Фото: Pexels.com
Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты полиция басқармасының кәмелетке толмағанды арнаулы білім беру ұйымына 1 жылға жіберу туралы арызы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды Ult.kz.
Арызда Қарағанды агротехникалық колледжінің 16 жастағы 2-курс студентінің сабаққа бармауы, ата-анасының ұлына тәрбие бермеуі, оған көңіл бөлмеуі және оқуын қадағаламауы туралы айтылған.
Сот анықтағандай, студент:
- - 71 жастағы науқас әжесіне күтім жасауына байланысты сабақты шынымен босатқанын және білім алғысы келетінін растады;
- - бейресми табысының бір бөлігін әжесіне беріп, қалғанын үй қажеттіліктеріне (отын мен көмір сатып алуға) және киім-кешекке жұмсаған;
- - есепте тұрмаған, қаңғыбастық, алкогольдік ішімдіктерді немесе есірткі заттарын тұтыну фактілері байқалмаған, қоғамдық тәртіпті бұзбаған, қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, полициялық есепте жоғын растады.
Сондай-ақ баланың ата-анасы тәрбиесіне көңіл бөлмеген және оған қамқорлық көрсетпеген, басқа қалада тұрып жатыр.
Анаға “Кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу, оқыту және бағып-қағу бойынша өз міндеттерін орындамаған ата-ана» санаты бойынша есепке алынып, алкогольдік ішімдіктерді ішкені және ата-анасының баланы тәрбиелеу, оқыту және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылды.
Студенттің әкесі ата-ана ретінде ұлына дұрыс көңіл бөлмегені үшін кінәсін мойындап, басқарманың мәлімдемесімен келіспейтінін білдірді.
"Прокурор арыздан бас тарту туралы шешім қабылдады. Осыны ескерген сот полиция басқармасының арызын қанағаттандырудан бас тартты. Алдағы уақытта кәмелетке толмағандардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында уәкілетті органдарға арнайы ұйғарым шығарылды. Сот әлеуметтік және отбасын дамыту ұйымдарымен бірлесіп кәмелетке толмағанды кешкі мектепке қабылдау шараларын қабылдады", - делінген хабарламада.
Шешім заңды күшіне енді.