12 қар, 2024 сағат 16:21

Мектепке дейінгі білім беру саласында ваучерлік жүйе қандай өзгерістер әкеледі?

Фото: Pexels.com

2025 жылдан бастап барлық өңірдегі балабақшаларда ваучерлік қаржыландыру енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап ретінде Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Вице-премьердің айтуынша, мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін арттыру мақсатында балабақшаларда ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба іске қосылған. Бұл жоба аясында:

  • - ата-аналар балабақшаны өздері таңдай алады;
  • - меншік түріне қарамастан барлық мектепке дейінгі ұйымдар заңда көрсетілген талаптарға сай болған жағдайда мемлекеттік тапсырысқа өтініш беруге құқылы;
  • - қаржыландыру баланың балабақшаға нақты келуіне қарай бөлінеді («баланың соңынан ақша» қағидаты);
  • - бұл әдіс сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
«Тараз қаласында жүзеге асқан жобаның нәтижесінде 2 айдың ішінде (тамыз-қыркүйек) 600 млн теңге үнемделіп, балабақшаға келмейтін балалар алынып тасталды. Ең маңыздысы, бірнеше жыл бойы кезекте тұрған 2 жастан асқан 17 мыңнан астам балаға орын табылды. Қазіргі уақытта пилоттық жоба Шымкент қаласы мен Түркістан облысында жалғасуда, ал келесі жылдан бастап оны барлық өңірде кезең-кезеңімен енгізу көзделіп отыр. Пилотты жүзеге асыру кезінде мектепке дейінгі ұйымдардың жабылу жағдайы тіркелмеді, тек бала келмеуіне немесе жалған мәліметтерге байланысты қаржыландыру көлемі төмендеді», – деді Тамара Дүйсенова.


Оның сөзінше, 2024 жылдың 13 тамызында «Атамекен» ҰКП шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдарға ваучерлік жүйені енгізу талқыланды. Бұл кездесуге жекеменшік балабақшалардың құрылтайшылары, қауымдастықтар және өңірлік кәсіпкерлер палаталары қатысты.

«Жоба қатысушылары пилоттық жобаны қолдады және ваучерлік қаржыландыруға көшу мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік тапсырыстың ашықтығын қамтамасыз ететініне келісті. Осыған байланысты ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасының іске асырылуы жалғасады», – деп толықтырды вице-премьер.