Фото: ашық дереккөз
Батыс Қазақстан облысында ауыл жолдарын жөндеуге бөлінген 56,5 миллион теңгені жымқырғандардың ісі сотқа жолданды. Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаменті бюджет қаражатын иемдену фактісі бойынша жүргізілген тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2023 жылдың наурыз айында Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Сапак» өндірістік кооперативі арасында Жымпиты ауылындағы жолдарды күрделі жөндеу туралы 259 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Алайда «Сапак» кооперативінің директоры мен «Ак-Би» ЖШС басшысы өзара сөз байласып, сеніп тапсырылған мемлекет қаражатын иемденудің қылмыстық схемасын ұйымдастырған. Күдіктілер орындалған жұмыстар актілеріне асфальт төсеу, жер қазу, бетондау және су құбырларын жүргізу жұмыстары толық атқарылды деп жүйелі түрде жалған мәліметтер енгізіп отырған. Іс жүзінде бұл жұмыстар мүлдем орындалмаған немесе көрсетілген көлемнен әлдеқайда аз атқарылған.
Осы жалған актілер негізінде аударылған бюджет қаражаты кейін қылмыстық схемаға қатысушылар арасында бөлініп, мемлекетке 56,5 млн теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.
Сот санкциясымен күдіктілердің бірінің пәтеріне тыйым салынып, оларға қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Айта кетерлігі, бұған дейін аталған мемлекеттік мекеменің басшысы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін сот үкімімен кінәлі деп танылған болатын. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды.
