Қазақта «Көне сөз – жаңа сөздің қазығы» деген аталы сөз бар. Бір естігенде нағыз болмысын байқатпағанмен, бақсаңыз, осы сөзде озан-озан ой жамырап жатқандай. Яки, жаңа сөз де бір, кәдімгі ат та бір: айналып-айналып қазығын табатын. Оның бер жағында атам қазақ: «Дүниеде сөзден көне, сөзден берік ескерткіш жоқ» деп тағы тәпсірлейді. Тіпті, сөздің қасиетін бағзыдан бүгінге, бүгіннен ертеңге күмбірлеп тұрар ұлы уақыттың тәбәрігі – тарихтың ескерткішіне балайды. Демек, көне сөзде көп сырдың құлпы жатқаны хақ. Міне, сол сөздің бір парасын көшпенділік өмірдегі төрт түліктің төңірегінде өрбіткенді жөн көрдік.
«Күрде» неге «күрделенген»?
Әңгімені бірден бұлай өрістетуіміздің де алабөтен себебі бар-тын. Ауылда тұрғасын арагідік ауылдастарыңның аузына қарап, солардың айтқан әралуан тақырыптағы әңгімесіне құлақ түресің. Кейде, тұшымды сөзге қарық болып, өз керегіңді қалағаныңша олжалап бір байып қалсаң, ал кейде керісінше, өз білгеніңді ептеп өзгеге ұсынуға мүмкіндік аласың. Міне, осындай сәттердің бірінде әдеттегідей талас сөз «күнде» мен «күрде» атауының төңірегінде өрбігені бар. Әркім өз пікірінің дұрыстығын алға тартып, ақыры бір-біріне жеңістік бермей тарқасқан-ды.
Енді, сол «даудың» нүктесін көп деректің көңілге қонымды бір дәйегімен қоюды дұрыс деп таптық. Ол үшін әуелі жаңағы айтылған «күнде» мен «күрде» атты екі дербес атауды сөздікке тоғытып кеп жіберсек, бірден күрденің мәні айқындалады. Яки, сөздіктер үлесіндегі оның мәні – асау биені сауғанда теуіп жібермеуі үшін артқы аяғын шашасынан іліп алып, мойнына салып байлап қоятын жіп дегенді білдіреді. Ол үшін қазақтың «Асауға тұсау, тебегенге күрде, тарпаңға бүкпе» деп келетін мәтелге бергісіз мәйекті сөзін дерекке келтірсек те, аса аусай түсіп жаңыла қоймаспыз. Мұнда да тебегенге «күрде» деп анық айтылған. Ал зердесі тұтқыр, зейінді оқырман – сізге, екінші сөздің арнайы түсіндірмесіз-ақ мәні айқын болса керек. Дәп-дәл уақыттық өлшемі ғана. «Күнде» деп күнде айтылып жүрген сөз. Болмаса, ауыспалы мағынада біреуді өсектеу, көптің көзінше көлденең сөзге қиып кеп жіберу деген сөз. Ал «күрде» сөзі бұдан тым күрделі атау.
Күрделі демекші, осы сөзді егер сізге «күрде+лі» деп тарқатып берсек, ой талқыңыздан тәп-тәуір тұжырым туындайтыны ақиқат. Яғни, ұлттық сөзжасамда бағзыдан келе жатқан сөз тудырушы «лы, лі, ды, ді, ты, ті» жұрнақтарының барын білеміз. Олардың былайғы сөзді қойғанда, Алмалы (алма+лы), Қарағанды (қараған-ды), Абыралы (абыра+лы) сынды жер аттарында да көп ұшырасатынын айта кету ләзім. Рет-ретімен түсіндіре кеткенде, алмасы көп жер, қарағанды мекен, арпалы тау деген мағыналарды беретіні әмбеге аян. Демек, «күрде» түбір сөз тудырушы «лі» жұрнағының көмегімен дербес «күрделі» сөзін түзген. Егерде, сіз тебеген күрделеп көрген жан болсаңыз, оның қиыншылығының бір басына жетіп артылатынын айта келіп, осы атаудан біз үнемі айтатын «күрделі» сөзінің шыққанына келісерсіз.
Неге «бүкпесіз» дейміз?
