Мәскеу билігіне қарайтын "Электронная Москва" компаниясы қалаға "бақылау жүйесі техникасын" сатып алу үшін тендер жариялады. Келісімнің ең жоғары құны - 1,2 млрд рубль. Бұл ақпаратты мемлекеттік сатып алу сайтына сілтеме жасаған "Коммерсантъ" басылымы хабарлады.
Қала билігі сатып алайын деп отырған құрал-жабдықтар тізімінде сервер, трансиверлер, коммутатор және деректі сақтау жүйесі бар. Аукцион жеңімпазы 18 қарашада анықталады.
Мәскеу билігі қаладағы барлық камераны (домофон, бағдаршам, подъезд, вокзалдар, қоғамдық көліктердегі камералар да) біріктіріп, біртұтас видеокеңістік жасамақшы. Бағдаршамға орнатылған жүйе мысалы, жаяу жүргіншілерді бет әлпетінің кескіні арқылы анықтап, рульде отырған жүргізушінің не істеп отырғанын, белдік таққанын-тақпағанын біліп отырады.
Адамды бет әлпетінің кескінінен анықтайтын технологияны Мәскеу билігі 2017 жылдан бастап орната бастаған. Биыл мамыр айында Мәскеу мэрі Сергей Собянин қалада екі мыңнан астам ақылды камера орнатылғанын хабарлаған. Қаланы тұтас бақылауға алу идеясы толық жүзеге асса, Мәскеу Қытайдан кейінгі әлемде қатты бақыланатын орындар қатарына енеді.
Мәскеу қаласының 2019 жылғы бюджетінде бақылау жүйесін қамтамасыз етуге 7,5 миллиард рубль қаражат қарастырылған. Бұған қоса, алты миллиард рубль деректерді өңдеу орталықтарына жұмсалады. Ақылды камералардың деректерін құқық қорғау органдарынан бөлек, федералдық сот қызметкерлері де көре алады.
Бұған дейін Мәскеу тұрғыны, азаматтық белсенді Алена Попова соттан адамды бет әлпетінің кескінінен анықтайтын технологияға тыйым салуды сұраған.
Попованың ойынша, Мәскеу билігінің әрекеті заңсыз себебі, азаматтардың аты-жөнін анықтауға көмектесетін деректер биометрикалық деректер қатарына кіреді. Бұдан бөлек, белсенді Ресей билігі азаматтардың жеке өмірінің құпиялылығына кепілдік беретін Конституцияны бұзды деп санайды. 6 қарашада Мәскеудің Савелев соты Попованың өтінішін қанағаттандырмады.