09 қар, 2023 сағат 13:04

Мәскеуде пранк жасағаны үшін сотталған қазақстандық блогер бостандыққа шықты

видео кадры

Мәскеуде көлік ұрлығы пранкі үшін 3,5 жылға сотталған қазақстандық блогер Айдын Түсіпов бостандыққа шықты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Ақмола облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Айдын Түсіпов 2023 жылғы 14 қыркүйекте Ақмола облысы бойынша ҚАЖД №1 мекемесінен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Тұрғылықты жері бойынша Қарағанды қаласына кетті», - деді Ақмола облысы бойынша ҚАЖД баспасөз хатшысы Ирина Горнова.


2021 жылы наурызда блогер Айдын Түсіпов, Рамир Хасанов және Ерсін Дүмшебай Мәскеуде жүріп, премиум-класс такси шақырады. Жүргізуші олардың өтініші бойынша жүктерін багажға салып жатқан кезде блогерлердің бірі жолаушының орнына, екіншісі жүргізушінің орнына отырып, көлікті айдап кетіп қалған. Үшіншісі сырттан видеоға түсіріп тұрған. Бірнеше минуттан кейін олар қайтып келіп, жүргізушіге бұл пранк екенін айтқан.

Қазақстандықтар сол күні ұсталады. Ал қарашада Мәскеудің аудандық соты қазақстандық блогерлерді 3,5 жылға бас бостандығынан айырды.

видео: akhmadov Youtube арнасынан