Осы ретте, бұл сұраққа толыққанды жауап бере кетуді ойладық. Ол үшін жоғарыда мысал еткен «тарпаңға бүкпе» деген сөзді де ашып айта кетуді құп алдық. Иә, «бүкпе» де, сіз, ойлағандай тек жылқы малына айтылған сөздің бірі. Шу асау, тарпаң биелерді алғаш сауарда алдыңғы аяғын бүгіп, соны жазғызбай көтере ұстап тұруға арналған тұйық қайыс (немесе жіп). Мұндайда, «аталған атаудың бүгінгі «бүкпесіз» деген сөзге қатысы бар ма?» деген ұры сауалдың пайда болатыны анық. Онда сізге тағы логикалық қабілетіңіз септеседі. Мүбәдә, бір аяғы бүгілген жылқы иесін көсіліп тарпи алмаса, оған жалғыз ақ себеп – бүкпе болмақ. Ал адамның әңгіме, немесе сыр айтуында бүкпесіз әңгіменің болу-болмауы – жылқыға қолданған тұйық қайыс секілді ойды бүгетін бір фактордың болғандығынан деп біліңіз.
Бұрындары, сірә, «тізеңнен сүрінсең де, тіліңнен сүрінбе», – деп тәлімдейтін қазақтың әрбір ұл-қызы мұндай қисындарға аса жүйрік болса керек. Оның дәлелі – соқырға таяқ ұстатқандай ұстыны бөлек ұлағатты сөздер. Бәрі бағдарлы ойдан, парасатты кеудеден сам жамырап шыққан сәуледей айқын. Сезер жүрек, тоқыр көңіл болса.
Көбең мен Көмпек
Тағы айталық. Әдетте біз малдың шала тойынысына келгенде алабүйрек, сыла, шалаң, көбең деп көп шұбыртып айта жөнелгенімізбен бір ізділігінде қайсысының қандай түлікке қаратыла айтылатынын біле бермейміз. Мәселен, шалаң сөзі көбіне ұсақ малдарға қарата айтылса, сыла, алабүйрек тойынған мал деп сиырды атаған. Ал көбең ғана тойынған деп жылқы малының «бір терлік» ғана тойынсын бейнелеген. Мұны қазақ «көбеңді көр де қой» деп те сипаттаған. Оның мәні – қысқа уақыт аралығында ғана көбең тойынған айтұяқтың сырткөзге жүні жылтырап, әдемі көрініп тұрғанымен, еш мініске жарамайтынын айтқаны-тұғын.
Ал қазір ше? Көптің бәрі қойын, сиырын, түйесін де көбең тойынған деп айтуға әуес. Ал осындағы түйеге байланысты қолданбай қоңырайып – «көнеріп» кеткен атауға тоқталсақ, ол – «көмпек» сөзі. Бұл да, сыла, шалаң, алабүйрек, көбең сынды Ойсылқара түлігінің шала тойыныс атауы. Байыптап қарасаңыз, бәрі де орын-орнымен жіпке тізген маржандай әдемі сөздер. Тек, біздің немқұрайдылығымыздан солардың қатары сиреп әм көнеріп, қадау-қадау болып өздері қалғандығын «көбеңдерден» байқайсыз.
Көбеңді айтпақшы, осы сөз жадыңызда болса, атақты ақын Әсет пен Ырысжанның айтысында кездеседі. Онда Ырысжан:
Осы ма атақты ақын Әсет деген,
Бере ме өнер пайда көрсетпеген.
Топастау торшолақтың
біреуі ғой,
Мұны кім шын жүйрік деп
есептеген?
Бәйгеде жүлде бермес
жүйрік десем,
Семірген ақша майлап
көбең екен.
Көрінді көбеңдігің келмей
жатып,
Ер түгіл әйелден де
болдың төмен,
– деп орынды әзілмен, тапқыр теңеумен Әсетті қағытады.
Мұнда «көбең» сөзі Әсетке қарата, құр атақпен семірген біреу екенсің ғой, шамаң белгілі болды деп, ақынның намысын жану мақсатында айтылады.
Сөздің орайы келгенде және сүзейік. Көшпелі қазақ өмірі үшін төрт түліктің ішінде ішсе – сусын, мінсе – көлік, жесе – азық, тоңса – киім болған жылқы малының жөні бөлек-ті. Сосын да данагөй халқымыз Қамбар ата түлігін айрықша қастерлеп, оның атауын түрліше айтұяқ, алмауыт, қыдыржал, қылқұйрық, жұнт деп атап кеткен. Осы бір-ақ мысалдан-ақ бабаларымыздың сөзге қаншалық ұста, ойға қандай кенен болғанын байқауға болатындай.
Осы арада «жұнт» деген сөзді қарастырсаңыз, бұл сөз бүгінде көнерген сөздер қатарына еніп үлгерген. Тіпті, көшеден кез келген бір қазақты тоқтатып «жұнт» деген сөзді білесің бе десеңіз, үрке қарап: «жоқ» деп салқын тіл қататыны рас. Тіптен, мұны қала тұрмақ, қыр қазағына барып айтсаң да, түсінуі неғайбыл? Ал «жұнттай» деңізші, екі қазақтың бірі таниды бұл сөзді. Иә, дәл-дәл соғымның кезінде жиі айтылады. «Жұнттай болып тойыныпты», деп.
