Фото: Zakon.kz
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, Көкшетау қаласында агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне берілген мемлекеттік субсидияларды заңсыз алғандар сотталды, деп хабарлайды Ult.kz.
"МолПродЖаркаин" ӘКК директоры мен "Рассвет" шаруа қожалығының басшысы екі жыл бойы сүт және оны терең өңдеуге арналған субсидияларды заңсыз алған.
Агенттік мәліметінше, "Рассвет" шаруа қожалығында субсидия талаптарына сәйкес сүт өндіруге жеткілікті мал басы болмаған. Дегенмен, ақпараттық жүйеде "МолПродЖаркаин" ӘКК-не 3 млн кг-нан астам шикі сүт жеткізілгені туралы жалған электронды шот-фактуралар рәсімделген.
Осы құжаттар негізінде сүтті сары май және қатты ірімшікке өңдеу туралы есептер жасалып, уәкілетті орган өтінімдерді мақұлдаған соң қаражат кәсіпорынның есепшотына аударылған. Мемлекетке келтірілген жалпы залал – 152 млн теңге.
Агенттік атап өткендей, алынған субсидиялардың бір бөлігі сотталушылардың бірінің туысының депозиттік шотына аударылып, кейін оған мобильді ғимарат сатып алынған.
Тергеу барысында 6 жер учаскесіне, 4 пәтерге, 11 автокөлікке, мобильді ғимаратқа және өндірістік нысанға тыйым салынды.
Сот үкімі бойынша екі сотталушы 6 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды. Мобильді ғимарат мемлекет кірісіне тәркіленді. Қалған мүлікке салынған тыйым азаматтық талап толық орындалғанға дейін сақталады.
Үкім заңды күшіне енді.
