Абай атындағы ҚазҰПУ «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі Азия Жұмабаева «Әліппе» жаңа оқу бағдарламасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әліппе» жаңа оқу бағдарламасы Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымдары негізінде жасалды. Сол ұстанымдардың бірі – дыбыспен жаттығу. Яғни, дыбыспен жаттығу «Әліппеге дейінгі» кезең міндеттерін қою мен білім мазмұнын анықтауда тікелей басшылыққа алынды. Ахмет Байтұрсынұлы балаларға алдымен әріп көрсетпей тұрып, дыбыспен жаттықтыру қажет дейді. Себебі оқуға келген балалар сөйлеуді білгенімен, олар өз сөздерінің дыбыстан тұратындығын білмейді. Осы орайда дыбысты білмей тұрып, сөздің ішіндегі дыбыстарды тізбей тұрып, оқу мен жазуға үйрету қиын. Сондықтан дыбыспен жаттықтыру қажеттігі ескеріліп отыр», - деді А. Жұмабаева Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлының тәжірибе арқылы өзіндік білім алу ұстанымы басшылыққа алынды.
«Бұл тұрғыда оқушыға материалды шағындап беру, бетін мақсатқа қарай түзеп отыру деген негізгі қорытынды қағидасы бар. Осы принциптердің барлығы жаңа «Әліппе» оқу бағдарламасының құрлымдық, мазмұндық болмысын анықтауда, одан кейін олардың әрбір кезең бойынша мақсат-міндеттерін қоюда, білім мазмұнын айқындауда басшылыққа алынды», - деді кафедра меңгерушісі.
Өз кезегінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов «Әліппе» ұғымы қазақ халқының түсінігі мен дүниетанымында қастерлі пән ретінде қалыптасып қалғанын атап өтті.
«Егер әрбір азамат алғашқы мұғалімін қаншалықты қадірлейтін болса, қазақ азаматы «Әліппені» де сондай қадір тұтатын болған. Сондықтан «Әліппе» күн тәртібінен түсіп қалған кезде бүкіл халық болып осы оқулықты іздеді. Ал енді «Әліппені» қайтару - қазақтың рухани әлеміндегі жаңа оқиға сияқты көрініп отыр... Осының барлығының қазіргі кезеңге қайтып келуі – ұлттық рухымызды көтеруге ерекше әсер етеді. Алғаш оқулықты «а» әрпінен бастағаннан баланың жүрегінде ұлттық рух қалыптасатын болса, ол азамат ертең өз елінің үлкен патриоты болатыны айдан анық. Сондықтан әріптердің, дыбыстардың реттілігінің бәрі Ахмет Байтұрсынұлы анықтаған ұстанымдармен сәйкес келуі – бұл жаңа «Әліппенің» үлкен ұлттық рухтағы жаңалығы деп айтуға болады», - деді К. Матыжанов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Әліппені» енгізу 2021-2022 жылға жоспарланған.
Биыл тамыз айында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзгерістің аясында мектеп бағдарламасына сәйкес, 1-сыныптарға 1-2 тоқсан «Әліппе», 3-4 тоқсан «Ана тілі» енгізілетінін айтқан еді.