Көрдіңіз бе, бір сөздің астарына үңіліп, «бұл неге осылай айтылады екен», «сондай семіз ол не нәрсе?» деп бір сәтке бас қатырар бір қазақтың жоқ болуы, шынымен де алаңдауға тұрарлық жайт-ты. Оны айтамыз-ау, бұрындары қазекемде тағы түйеге қатысты, нар, үлек, қоспақ, айыр, жар сынды көп атаудың болғаны белгілі. Соның ішінде бүгінгі күні «жар» сөзінің Ойсылқара түлігіне байланысты атауларда көп қолданыла бермейтіні қынжылтады. Алда-жалда сіз мұны да көнерген сөздің кебі деп біліп, жатырқай қарасаңыз. Оған да айтар уәжіміз дайын. Жайшылықта ел аузында «Жардай болып тойыныпты», «жардай екен» деген сөздерді жиі еститініңізді еске сала отырып, осындағы «жардай» сөзінің біз тілге тиек етіп отырған «жар» зат есімдігінен жасалғанын айта кетпекпіз. Міне, мұндай сөздер біздің сөздік қорымызда көптеп кездеседі.
P.S. Біздің сөз басында бірден «көне сөз – жаңа сөздің қазығы» деп ауыз толтыра айтуымыздың сыры да осында. Ұлтпен бірге жасасып, ел тарихына тиянақ болған мұндай сөздер әмсе мұнымен біткен емес. Олар уақыт қолы қазған сайын қопси, қобырай түсіп бос топырақта таласа көктеген көк майсадай түрленер, түлер еді: егер бізде соған салар назар болса. Оның бер жағында, «адамды адам еткен ой мен сөз» деген тәп-тәуір лепестің де осы ретте айтылуы керек секілді. Яки, аталы сөзге баба тарихын сыйлаған, адам атын арқалаған әрбір қазақтың қамқоршы болғаны керек-ақ, шіркін?!
Тақырыпқа тұздық
Екі көзі соқыр бір кісі адамдар жиі жүретін орында таңертеңнен кешке дейін отырып, қайыр сұрайды. Онда да әлгі кісі мойнына «мен соқырмын, құдай үшін көмектесіңдер», – деп жазылған қатырма қағаз іліп отырады күнұзақ. Сөйте тұра, жолай өтетін адамдардың арасында соқырды аяп, тиын-тебен тастайтындар сирек еді. Содан болар, ол ерте келіп, қасқарайғанша үміт арқалап отыратын да қоятын.
Бірде әлгі кісінің жанына келіп тоқтаған бір қыз оның мойнына ілген қатырма қағазын сұрады. Бұл неге керек деген оймен таңданса да, соқыр оған қағазды берді. Әлгі қағаздағы жазуды басқа жазумен өзгерткен қыз қатырма тақтаны өзіне қайтып берді де жөніне кете барған.
Сол-ақ екен жанындағы картон қорапқа тиындар сыңғырлап түсе бастайды. Тіпті, өткен-кеткендердің бәрі дерлік тоқтап, тиын тастайды. Осылайша кешке дейін оның картон қорабы тиынға толады. Ал зағип мұның себебін түсіне алмай аң-таң болады. Осы сәтте кешкілік жұмыстан қайтқан бағанағы қыз оның қасына келіп тоқтайды да: «міне, көрдіңіз бе, енді бәрі басқаша», – дейді.
Оның дауысынан таныған соқыр «сен не істеп қойдың, маған осы арадан өткен жұрттың бәрі тиын тастап жатыр?» – дейді таңырқап. Қыз оған «мен бар болғаны мойныңызға ілінген тақтадағы сөзді басқа сөзге ауыстырып жаздым», – деп жауап берді. Ол бұрынғы сөздің орнына: – «Қайырымды жан, сіз көре аласыз ғой, айтыңызшы: мына дүние қандай тамаша, бірақ мен оны көре алмаймын», – деп жазған еді. Міне, бұл шын мәніндегі сөздің құдіреті-тұғын.
Біле жүріңіз
Қазақы ұзындық өлшемдер:
Кез – шамамен 70 – 80 см.
Тұтам – бес саусақты жұмғандағы көлденең ұзындық.
Сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақты жазғандағы аралық.
Сынық сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақтың екі буыны бүгілгендегі аралық.
Қарыс – бас бармақ пен сұқ саусақты кере созғандағы аралық. кереқарыс – бас бармақ пен ортан саусақты кере созғандағы аралық. Аршын – шынтақтан саусақ ұшына дейінгі аралық.
Салақұлаш – үш құлаш.
Аттам – адымның созылыңқы түрі.
Қозыбай Құрман,
"Жетісу" газеті