Қырғызстан Жогорку Кеңешінің депутаты Айбек Осмонов Қырғызстанда кедейшіліктің 25 пайыздан 38 пайызға көбейгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық.
Қырғыз парламенті баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, Айбек Осмонов бұл туралы 20 маусымда халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік пен көші-қон комитетінің отырысында айтқан. Депутат мұны БҰҰ мәліметтеріне сүйенгенін ескертіп, Қырғызстанда жұмыс орындарын ашуға шақырған.
Бұған дейін БҰҰ-ның тақыр кедейлік пен адам құқығы мәселері бойынша арнаулы баяндамашысы Оливье де Шуттер Қырғызстанған барып, қырғыз үкіметінің кедейшілікпен қалай күресіп жатқанын зерттеген. Ол қорытынды баяндамасын БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша кеңесіне 2023 жылы маусым айында ұсынады.
БҰҰ сарапшысы "инфляция асқынып тұрғанда ақша аударымдарының күрт азайғаны - Қырғызстанда күнін әрең көріп отырғандардың табысына одан сайын қауіп төндіреді" деп санайды және бүгінде Қырғызстанның әрбір төртінші тұрғыны кедейлік шегінде отыр, 2022 жылы күшейіп тұрған инфляцияға байланысты ондай азаматтар 35, тіпті 38 пайызға дейін көбейе түседі" деп ескертеді.
Дүниежүзілік банк есебіне қарағанда, Қырғызстан кедей елдер арасында алпысыншы орында тұр. Рейтинг Қырғызстан халқының 53 пайызы тақыр кедей екенін көрсеткен.
Қазақстан бұл есепте, бес пайыз тақыр кедейімен 122-орында тұр. Қазақстандағы кедейшілік деңгейі Нигерия, Ангола, Венесуэла және Габон деңгейінде. Қазақстан үкіметі өткен айда "адамдардың белсенділігін төмендетпес үшін ең төменгі күнкөріс минимумын қайта қарамайтынын" мәлімдеген.