Ұлттық қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысында әскери қызметін өтеп жүрген сарбаз өлімінің алдын ала себебін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Алдын ала ақпарат бойынша, суицидтің себебі әскери қызмет өткерумен байланысты емес отбасылық-тұрмыстық проблемалар болған", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, құқық қорғау органдары қажетті тергеу амалдарын жүргізуде.
Естеріңізге сала кетейік, 4 маусымда әскери борышын өтеп жүрген 19 жасар сарбаз асылып қайтыс болды. Қайғылы оқиға Маңғыстау облысындағы, Бейнеу шекара бекетінде болған. Сарбаздың мәйіті бүгін таңғы 5 шамасында асулы тұрған күйінде табылған.
Қатардағы жауынгердің қойын дәптерінен, ата-анасына, ағалары мен туыстарына арналған жеке-жеке жазба табылған.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілегеніне ерекше назар аударды.
"Мемлекет басшысы осындай келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмау үшін өзінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің басшылығымен арнайы комиссия құруды тапсырды", - деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.