөзінше, аудандағы Үлгілі елді мекенінде «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектеп жыл соңында пайдалануға беріледі. Ал, Атакент кентіндегі 1500 орындық мектептің құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі. Сонымен қатар аудандағы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін 87 тұрғын үй кезекте тұрған отбасыларға жыл соңында табысталмақ.


Бұдан бөлек, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 5 медициналық нысанның құрылыс жұмыстар жүргізіліп жатыр.


Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы барлық 68 елді мекен 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Сондай-ақ, 68 елді мекеннің 45-і табиғи газбен қамтылған, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 66,1%-ын құрайды. Бұдан бөлек, ауданда «Ауыл – Ел Бесігі» бағдарламасы аясында 10 айда 20,7 шақырымды құрайтын 22 көшенің ішкі көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.