Фото: Полиция
Атырау облысында жоғалған бір отбасыға қатысты резонансты іс жаңа кезеңге өтті. Санжар Әділов мәжіліс кулуарында аталған қылмыс бойынша соңғы мәліметтерді жария етті, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұған дейін ІІМ
баспасөз қызметі Индонезияның Ломбок аралындағы Сенару ауылында Атырау
облысында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген ер адамның ұсталғанын
хабарлаған болатын. Кейін оның бұрын хабар-ошарсыз кеткен, халықаралық іздеуге
жарияланған бұрынғы жұбайы да табылғаны анықталды.
Вице-министрдің
айтуынша, күдіктілерді Қазақстанға қайтару мәселесі шешіліп жатыр.
«Оларды Қазақстан Республикасына қайтару мәселесі қаралуда. Жұбайлардың екеуі де күдікті ретінде танылып отыр. Із-түссіз жоғалған тағы екі адамды іздеу жалғасуда. Атырау облысында арнайы жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде», – деді Санжар Әділов.
Қайғылы оқиға қалай өрбіді?
Қаңтар айының
басында Атырау облысында ерлі-зайыпты мен олардың ересек балалары жұмбақ
жағдайда жоғалып кеткені белгілі болды. Облыстық полиция департаменті Мақсот
Қарабалин, Нәсіп Өтешқалиева, Мирамгүл Қарабалина және Наурыз Мұқанғалиевке
іздеу жариялаған еді.
6 қаңтар күні
Атырау облыстық полиция департаменті ерлі-зайыптының өлі табылғанын мәлімдеді.
Ал олардың ұлы мен қызы әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр.
Кейін Құқықтық
статистика және арнайы есепке алу органдары комитеті порталында күдікті ретінде
Сұлтан Сәрсемалиевке қаза тапқан
ерлі-зайыптының күйеу баласына қатысты ақпарат жарияланды. Оған және оның
жұбайына халықаралық іздеу жарияланған.
Тергеу барысында полиция марқұм зейнеткерлердің денесінде пышақ жарақаттары болғанын хабарлады. Бұл дерек істің қасақана жасалған қылмыс екенін айқындай түседі.
Тергеу жалғасуда
Қазір қылмыстық
іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Күдіктілер Қазақстанға
экстрадицияланғаннан кейін істің жаңа қырлары ашылуы мүмкін.
Бұл іс қоғамда
үлкен алаңдаушылық туғызды. Қос зейнеткердің қаза табуы, балаларының із-түзсіз
жоғалуы және күдіктілердің шетелден табылуы оқиғаның ауқымы мен күрделілігін
көрсетеді.
