Фотоколлаж Azattyq Rýhy
3 қазанда Қазақстанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және жол қозғалысын реттейтін заңнамаға елеулі өзгерістер енгізетін заңдарға қол қойылды. Бұл өзгерістердің негізгі бөлігі биыл 4 желтоқсанынан бастап күшіне енеді. Ал 2025 жылдың 4 сәуірінен бастап мопед иелеріне қатысты жаңартулар қолданыла бастайды.Заңдағы бірқатар өзгерістер ел аумағындағы мопед тізгіндеген жүргізушілердің назарын аударып отыр. Олар бұл заңнамалық нормаларға пікір білдіріп, «мопед тізгіндеу күнкөрістің қамы» дейді.
Өткір Тастеміров нәпақасын мопедтің көмегімен тауып жүр. Ол жеткізуші (курьер) болып жұмыс істейді. Мопед айдағанына 6 жыл болғанын айтқан Өткір «әлі бірде-бір рет жол ережесін бұзбадым, жол этикасын сақтайтмын» дейді. Тек:
«Жаңа өзгерістер менің күн көрісіме кері әсер тигізбесе екен деген үміттемін. Бірақ жаңа заңдағы А1 жүргізуші куәлігін алуды мақұлдаймын. Өйткені қазір Алматы көшелерінде мектеп жасындағы балалар да мопедпен жүреді. Олардың өздеріне де, айналадағы адамдарға да зияны келетін оқилар болады. Осы заңнама оқыс оқиғалардың алдын алса жақсы. Дегенмен көлік жүргізушілері де мопед тізгіндегендерге құрметпен қарайтын заң болса деймін», - дейді Өткір Тастеміров.
Оның сөзінше мопед жүргізушілеріне кейбір көлік иелері теріс қабақ танытып, кейде жол бермейді екен. Ал, жаяу жүргендер мопед тізгіндегеннің жолын қорықпай кесіп өтетін көрінеді.
Өткір Тастеміров «жаңа заң жаяу жүргіншілер мен автомобиль айдайтындардың ғана емес, сондай-ақ мопед жүргізетіндердің де ыңғайына қарастырылса» дегенді айтты.
Ал ҚазАТЗУ студенті Сейітжан Шерназаров мопедті сабаққа баратын жолды қысқартатын көлік деп қарайды. Ол тек заң күшіне енгесін мопедті тіркеу талаптарына уайымдайды.
«Мен мопедті тек сабаққа барып келуге ғана мінемін. Өйткені, кейде қоғамдық көліктер кешігіп келеді. Әсіресе қыс кезінде қоғамдық көлікті ұзақ күтуге тура келеді. Қыста Астанада мопедпен жүрген қиын. Дененмен, үйреніп алсаң қиындық байқалмайды. Жаңа заңды қолдаймын. Себебі бұл көлік құралы мектеп оқушысының ермегі емес. Менің өзімде жүргізуші куәлігі бар. Сондықтан маған қиындық тудырмайды. Мені ойландыратыны, көлікті тіркеу кезеңі. Тіркеу қалай және қандай талаптармен өткізілетіні туралы хабарсызбын», - деді студент.
Сейітжан Шерназаров осы уақытқа дейін мопедпен жүргенде екі рет оқыс оқиғаға тап болыпты. Бірақ өзіне де айналадағы адамдарға да зиян жетпеген. Ол жаңа заң осындай оқиғалардың алдын алуға қызмет ететініне сенімді екенін жеткізді.
2023 жылы Республика жолдарында мопедтердің қатысуымен 750 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 39 адам көз жұмып, 730 адам жарақат алды. Бұл деректі осыған дейін Мәжіліс депутаттары айтқан болатын.
Мопедтерге қатысты заңға бірқатар өзгерістер жыл басынан бері талқыланып келген еді. Осы жылдың 3 қазанында жаңа заңға қол қойылып, мақұлданды. Бұл туралы, 18 қарашада өткізілген брифингте Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев мәлімдеді.
«Тағы бір маңызды өзгеріс – мопедтерді міндетті мемлекеттік тіркеуді енгізу. Енді мопед тізгіндеген жүргізушілерге көлік құралын тіркеу процедурасынан өтіп, сонымен қатар А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алу қажет. Егер жүргізушіде А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі болса, оның мопедті басқаруға априорлық құқығы бар», - деді ол.
Өзгерістерге сәйкес, көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталған жүргізуші куәлігі жоқ тұлғалар 7 жыл бойына жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыра алмайды. Дәл осындай тыйым медициналық тексеруден өтуден бас тартқандарға да қолданылады.
Сонымен қатар, Шыңғыс Әлекешев енгізілген өзгерістер бірінші кезекте жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға және көлікті алкогольдік немесе есірткі кесірінен масаң күйде басқаруға байланысты құқық бұзушылықтардың санын азайтуға бағытталғанын атап өтті.